Қоғам • 31 Қаңтар, 2024

«Қазақтелеком» жыл соңына дейін Tele2-ні сатады

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет операторлар арасында бәсекелестікті орнату және сапалы тарифке қол жеткізу үшін компанияға осындай талап қойған болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақтелеком» жыл соңына дейін Tele2-ні сатады

Фото: azattyq-ruhy.kz

«Қазақтелеком» 2024 жылы Mobile Telecom-Service байланыс операторын (Tele2/ALTEL брендтерімен) сатпақшы. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған «2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» қаулы жобасында айтылады.

Құжатты Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі әзірледі және 2024 жылдың 14 ақпанына дейін қоғамдық талқылауда болады.  

Қаулы жобасына берілген түсіндірме жазбадан келесідей, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС тікелей нысаналы сату туралы шешім 2024 жылғы 20 қаңтарда Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданды.

Құжатта сату туралы шешім «экономикалық өсуді ынталандыру және өндірістік базаны кеңейтуге және өндірісті жаңғыртуға бағытталған қосымша ресурстарды тарту қажеттілігіне» байланысты қабылданғаны атап өтілген.

Үкімет қаулысының жобасында 2024 жылы өтуі тиіс операторды мақсатты сату қарастырылған. Негіз ретінде экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның 20 қаңтардағы хаттамасы келтірілген.

Түсіндірме жазбада Tele2 және Altel компанияларын жекешелендіру «экономикалық өсуді ынталандыру және өндірістік базаны кеңейтуге және өндірісті жаңғыртуға бағытталған қосымша ресурстарды тарту қажеттілігіне» байланысты екені айтылған.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Цифрлық даму министрлігі өткен жылы «Қазақтелекомға» тиесілі екі оператордың бірін жекеменшікке сату қажеттігі туралы айтты.

Олардың айтуынша, «Қазақтелеком» сәйкесінше 80% және 60%-дан астамын алып жатқан тіркелген және ұялы байланыс нарығын монополиялады. Нақты мерзімдер мен ықтимал үміткерлер жарияланған жоқ.

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин шілдеде активті бағалаған екі үміткердің бар екендігі туралы айтты.

Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» Мобильдік Телеком Сервистің жалғыз акционері болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттік холдингке Kcell акцияларының 51% тиесілі. Тағы 14.87% Jusan Bank иесі Ғалымжан Есеновке, 9.08% Jusan Bank-ке және 7.06% Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиесілі.

Бұл ретте нарық қатысушылары мен сарапшылар Kcell сатылады деп күткен болатын. Teniz Capital қаңтардың ортасында Катарлық Ooredoo QSC компаниясын операторды сатып алуға басты үміткер ретінде атады. Сонымен бірге олар жақсы қаржылық нәтиже көрсететін шетелдік бәсекелес Kcell ол үшін тартымды актив болатынын атап өтті.