Бизнес • 31 Қаңтар, 2024

Кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігі

103 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде инвесторларға кедергі болып отырған мәселелердің бірыңғай тізілімі жасалатын болды. Бұл кәсіпкерлікті қолдау шараларының өрісін кеңейтіп, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай туғызуға мүмкіндік бермек.

Кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігі

Фото: pixabay.com

Кәсіпкерлер палатасының бұл бас­тамасы облыс басшылығы тарапынан қолдау тауып отыр.

«Біз ай сайын әкімдіктің құзырлы бас­қар­маларымен бірлесе отырып, атал­ған тізілім арқылы бизнестің дамуына бөгет болып отырған күрмеулі мәселелерді дәл анықтап, сарапқа салып, қажет болған жағдайда кейбір заң күші бар құжаттарға өзгеріс енгізуді талап ететін ұсыныстарды қарастырамыз. Бұл мәселені жедел шешуге және ірі инвестициялық жобалардың айнала­сын­да­ғы шағын бизнестің дамуына ықпал етеді», дейді облыстық кәсіпкерлер па­латасының директоры Данияр Күзенбаев.

Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба аясында өңірде «Қызметтік қолдау», «Кеңес беру», «Іскерлік байланыс» және «Мен кәсіпкермін» деп аталатын төрт бағыттағы қолдау шаралары тиімді іске асырылып жатыр.

Мәселен, 2023 жылы палата мамандары 1 189 кәсіпкерге қызметтік қолдау көрсетіп, 13 мыңнан астам тұрғынға жеке кәсібін ашу, бизнесін кеңейту жөнінде кеңес берген. Былтырдың өзінде облыста 246 жеке кәсіпкерлік нысаны мен ЖШС ашылды. Палата өкілдерінің көмегімен жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын 198 жоба іске қосылып, 171 жаңа жұмыс орны ашылды.

Өткен жылы «Іскерлік байланыс» жобасы бойынша 3 кәсіпкер Германия кәсіпорындарында болып, батыс­та биз­нес жүргізудің қыр-сырымен танысып, тәжірибе алмасып келді. Тағы 3 кәсіпкер Еуропа кәсіпорындарына барып, бизнес-тағылымдамадан өтті. Германиямен іскерлік қатынас биыл да жалғасын таппақ. Қазір бизнес-та­ғылымдамадан өтуге ниетті кәсіп­кер­лерден өтініш қабылданып жатыр. Мұның сыртында, «Іскерлік байланыс» жобасына қатысып жатқан бірнеше кәсіпкерді Жапонияға жіберу жоспарланып отыр.

Өңірде «Мен кәсіпкермін» жобасы «Кәсіпке бағыт» және «Кәсіпкер әйелдерді қолдау орталығы» деп аталатын екі бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Біріншісі жылына, кем дегенде, 40 кәсіпкерге салалық білім беруді көздейді. Аталған бағыт бо­йынша былтыр Федоров ауданында 15 кәсіпкер сүт өнімдерін өңдеудің өнді­ріс­тік жолдарын игерсе, Қостанай ауда­нында 26 кәсіпкер жылыжай шаруа­­­шы­лығының қыр-сырын меңгеріп шық­­қан.

«Кәсіпкер әйелдерді қолдау орта­лығы» бағыты аясында 400-ге жуық аза­матша бизнес жүргізуге қатысты кеңес алған. Өңірде кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер жыл санап көбейіп келе жатқаны байқалады. Мысалы, 2023 жылы бизнеске бет бұрған қыз-ке­лін­шектердің саны 26 474 болса, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 28 мың 305-ке жеткен. Биыл «Атамекен» ҰП филиалы Қостанайдағы кәсіпкер әйелдер шығарып жатқан өнімдердің ауқымды көрмесін ұйымдастыруды көздеп отыр. Оған кем дегенде 120 кәсіпкер қатысады деп күтілуде.

 

Қостанай облысы