Кесене көпжылдар бойы жөндеу көрмей, жүдеу күйде тұрған. 2022 жылы барғанымызда күмбезінің жұлым-жұлымы шығып, қотырланып қалғанын, сыртындағы тасқабының құлап жатқанын көріп көңіл құлазып қалған-ды. Таяуда кесенеге тағы бір барып, асылдың аруағына құран бағыштап, тағзым етіп қайттық.
Бидайықтың іргесіне келіп тоқтағанымызда, кесененің күмбезі бұрынғыдай емес, анадайдан көз тартып жарқырап тұрғанын көріп, «бәрекелді, бәсе» десіп қуанысып қалдық.
Мұның мән-жайын кейін білдік, биыл жазда жұртқа жанашыр кәсіпкер Бақберген Өтеулин мен Гүлнар апайдың ұлы, баспагер Ерлан Сатыбалдиев Башқұртстаннан екі шебер алдыртып, тозған күмбездің қабығын аршытып, тазалатып, сыртын күн көзіне төзімді әрі тозбайтын аспан түстес тыспен қаптатып қойған екен.
Кесененің кіреберісіндегі оң жақ қабырғаға ілінген мәрмар тақтаға «Міржақып Дулатұлы. 1885.25.11 – 1935.5.10. Карелиядан 1992 жылдың 18 қыркүйегінде әкелініп, қайта жерленді» деп жазылған. Кесененің ішіндегі көлденең құлыптасқа аяулы Алаш ақынының:
«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты.
Бірлік жоқ, алты ауызды халықпыз ғой,
Қатардан сол себепті қалыппыз ғой», –
деген өлеңі қашалған.
Кесененің ішінен күмбезінің кірпіштен өріліп көтерілгені анық көрінеді. Тік қабырғасының жоғары жағындағы екі бұрышқа, күмбездің ұшар басына қарлығаш ұя салыпты.
Қостанай облысы,
Жангелдин ауданы