Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен “Нұр Отан” ХДП-ның Мәжілістегі фракциясының кеңейтілген отырысы өтті.
Онда Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында алға қойылған міндеттер тұрғысында Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясының (“Жол картасы”) іске асу барысы туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев баяндама жасады.
Отырыста алдымен О.Мұхамеджанов қысқаша сөз сөйледі. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында нақты көрсетілген еліміздің алға жылжу векторы қазақстандықтардың көңілінде таяудағы он жылда біз дағдарыстан кейінгі жаңа әлемде орнықты позицияға ие боламыз деген сенім ұялатады. Шын мәнінде, биылғы жылы Қазақстан жаңа онжылдыққа экономикалық дамудың қомақты әлеуеті мен халықтың, әрбір отбасының тұрмыс жағдайының жақсаруымен аяқ басқалы отыр. Демек, 2009 жылы әлемдік экономика үшін өте күрделі жыл болғанына қарамастан, Қазақстан оң өзгерістерді қамтамасыз етіп, банк секторындағы жағдайды тұрақтандыра білді, жұмыссыздыққа жол бермей, халықтың нақты кірістерін, әлеуметтік төлемдердің өсімін қамтамасыз етті, тұрғын үй құрылысында үлескерлердің проблемаларын шешіп, елдің инвестициялық тартымдылығын сақтап қалды.
Өздеріңіз білесіздер, бұл ең алдымен ел Президентінің тапсырмасы бойынша дағдарысқа қарсы тиімді шаралар, оның ішінде заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдаған Үкімет пен Парламенттің үйлесімді іс-қимылының арқасында мүмкін болды, деді Мәжіліс Төрағасы.
Қазіргі заман тарихында 2009 жыл өте ауыр жыл болғаны белгілі, деді баяндамасында Е.Орынбаев. Алдын ала бағалауға қарасақ, дүние жүзі бойынша ішкі жалпы өнім 1,1 пайызға төмендеген, ал дамыған елдер экономикасының рецессиясы тіпті күшті болды.
Қазақстандық өнеркәсіп өнімділігі мен жеке сауда айналымы төмендеген, ел тұрғындарының жұмыссыз қалу қаупі күшейіп кеткен болатын. Бірінші жартыжылдықта ішкі жалпы өнім 3 пайызға төмендеп, жұмыссыздық деңгейі 6,8 пайызға жетті. Президент 2009 жылдың басында Үкіметтің алдына қазақстандықтардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын сақтап қалуды, тұрғындарды жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейінің өсуін болдырмауды нақты міндет етіп қойған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Үкімет аймақтық жұмысбастылық және кадрларды қайта даярлаудың Президент стратегиясын іске асыратын “Жол картасын” әзірледі.
2009 жылғы “Жол картасын” жүзеге асыру 258 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. 124 мыңнан астам жас азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, 100 мыңдай адам қайта даярлаудан өтті. Жалпы алғанда “Жол картасы” қайта даярлаумен қоса, 400 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға жағдай туғызды. Бұл шаралар жұмыссыздықтың деңгейін соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіш – 6,3 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Е.Орынбаев елімізде жүзеге асырылған басқа да бірқатар оң жұмыстарды атап көрсете келіп, алдын ала бағам бойынша үстіміздегі жылдың алғашқы 5 айында ІЖӨ өсімі 8,3 пайызды құрағанын ерекше атады.
Фракция басқосуына “Нұр Отан” ХДП басшылығы, Үкімет мүшелері, Мәжіліс депутаттары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Премьер-Министр кеңсесінің өкілдері қатысты. Күн тәртіндегі мәселе бойынша Мәжіліс депутаттары, “Нұр Отан” ХДП фракциясының мүшелері Жақып Асанов, Асхат Бекенов, Татьяна Яковлева, Майра Айсина, Ольга Киколенко сөз сөйлеп, өз пікірлерімен бөлісті.
Айтылған ұсыныстар негізінде жиналыс қорытындысы бойынша Үкіметтің “Жол картасын” іске асыру барысындағы жұмыстарын жетілдіру жөнінде “Нұр Отан” ХДП Парламент Мәжілісіндегі фракциясының қаулысы қабылданды.