Жоба • 01 Ақпан, 2024

Су үнемдейтін жобалар

175 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдын ала жасалған болжамдар осы жылы да Сырдария арнасындағы су деңгейінің ойдағыдай болмайтынын көрсетіп тұр. Осыған байланысты биыл Сырда күріш былтырғыға қарағанда 5 мың гектарға аз егіледі.

Су үнемдейтін жобалар

Үкімет басшысының төраға­лы­ғымен өтіп, еліміздің су ре­сурс­тарын басқару жүйесін да­мы­тудың 2024-2030 жылдарға ар­налған тұжырымдамасы талқы­ланған отырысқа селекторлық режімде қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта­ғы суармалы суды үнемдеу жұмыс­тарының барысын  баяндады.

Күріштік алқаптардың 12%-ға азаюына байланысты ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында түсіндірме жұмыста­ры жүргізілді. Егістікті әртарап­тандырудан бөлек атыздар лазер­лік тегістеліп жатыр. Бүгінде өңірдегі күріш алқаптарының 55 пайызы тегістеліпті. Биыл бұл көрсеткішті 68 пайызға жет­кізу межеленіп отыр. Шаруа­ларға су бөлетін мекемелер өкілде­рі­нің жиі айтатын мәселесі осы лазер­лік тегістеу болатын. Тәжі­рибе осы арқылы суды 15 пайыз­ға дейін үнемдеуге болатынын көрсетіп отыр.

Облыста күріштің қысқа мерзімде пісіп-жетілетін, өнімді­лігі жоғары жаңа сұрыптарын өн­ді­ріске енгізу жалғасып жатыр. Қазір жергілікті мамандар Украина ғалымдарымен бірле­сіп «Виконт», «Премиум», «Мар­шал» сұрыптары өңір климаты­на бейімдеп аудандастыру үстінде. Былтыр 71 гектар жерге егілген ресейлік «Яхонт», «Пат­риот» сұрыптары жақсы нә­тиже көрсетті. Жергілікті тұқымға қарағанда 10-15 күн ерте пісіп, суды аз қажет ететін бұл сұрып­тар­дың өнімділігі де жоғары екен. 

Облыстағы егістік алқаптың 60 пайызын суландыратын Сол жаға магистралды каналында суды бөлу және есепке алуды автоматтандыру жұмыстары бас­талды. Бүгінде аустралиялық «Rubicon Water» компаниясының тәжірибесін енгізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жаңа технология арқылы көкөніс, бақша, картоп, мал азықтық және жүгері дақылдары егілетін алқаптарды ұлғайтуға болады. Жалпы, бұл бағытта биыл­дан бастап 5 жоба жүзеге асы­рылып, толық қуатына жеткенде 9 мың гектарды қамтиды.

Шиелі ауданында кәсіпкерлер қытайлық «Бо Ян» компаниясымен бірлесіп, 3 мың гектарға тамшылатып суару әдісімен жүгері өсіру жобасын бастады. Жалпы, облыс­та 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын қолдану аясын 50 мың гектарға дейін ұлғайту жос­парланып отыр.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармалары «Қазсушар» мекемесінің Қызыл­орда филиалымен бірлесіп, сала­лық министрлікпен Су саласын дамытудың 2024-2026 жыл­дарға арналған кешенді жос­пары жобасына аймақтағы су шаруа­шылығы мәселелерін енгізуді пысықтайды.

Сондай-ақ биылдан бас­тап еліміз төрағалық ететін халық­аралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетінің отырысын өңірде өткізу ойластырылып жатыр.

 

Қызылорда