Экономика • 01 Ақпан, 2024

Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты төртінші цехын іске қосады

210 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мұнай қоры қомақты елдер санатында. Оны өндіруде де өрлеу бар. Өткен жылдың өзінде елімізде 84 миллион тонна мұнай өндірілген. Осы істің ілгерілеуі үшін мұнайды бұрғылау, тарту, өткізу құрылғыларын да Қазақстанда шығарудың маңызы зор. Осы міндеттің бір тарапын «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көтеріп тұр, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты төртінші цехын іске қосады

Фото: «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» баспасөз қызметі

2017 жылы іргесі қаланған зауытта бүгінгі күні құны 12 миллиард теңгені құрайтын 3 цех толыққанды жұмыс істейді. Ақтөбе қаласында орналасқан зауытта 12 айда орташа өнімділігі 50 мың тонна болат құбыр және қаптамалық құбырлар, профильдер, 3800 тонна жоғары қысымды құрылғылар, 50 пеш пен 30 сепаратор, арматуралар, 24 жылжымалы бұрғылау қондырғысы шығарылады. Зауыт «ҚазМұнайГаз», «Ембімұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражамбас», «Қазақойл», «Қазақ-түрікойл», «Ақтөбемұнайгаз» мұнай өңдеу өнеркәсіптерін «қара алтын» өндіру процесіне қажет құрал-жабдықпен қамтиды.  Сондай-ақ, отандық құрылғылар Ресей, Қытай мемлекеттеріне экспортталады.

«Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС Қазақстанда мұнай-газ өнеркәсібін дамытумен бірге, машина құрастыру, жаңа технологияларды өндіру, жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындарды ашу бағытында жаңа жұмыс орындарын ұсыну, технарь маман даярлау арқылы да ел экономикасының дамуына оң ықпал етіп жатыр. Бүгінде зауытта 220 жұмысшы қызмет етеді, оның ішінде, 200-і жергілікті тұрғындар болса қалған 20-сы Қытай азаматтары. Олар негізінен консультативтік қызмет көрсетеді.

«Зауыт ашылғанда жылына 10 000 тонна көлемді түтік және қаптама құбырларын, 20 блоктық жабдықтар жиынтығын шығару мақсатын алға қойдық, біз бастапқы жоспарларымызға қол жеткіздік. Қазіргі таңда мұнай-газ құрылғыларын өндіру бойынша нарықтың бір бөлігін жабамыз. Болашақта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа құрылғылар жасау үшін инвестиция құйып жатырмыз. Қытайлықтармен бірлескен ынтымағымызды нығайту арқылы мамандарды кәсіби шыңдау, қайта даярлауға ықыластымыз», деді «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» сату бөлімінің басшысы Данияр Лекеров.

Зауыт басшылығы 2025 жылы жаңа өнім шығаратын төртінші цехты іске қосуды көздеп отыр.

аа

Зауыт жұмысшыларының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға мүдделі. Оларды тасымалдау, түскі, кешкі аспен қамту, біліктілігін дамыту шаралары кәсіпорын қаражаты есебінен жүргізіледі. Қызметкерлердің күн тәртібін 2019 жылдан бері осы зауытта еңбек етіп жүрген Азамат Шамшиев айтып берді.

«Күнделікті 8:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс жасаймыз. Біздің зауытта өз мамандығымыз негізінде немесе қосымша қызыққан іс бойынша тәжірибе жинау үшін жұмыс уақытынан тыс шеберлік дәрістері жиі өткізіледі. Демалыс күндері мамандар жұмыстың орындалу ретін, жаңа станокта жұмыс істеу ережелерін, өлшемдерге мұқият болу сынды істерді үйретеді. Мұндай күндері де тасымалдау, ас-сумен қамтуды зауыт мойнына алады», дейді 5 разрядты токарь Азамат Шамшиев.

аа

«Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС алдағы уақытта өнім көлемін арттыру, сапаны жақсарту, саладағы жаңашылдықтарды өнеркәсіп өндірісіне енгізу үшін мамандарды Қытайдың Үрімші қаласында орналасқан Синьцзян университетіне тәжірибе алмасуға жіберуді жоспарлап отыр.