Қоғам • 04 Ақпан, 2024

Асау үйреткен Аймекен

1731 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қайсарлық – қазақ қыз­да­рына ғана тән сияқты. Ана­ның ақ сүтімен сіңетін бұл қасиеттің ұшқыны тұлымы желбіреп, талшыбықтай өсіп келе жатқан Аймекеннің бо­йынан анық байқалады.

Асау үйреткен Аймекен

Тәңіртаудың тумасы Аймекен кішкентайынан малдың бір шетін­де жүруді әдетке айналдырған екен. Әкесі Ерболаттың ерке қызы өте өжет. Ала жаздай атақты Шәл­көде жайлауының баурайында мал бағатын ата-анасының жанынан бір елі алыстамайтын баланың мал­ға деген ықыласы ерекше. Сон­дықтан болар ірілі-ұсақты малды жазбай тануға бейім.

Бүгінде Талғар қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №2 орта мектептің 3-сыныбында оқи­тын Аймекен Әуелхан қысқы демалыс­та өзі туып-өскен Қошқар ауы­лына барып, еншісіндегі екі-үш жабағының жалына жармаса жуасытқан ерлігі жұртты сүйсінт­ті. Оның асауды ауыздықтап, та­қым­дауға құмарлығы есейген са­йын еселене түсуде. Сөйтіп, ат жа­­лында ойнайтын балдырған ба­тыл­­дығымен дараланып келеді.

«Бес жасынан әкесіне ілесіп, көкпарға баратын. Содан бері атқа құмар. Жылқыға ерекше аңсары ауып тұрады. Қыз бала болған соң уайымдайтыным бар. Ондайда «әже, мен батырмын, қорықпа» деп өзімді қайрап қояды. Тіл-көз­ден сақтап, аман жүрсінші», деп 80-нен асқан Бәтихан әжесі тілеуін тілеуде.

Атқұмар Аймекеннің сурет са­луға, өлең оқуға да жақындығы жоқ емес. Мұқағали атасының біраз шумақтарын жаттап алған. Ашық та жайдары мінезімен көп­шілікті баурап алатын қылығы сүйсінтпей қоймайды. Қысы-жазы үй мен түздің шаруасын шалқытып жүрген анасының да қолқанаты бола бастаған балдырғанның болашағынан зор үміт күтуге болады. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп бекер айтпаған ғой. Ауыздықпен алысқан асауды тізгіндеген Аймекенді осы жас­тан ат спортына баулитын болса жұлдызы жарқыраған спортшы шығарына сенім мол.

 

Алматы облысы