Аймақтар • 31 Қаңтар, 2024

Даңқты батырлардың 100 жылдығы атап өтіледі

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы жылы даңқты батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын жергілікті атқарушы органдармен және білім басқармасымен бірлесіп кеңінен атап өту қажет. Бұл туралы Абай облысы Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нығмет Ахметұлы ардагерлер ұйымдарының төрағаларымен өткен кеңесте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Абай өңірлік әскери гарнизонына сілтеме жасап.

Даңқты батырлардың 100 жылдығы атап өтіледі

Өткен жыл қорытындыланып, алдағы 2024 жылы атқарылатын іс-шаралар талқыланған жиында Нығмет Ахметұлы ардагерлер ұйымдарының есебін тыңдап, жоспарға сәйкес атқарылатын тапсырмалар жайына тоқталды. Абай облысы Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің бастығы көктемгі және күзгі мерзімдегі әскери қызметке шақыру науқанына белсене қатысу, «Айбын» Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына сапалы дайындықты ұйымдастыру мен «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары республикалық ұйымымен бірлесіп тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу керек екенін атап өтті.

Былтыр облыста ардагерлердің қатысуымен 250-ден астам әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Жыл сайынғы дәстүрлі түрде өтетін «Айбын» республикалық  әскери-патриотық жастар жиынына әскери-патриоттық клубтардың, «Жас ұлан» мектеп тәрбиеленушілерінің және әскери қызметшілерінің балалары қатысып жатыр. Өткен жылғы жиын халықаралық форматта өткізіліп, облыстың намысын қорғаған «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубы жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар жыл сайын 1 қыркүйекте өңіріміздің барлық мектептерінде білім күніне арналған «Ерлік сабақтары» өткізіліп жатыр.

Жалпы, Абай облысында 300-ден астам әскери-патриоттық клубтар 7 мыңнан астам баланы қамтыса, 70-тен астам «Жас сарбаз» сыныбында 1350 бала тәрбие алып жүр. Ал үш «Smart Sarbaz» үйірмесінде 63 бала білім алады екен.   Абай облысы Қорғаныс істер жөніндегі департаменті жергілікті атқарушы органдармен, жалпы білім беретін мекемелерімен, қоғамдық ұйымдармен және ардагерлермен жоғары дәрежеде бірлесе жұмыс нәтижесін көрсетіп жүр.