Теннис • 01 Ақпан, 2024

«Ұялшақ адаммын»: Елена Рыбакина кортта эмоциясын жасыратынын мойындады

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлемнің бесінші ракеткасы, Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина корттағы сабырлығы матч кезінде өзіне зиян тигізетінін жасырмады, деп хабарлайды Egemen.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.

«Ұялшақ адаммын»: Елена Рыбакина кортта эмоциясын жасыратынын мойындады

фото: sports.kz

Еленаның айтуынша, оның тәлімгері Стефано Вуков артық энергиядан арылу үшін эмоцияны сыртқа шығаруға кеңес берді.  

«Кортта болып жатқан жағдайларға қарамастан, мен ренішімді немесе ызамды көрсетпеуге тырысамын. Мені ешкім танымай тұрған кезде бұл жақсы қасиет болды деп ойлаймын, себебі алаңға жайбарақат шығып, кейін жоғары нәтиже көрсетесің. Қазірдің өзінде де бұл қасиет маған көмектеседі, қарсыластарымды да шатастырады», деді теннисші. 

Сонымен қатар Рыбакина табиғатынан сабырлы, ұялшақ адам екенін алға тартты. 

«Шынымды айтсам, эмоциямды неге көрсетпейтінімді білмеймін. Мүмкін бұл менің стресске берген реакциям шығар. Негізі мен өте ұялшақ адаммын. Бапкерімнің де айтуынша, алаңда сабырлы болу маған ешқашан пайда әкелмейді. Қарсыластарыма менің әлі де осында екенімді және әлі де күресіп жатқанымды көрсету үшін кейде эмоция көрсетуім керек. Міне, осындай бағытта өз-өзіммен жұмыс істеуге тырысып жатырмын», деді Рыбакина Mind Set Win подкастында.