Медицина • 31 Қаңтар, 2024

Көз ауруын емдейтін пленка

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық ғалым көз ауруын емдеудің тиімді әдісін ойлап тапты. Көз ауруларын енді көзге арнал­ған линзалар сияқты, бірақ емдейтін қасиеті бар дәрілік пленкалар арқылы емдеуге болады.

Көз ауруын емдейтін пленка

Бұл өнім – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті химия және химиялық технология кафедрасының доценті, PhD Гузель Әбілованың Ұлы­бр­итаниядағы Рединг универ­ситетінің химия, өнімдер және фармация мектебінің профессоры Виталий Хуторянскиймен бірлесе әзірлеген еңбегі. Офталь­мологиялық дәрілік пленкаларды жасау идеясы Г.Әбіловаға 2016 жылы докторантураға түскен кезде келген. Биополимерлер негізінде пленкалық материалдар түріндегі дәрілік формалардың дамуы ғылыми қызығушылығын оятқан. Сөйтіп, осыған дейінгі тақырыпқа қатысты зерттеулерді зерделей келе көздің, мұрынның, ауыздың шырышты қабаттарына қолдануға арналған полимерлер негізінде жаңа пленкалы дәрілік формалар жасауға болатынын анықтады. Ғалым бірнеше жылдық зерттеулерінің нәтижесінде көзге арналған линзаға ұқсас өте жұқа полимерлі дәрілік пленкалар жасап шықты.

Оның айтуынша, пленкалар дәрілік заттардың дозасын және шығынын айтарлықтай азайтады. Бастысы, денсаулыққа ешқандай кері әсері болмайды. Сонымен қатар полимерлі көз пленкалары көзге арналған тамшылардың не­гізгі кемшіліктерін жоюға мүм­кін­дік бермек. Көзге арналған тамшы­лардың емдік мерзімі қысқа болады. Көбіне тамшылар көз жа­сы­мен қоса немесе басқа да түр­лі себептермен сыртқа шығып кете­ді. Ал бұл жасаған полимерлі плен­ка көз жасымен байланысқа түс­кен кезде бірте-бірте еріп, препарат ұзақ уақыт бойы көз ішінде сақталады.

Импортталған фармацевти­калық нарықта полимерлерге не­гізделген көз дәрі-дәр­мекте­рінің түрі бар. Отан­дық ға­лым жасаған көзге арнал­ған дәрі­лік пленкалар бактериалды этио­логияның көз ауруларын емдеуге арналған. Яғни бұл микробқа қарсы препараттармен, атап айтқанда, ципрофлоксацинмен әсер ететін антибиотиктен жасалған. Полимер негізіндегі дәрілік форма боса­тылған дәрілік препараттың мөл­шерін реттеуге мүмкіндік береді. Дайындалған көз пленкалары емдік әсерін 6-8 сағатқа дейін бере алады.

Алдағы уақытта Г.Әбілова дә­рі-дәрмектің әсер ету уақытын мүм­­кіндігінше ұзақ уақытқа арт­тыру­дың әдіс-тәсілдерін анықтау­ды жоспарлап отыр. Осы өнімге не­гіз болған «Жергілікті дәрі-дәр­мек­терді жеткізуге арналған функ­ционалды биополимерлер негі­зін­де пленкалы дәрілік формалар» тақырыбындағы жобасы 2022-2024 жылдарға арналған «Жас ғалым» конкурсында грант­тық қаржыландыруға ие болды.