Үкімет • 01 Ақпан, 2024

Трансферттік баға бақылауға алынады

111 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ер­лан Қошановтың төраға­лы­­­ғы­мен Палатаның жал­пы отырысы өтті. Жиын ба­­ры­сын­да депутаттар от­басы­лық зорлық-зомбылық­қа жауапкершілікті қатаң­дату туралы заң жобасын жұмысқа алды. Сонымен қатар екі халықаралық құ­жат ратификацияланды.

Трансферттік баға бақылауға алынады

Атап айтқанда, Мәжіліс қарауына «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат енгізілді. Құжат жөнін­де депутат Асхат Айма­ғам­бетов баяндама жасады.

«Заң жобасы Мемлекет бас­шы­сының отбасылық зорлық-зом­былық үшін жауапкершілікті қатаң­дату тапсырмасына толы­ғымен сәйкес келеді. Заң жобасында біз келесі негізгі нормаларды ұсынып отырмыз. Біріншіден, ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру енді әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке жатқызылады. Жазасы әлдеқайда қатаңдайды.

Екіншіден, жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ, зорлық-зом­былық туралы бұқаралық ақ­парат құралдары немесе он­лайн платформалардағы ақпа­рат негі­зінде тиісті шараларды қа­­был­дау құқы беріледі. Үшіншіден, от­ба­сында зорлық-зомбылық жа­саған адамдардың агрессивті мінез-құлқын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігі беріледі», деді А.Аймағамбетов.

Депутаттың сөзіне сүйенсек, заң жобасы аясында педофильдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ суицидті насихаттағаны немесе суицидке итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмек. Құжатта балаларға арналған интернаттық ұйымдарды алдын ала ескертусіз кез келген уақытта тексеру секілді басқа ма­ңызды нормалар ұсынылған.

Сондай-ақ жалпы отырыс­та «2014 жылғы 29 мамырдағы Еура­зиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер ен­гізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Құжат жөнінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндама жасады. Сала басшысының айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фи­тосанитарлық шаралар, тұты­ну­шылардың құқын қорғау, тариф­тік емес реттеу, бәсекелестік, сон­дай-ақ мемлекеттік сатып алуға қатысты 32 түзету енгізіледі.

«ЕАЭО елдерінің Еуразиялық экономикалық одақтың бірың­ғай тізбесінде болмаған, яғни зиян­ды организмдерге қатысты шұғыл фитосанитарлық шаралар енгізіліп жатыр. Елімізде бұ­рын анықталмаған зиянкес жаңа жәндіктер тіркелген. Мұндай жәндіктер бірыңғай тізімде жоқ. Қазіргі таңда бірыңғай келісілген тізімдегі зиянкес жәндіктерге қатыс­ты ғана уақытша карантиндік фито­санитарлық шаралар енгі­зіліп жатыр. Осы жағдайда Хат­тамада ЕАЭО елдерінің шұғыл фито­са­нитарлық шараларды енгізуі құқығы ескеріліп отыр. Бұл ретте тараптар мұндай шараның енгізілгені туралы қалған елдерді алдын ала хабардар етуге тиіс. Осындай жағдайларда өзара хабарлау тәртібін комиссия әзірлеп бекітеді», А.Шаққалиев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, Ұлттық электронды цифр­лық қол­таңбаларды өзара тану­ды қам­тамасыз ету жөнін­дегі қағи­да­лар­ды бекітуге Комиссия­ның құзыреті енгізіледі. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бас­шылары 2023 жылғы 25 мамырда қол қой­ған Хаттамаға ұлттық электрон­дық цифрлық қолтаңбаны өзара тану нормалары да енгізіледі. Осылайша отандық кәсіпкерлер ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің электронды сатып алуларына қатысуға мүмкіндік алады. Құжатта отандық өндірушілерді қорғау тетіктері қарастырылған және ұлттық мемлекеттердің мүдделері ескерілген. Сонымен қатар тауарлардың импорты мен экспортына рұқсат беру жүйесі электронды форматқа көшіріледі.

«Ережелер уәкілетті органдар­дың өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындауға және электронды форматта өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысуға қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Еуразиялық үкіметаралық кеңес­ке тұтынушылардың құқығын қор­ғау үшін мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын бекіту құқығы беріледі», деді А.Шаққалиев.

Осылайша электронды коммерциямен айналысатын ЕАЭО-ға мүше елдердің кез келген компаниясы өз қызметін тұтыну­шы ел­дердің ұлттық заңнамасын ес­кере отырып жүзеге асырады. Түзетулерді ратификациялау ЕАЭО-ға мүше барлық мемле­кет­тің кәсіпкерлерінің режімді сақ­тауын жеңілдетеді және фитоса­нитарлық қауіпке байланысты жаңа кедергілерді жояды.

Жалпы отырыста «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Респуб­лика­сының Үкіметі мен Өз­бек­стан Республикасының Үкі­меті ара­сындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Соған сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының көрші ел аумағында тіркеусіз жүру мер­зімі 5 күннен 30 күнге дейін ұзар­тылды. Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама 2022 жылы 22 жел­тоқсанда Ташкент қаласында жасалды. Жаңа құжат қос мемлекет азаматтарының бір-бірінің аумағында болуы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік бере­ді және бауырлас елдер арасын­дағы экономикалық байланыс­тың, іскерлік және мәдени тәжі­рибе алмасудың одан әрі дамуына оң әсер етеді.

«Мерзім аяқталғаннан кейін олар уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті. Негіздері – жұмыс істеу, емделу, оқу, отбасымен бірігу, бизнес жүргізу. Осылайша, көші-қонды бақылаймыз. Одан басқа елде болу мерзімдерін жаңарту мәселесі шешілмек. Бірақ олардың болу мерзімі алты ай ішінде 90 тәуліктен аспауға тиіс», деді заң жобасын таныстырған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Сала басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстан аза­мат­тар Өзбекстанда 5 күн ішін­де тіркеуден өтуге міндетті. Шет­ел­­дік­тер Қазақстанда міндетті тір­­кеу мен көші-қон карталары 2020 жылдан бастап талап етіл­мейді.

Сонымен бірге «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды. 2019 жылдан бастап тауар биржаларында мәміле бойынша трансферттік баға белгілеуге бақылау жүргізіл­меген. Нәтижесінде, нарықтағы бағадан төмен бағамен экспорттық мәмілелер жасау (сатып алушымен сөз байласу) арқылы капиталды елден шығару қаупі туындайды.

2019 жылы Қазақстандағы тауар биржалары арқылы өткізілген сұйытылған газ және астық им­порт­талатын мемлекеттегі (Өзбек­­стан, Тәжікстан, Ауғанстан) нарық­тық бағадан 10-25 пайызға төмендетілгені анықталды. Бұл тексеру тек 2019 жылы жүргізілген. Заң жобасы қабылданғаннан кейін егер мемлекет сатып алушының тауарды жеткізуге байланысты барлық шығынын ескере отырып, сәйкессіздікті анықтаса, сатушы компанияға қатысты сатудан түскен кіріске түзету енгізіледі. Бұл қосымша салық төлемдеріне әкеледі.

Бағалардың нарықтық диапазоны жетілдіріледі. Қолданыстағы заңда бағалардың диапазоны ең төменгі және ең жоғары бо­лып айқындалады. Жаңа редак­цияда бұл диапазонды қыс­қарту ұсынылып отыр. Мысалы, Қазақстан компаниясы шетелдік трейдерге 10 млн долларға 1 мың тонна металл сатады. Одан соң трейдер металды Еуропа елдеріне 12,5 миллион долларға қайта сатады, онда трейдердің қайта сатудағы маржасы 25 пайызды құрайды. Компания салыстырмалы компаниялардың іріктемесін жасайды, онда ең төменгі маржа 1 пайыз, ең жоғарысы 30 пайыз болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, трейдер маржасы 1 па­йыздан 30 пайызға дейін барады. Ұсынылып отырған түзетулерде бұл диапазон 10 пайыздан 20 пайызға дейінгі аралықта болады. Яғни 10 пайыздан аз және 20 пайыздан жоғары экстремалды мәндер алынып тасталады.

Мәмілеге қатысушы тараптар­дың өзара байланысты анықтама­сы кеңейтіледі. Кейбір ірі салық төлеушілер экспортталатын өнімді сату кезінде ең аз тәуекелді қабыл­дай­тын және өзара байланысты та­рап­тар ретінде танылмаған жасан­ды делдалдық құрылымдар құр­ған. Заңнаманың арқасында мем­лекет мұндай компанияларды анық­тап, тиісті салық тетіктерін қол­дана алады. Сондай-ақ үш дең­гейлі есеп беруге қойылатын талап­тар өзгереді. Трансферттік баға бел­гі­леуде есеп берудің мынадай 3 түрі бар: жергілікті, негізгі, еларалық.

Түзетулер нарықтық бағаны пайдалану негіздемесін қамтитын жергілікті есеп беруді ұсынуға қатысты. Енгізілетін өзгерістер жер­гілікті есепті ұсынатын тұлға­лар қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл талап енді бейрезидент өзара байланысты тұлғалармен мәмілелерді жүзеге асыратын барлық салық төлеушіге қатысты болады. Бастама мемлекеттік кірістер органдарына өзара байланысты тараптар арасындағы трансферттік баға белгілеу кезінде қашықтан бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ заң жобасында экс­порттаушыларға нарықтық ба­ғаны анықтау әдісін таңдауға рұқ­сат етіледі. Қолданыстағы заңда қа­таң тәртіппен жүзеге асырылатын нарықтық бағаны анық­тау әдіс­терін қолдану иерархиясы бар. Егер салық төлеуші 5-әдісті қолдан­ғысы келсе, онда ол алдыңғы 4 әдіс­ті қол­данудың мүмкін емес­іне негіз­­деме дайындауы қажет. Енгі­зі­летін өзгерістерде бұл иерархия алып тасталады. Енді салық тө­леу­ші 1-әдісті қолданудың мүм­кін емес екенін ғана дәлелдеп, қал­ған 4 әдістің кез келгенін өз қа­лауы­мен қолдануы керек. Бұл бас­тама уақыт пен қаржы үнем­дей­ді, қыз­меткерлерге түсетін жүк­те­мені азайтады, сондай-ақ өзге де ық­тимал шығындарды болғызбайды.

Жалпы отырыста Мәжіліс ко­митет­тері бірқатар заң жобасын жұ­­мыс­қа қабылдады. Атап айт­қан­­да, күзет қызметі мәселелері жә­не сатып алу және заңнамалық акті­­­­лерді нормалардың артық (ша­­­ма­­­­дан тыс) заңнамалық регла­мент­­­те­луі тұрғысынан ревизиялау мә­­се­­ле­лері туралы заң жобасы мен оған ілес­пе түзетулер алдағы уа­қыт­та қара­ла­ды. Жиын соңында де­пу­таттар тиіс­ті мемлекеттік мекеме­лер басшы­ларына сауалдарын жолдады.