Сенат • 02 Ақпан, 2024

Сенат Төрағасы OzgeEpic креатив хабының жұмысымен танысты

142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

OzgeEpic креатив хабына барған Палата Спикері Мәулен Әшімбаев «Ел-ана» көрмесінің жұмысымен және команданың бірқатар арт-перформансымен танысты. Хаб қызметінің негізгі бағыты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өнер саласындағы таланттардың қолдау, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат Төрағасы OzgeEpic креатив хабының жұмысымен танысты

Фото: Н.Байбулин.

Мәулен Әшімбаев қазіргідей технология заманында креативті индустрияның экономикалық мүмкіндігі мен келешегі зор екенін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда осы саланы дамыту бағытында ауқымды шаралар іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Президентіміз Жолдауында креативті индустрияны және заманауи технологияны дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ірі қалалармен бірге аудандарда да шығармашыл жастарды қолдауға арналған орталықтар ашу қажет екенін айтты. Соның шеңберінде осындай хабтардың маңызы зор. Бұл жерде біз креативті алаңдардың жай-күйімен, жұмысымен және алдағы жоспарларымен таныса аламыз. Өздеріңізге белгілі, таяуда креативті сектор үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылды. Осындай нақты шаралар елімізде бұл саланы дамытуға тың серпін береді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы креативті индустрияның жағдайы адами капиталдың сапасын көрсететін негізгі факторлардың бірі екенін айтты. Қазіргі уақытта креативті сектордың ел экономикасындағы үлесі 1 пайыздан аспайды. Осы көрсеткішті жақсарту үшін алдағы уақытта аталған индустрияны дамыту жолында жан-жақты, оның ішінде, заңнамалық бағытта да бірлескен әрі жүйелі жұмыс қажет.

«Бұл бағытты тиімді дамыту үшін салалық заңнаманы жетілдіру де аса маңызды. Осыған орай депутаттар тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Сондай-ақ қазір креативті индустрия білім беру үдерісінің де ажырамас бөлшегіне айналғанын көріп отырмыз», деді Сенат Төрағасы.

Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, кинорежиссерлар, продюсерлер, театр актерлері, суретшілер және басқа да өнер қайраткерлері қатысты.