Мақаланың алдында ауыл молдасы Қали Керкұнанұлының «Мұғалім керек» атты кішкентай хабарландыруы берілген. Онда: «Қараторғай болысы, 5-інші ауылының «Шортанды» деген жерінен салып жатқан медресеміз сентиабрге қарсы бітеді. Жаңа тəртіппен 4-5 жылға шейін бала оқытуға жарайтын жақсы мұғалім керек. Беретін жалуаниеміз: айына 30 сом, бойдақ болып тамақты бізден ішсе, айына 15 сом. Бұған риза болып келеміз деушілер мынау адреспен хабарлассын. г.Тургай. Управителю Каракугинской волос-ти, для передачи Мулла-Калию Керкунанову.
Моллағали Керқұнанұғлы» делінген. Енді мақаланың толық нұсқасын оқиық.
«Торғай үйезі, Қараторғай болысында 120 үй «Сары» деген ел бар. Бұл елдің бұрыннан тұтынып келе жатқан бір салты: өлгендердің басына шығарған салты ата-ананың ұлы үлесін алушы еді. Кісі өлген соң бір жыл толар-толмаста ат шаптырып, иаки ат шаптырмай ас беруші еді. Өткен 1914-нші жыл ішінде бұл елдің бүкіл Торғай үйезіне машһүр үш қадірлі ақсақалдары: Айғожа Айабергенұғлы, Мадиар Көжекұғлы һəм Асаубай Жұрынұғлы дүниеден қайтты. Бұрынғы ғадет бойынша бұларға ат шаптырып, ас беретін шығар деп жүйрік аты барлар дəмелі болып, аттарын жарата бастаған кезде, бұл ел бұрынғы іс беретін ғадетін кенеттен тұжырды.
Асқа шығаратын малымызды «Сарының» орталық «Шортанды» деген жеріне мешіт һəм медресе салуға жұмсайтын болдық, асты доғардық деп хабар таратты. Бұл елдің сүйекке сіңіскен бұл ғадетін тастатуға себепші болған кісі – Ғали Керқұнанұғлы деген сол елдің молласы. Молланы қостап, оның пікірін қуаттаушылар сол елдің ауылнай, старшинасы Бижан Тоққожаұғлы һəм народни судиасы Ыбрай Мадиарұғлы. Бұл үшеуі «Сары»-ның бірсыпыра ақсақал, қарасақалдарын жинап алып, үлкен үш ақсақалға ас беру жайын кеңескен. Бұл жиылыста Ғали молла айтады: «Ақсақалдарға ас беру орнына басқа бір пайдалы іс қылалық. Оларға ас бермедің деп, ешкім біздің халқымызды қарымталамас. Ас беруден мүйіз шығатын болса, байағыдан бері ас беріп келе жатырмыз ғой. Онан қанша абырой алып, жұрт алдына шықтық. Бір тойған тамақ жиналған жұртқа қаншаға үнем болады. Шариғатқа салғанда да ас берудің жөні жоқ, ысырап қылып күнə таппасақ, алар сауабымыз шамалы. Енді онан дағы мұнан бұлай бұрынғы бұл адасқандығымызды тастап, өлікке сауап боларлық ел-жұртқа тегіс пайдасы тиерлік орынға шығынданалық. Айғожа, Мадиар һəм Асаубайға біз ас бермесек, мұнымыз кейінге «Сары»-ның баласына үлгі болып, бұл жаман ғадет жоғалады. Бижан, Ыбырай үшеуміз осыны ойлап, үш ақсақалдың асына арналған малды мешіт, медресе жолына жұмсауға қаулы қылыстық. Енді, көп сендер не айтасыңдар?» деп сөзін айақтады.
Жиылған көптің бірсыпырасы «Ойбай, атаусыз қалдыру деген не сұмдық. Қайдағы еліміздің бас адамдары тұсында ата-бабадан келе жатқан ғадетімізді тастап, жұртқа не бетімізбен қараймыз», деп әрлі-берлі тартысқан. Ақырында жұрт Ғали молланың сөзін мақұлдап, мұнан бұлай асқа арнаған малды, пітір садақасын, құран терісін мешіт, медресе пайдасына бермек болып, соларды жинап тұратын қазынашылыққа Бижанды сайлап тарқасқан. Сонан бері ас малынан, пітірінен һəм құран терісінен жиналған 8 жүз сом шамасында болыпты. Енді, соларға керек кірпіш қойылып жатыр. Ғали молланың планынша: медресе алты бөлмелі болады. Үшеуі мұғалімге арналып, үшеуінде балалар оқиды. Медресе сентиабрге шейін бітсе керек. Сонан соң бір жақсы мұғалім алдырып, балаларды жаңа тəртіппен оқытпақшы.
Əр жерден Ғалиядай жұрт қамы үшін өз пайдасын қиатын моллалар көбейсе, ондай моллаларға Бижан, Ыбырайдай серік табылса, біздің кенже қалған жұрттың ілгері басуына үлкен себепші болар еді-ау. Бұлардан басқалар да үлгі алар деп үміт етеміз», деп жазылған. Автор өз есімін бүркеншек есіммен «Торғайұлы» деп берген. Біз жазған мұны жазған Алаш ардақтысы Міржақып Дулатов деп жобалаймыз.
Мақалада айтылған Қараторғай болысының 5-ауылы – қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданы Қабырға ауылдық округі. Бұл – менің туған ауылым. Осы елді мекенге қарасты Шортанды өзенінің жағасында салған мешіт пен медресе бертінге дейін сақталды. Кеңес заманында бөлімшенің қоймасы болды. Бұл медресе де дін оқуы ғана емес, жәдиттік бағытта да білім берілген. Осы білім ордасының ашылуына ұйытқы болғандардың бәрі де елге сыйлы тұлғалар. Қысқасы, өткен ғасыр басында шағын ауылдың бас көтерер азаматтарының сан ғасырдан бері қалыптасқан сауын айтып, ат шаптырып, ас беретін дәстүрден бас тартып, оның орнына балалар сауатын ашып, білім алатын медресе салу туралы бастама көтеріп, соны іске асырғаны – бүгінгі күнге де үлгі болатын ізгі іс деп айтамыз.