Дәстүр • 31 Қаңтар, 2024

Анасымен бірге шашбау әзірледі

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Star» білім және өнер орталығында «Қазақ қызы» жобасы аясында аналар мен қыздарға арналған шеберлік сағаты өтті. Мектеп жасындағы 40 қыз бен олардың аналары ұлттық бұйым – шекелік пен шашбаудың қыр-сырына қанықты.

Анасымен бірге шашбау әзірледі

Қазақ халқының әдет-ғұр­пы, салт-дәстүрі және өнері мен құндылықтарын дәріптеп жүрген «Star» білім және өнер орта­лығы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану му­зейі­мен бірге тағылымды іс-шара ұйымдастырды.

Қазақ қыздарын қолөнерге баулу үшін ұйымдастырылған шеберлік сабағы халқымыздың ұлттық бұйымдары – шекелік және шашбау жасауға арналды. Әуелі аналар мен қыздар облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан әкелінген күміс әшекей бұйымдары көр­месімен танысты. Музейдің экскурсия ұйымдастыру және экскурсиялық қызмет көр­сету бөлімінің меңгерушісі Жа­наргүл Абылайқызы іс-шараға қатысушыларға ХVIII–ХХ ғасырлар жәдігері – шекелік, шашбау, өңіржиек, құстұмсық жүзік, құдағи жүзік, т.б бұйым­дарын көрсетіп, әр бұйым­ның мән-мағынасын, та­рихын айтып берді. Осыдан кейін анасы мен қызы болып бірлесе әшекей бұйымдарын өздері жасауға кірісті. Оларға шебер Әсел Нұржанқызы ақыл-кеңес беріп жүрді.

«Біздің «Қазақ қызы» деп атаған жобамыздың мақсаты – халқымыздың өнері мен құн­дылығы арқылы қыз бала тәр­биесін еске түсіру, ана мен қыз арасындағы нәзік қа­­рым-қатынасты ояту»,  дейді «Star» білім және өнер орта­­лы­­ғының жетекшісі Айгүл Бауыржанқызы.

 

Батыс Қазақстан облысы