Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда электронды шылымдар мен вейптердің зияны туралы айтқан болатын. «Ұлт денсаулығына қауіп төндіретін тағы бір кесел – бұл вейптер мен электронды темекінің алуан түрлері. Өкінішке қарай, оларды қолдану жасөспірімдер арасында сәнге айналды. Бұған олардың қолжетімділігі мен заңсыз жарнама ықпал етеді. Шын мәнінде, жастар өзіне қауіп-қатер төндіріп отыр. Себебі вейптердің өзі зиянды, есірткіге бір қадам жақын. Осы қауіпті құбылыспен күресу үшін жүйелі әрі шұғыл шаралар қабылдау керек, тек тыйым салумен мәселе шешілмейді», деген еді Мемлекет басшысы.
Өткен аптада Мәжіліс денсаулық сақтау мәселелері туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жіберді. Құжатқа сәйкес ендігі жерде елімізде вейп өнімдер сатуға тыйым салынбақ. Айта кетерлігі, денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер тұжырымдамасынан тыс темекі өнімдерін тұтынуды шектеу нормалары бар.
Вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салудан бөлек, заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, электронды шылым сатқаны үшін 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді. Оны әкеліп, таратқандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал қылмыстық топтың не аса iрi мөлшерде, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жалпы, кейінгі жылдары «вейп» атанып кеткен электронды шылымдарды қолдану кең таралғаны рас. Әсіресе жастар арасында хош иісті никотиннің дәмін көргендер көп. Сөзіміз дәлелді болсын, цифрларды сөйлетейік. Мәселен, Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдан бастап вейп нарығы 300 есеге жуық өсті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сонау 2018 жылы Қазақстанда жүргізген зерттеуінде 15 жастағы ұлдардың 14 пайызы, қыздардың 6 пайызы вейпті бір рет қолданып көргенін, 11-15 жастағы ұлдардың 8,5 пайызы, қыздардың 3,8 пайызы үнемі тұтынатынын анықтаған болатын. Ал 2022 жылғы сауалнама вейпқор балалардың саны артқанын, соның ішінде әрдайым тұтынатындар 3,6 пайызға өскенін көрсетіп отыр.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, VIII шақырылым депутаттары сайланғалы бері электронды шылым нарығын реттеу мәселесі тұрақты талқыланып келеді.
«Үкімет қандай да бір қатаң реттеуді енгізуге мүмкіндік берді, біздің фракция бірнеше рет Премьер-министр мен Денсаулық сақтау министрлігінің басшыларына бұл келеңсіздікті мәселе етіп қойды. VII шақырылымда бұл мәселе комитетіміздің іс-шаралар жоспарына енгізілді. Ортақ шешімге келе алмадық және қатаң реттеуді енгізе алмадық. Базарларда, Алматының барахолкасында қап-қабымен сатылып жатыр. Кеше қоғамдық балалар қоры 400-ге жуық жасөспірім қатысқан әлеуметтік сауалнаманы жариялады. Зерттеу көрсеткендей, Алматы мен Астана жастарының 80 пайызы вейп қолданады. Бұл қорқынышты, осы тыйым арқылы балаларымызды қорғаймыз деп ойлаймыз», деді Е.Бейсенбаев.
Дегенмен депутат тыйым салу көлеңкелі сауданы арттыруы ықтимал екенін жоққа шығармайды. Алайда балалардың вейпке оңай қол жеткізуіне шектеу қойылатынына сенімді.
Кейінгі кезде вейптің «кәйпіне» түскен жастардың көбеюіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, вейпиндустрия балалар мен жастарға бағытталған маркетингті қолданады. Яғни оны сатып алу оңай. Балаларға аумақтық жағынан да және бағасы бойынша да қолжетімді.
Екіншіден, вейп сатушылар маркетингтің тәсілдерін қолданып, электронды шылымды «зиянсыз» ретінде жарнамалауға құмар. Осылайша, жастарды арбайды. Қазіргі таңда аталған қауіпті өнім сауда орындарында, оның ішінде азық-түлік дүкендерінде баланың көзі жететін деңгейде орналастырылған. Бұрын электронды шылым арнайы орындарда сатылса, енді қарапайым азық-түлік дүкендерінен де кездестіруге болады. Сондай-ақ вейптердің сыртқы қораптары, пакеттері түрлі-түсті тартымды суреттермен безендіріліп, балалар мен жасөспірімдер аудиториясына бейімделген.
Үшіншіден, вейптердің қарапайым темекіден айырмашылығы жетерлік. Шылым тартқан адамнан оның күлімсі иісі мүңкіп тұрса, вейптен ондай иіс шықпайды. Оның құрамындағы хош иістенгіштер, ингаляциялық заттар никотинді бүркемелейді. Соның салдарынан ата-ана баласының зиянды өнімді тұтынып жүргенін аңғармауы да мүмкін.
Төртіншіден, бағасы қолжетімді. Орташа есеппен, электронды шылымның құны 2000 теңге шамасында. Мектептерде балалар вейпті ортақтасып сатып алатынын әлеуметтік желілерден естіп жүрміз. Тіпті бастауыш сынып оқушыларының да дәмін татқаны туралы ақпаратты көзіміз шалғаны бар.
Депутат Нұргүл Таудың сөзіне сүйенсек, вейптердегі никотиннің мөлшері шекті деңгейден асып кеткен. «Қазақстанда тұтынудың электрондық жүйелерінің сұйықтықтарында никотин мөлшерінің рұқсат етілген шекті деңгейі 1 мг/см3, алайда Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің зерттеу нәтижелері бойынша никотин мөлшері 67,6 мг/см3 құрап, рұқсат етілген деңгейден ондаған есе асып кеткені анықталды», дейді Н.Тау.
Жалпы, электронды темекі мен вейп мәселесі Қазақстанды ғана емес, әлемді де алаңдатып отыр. Электронды темекі нарыққа алғаш рет шыққанда адамға зиянсыз екені алға тартылатын. Сондай-ақ кәдімгі темекіден бас тартуға көмектесетін өнім ретінде жарнамаланды. Кейінгі бірнеше жылда шартараптың түкпір-түкпірінде оған тыйым салуға белсенді кірісті.
Мәселен, таяуда ғана Ұлыбритания үкіметі аталған зиянды өнімді шектеу жөнінде заң жобасын Парламент қарауына ұсынды. Тұманды Альбионның премьер-министрі Риши Сунак жастардың темекі шегуін тоқтату мақсатында Ұлыбританияда бір рет қолданылатын вейптерге тыйым салынатынын мәлімдеді.
«Вейптің ұзақмерзімді әсері белгісіз және олардың құрамындағы никотин өте тәуелді болуы мүмкін. Сондықтан шылымнан бас тартуға көмектесетін құрал ретінде пайдаланылса да, оны балалар мен жасөспірімдердің қолдануына жол бере алмаймыз», деді Р.Сунак.
Ұлыбритания үкіметі жаңа ереже енгізу арқылы электронды темекіде хош иіс қолдануды шектемек. Ендігі жерде оны қарапайым қаптамамен орайды әрі қарапайым дүкенде сатуға шектеу қойылады. Тұманды Альбионның үкіметі мұндай қадамға кештеу барып отыр. Әйтпесе, Шотландия мен Уэльс тарапы талайдан бері вейпке тыйым салуға шақырып келеді.
Осы орайда айта кеткен жөн, электронды темекінің денсаулыққа зиянынан бөлек қоршаған ортаға тигізер зардабы да ауыр. Өйткені оны тұтынғаннан кейін арнайы орындарға емес, қоқыс жәшігіне тастайды. Салдарынан электронды темекіні жасауға пайдаланылатын пластмасса, оның құрамындағы заттар, электронды жабдықтар қайта өңделмей, қоқыс полигонына апарылады.
Ирландия да вейпке тыйым салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда аталған елдің үкіметі халықтың пікірін сұрастырып, сауалнама жүргізіп жатыр. Ирландиядағы денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау қауымдастығы үкіметті тезірек әрекет етуге шақырған. Мысалы, «Voice Ireland» ұйымы арнайы петиция жариялап, «Еуропадағы бір рет қолданылатын вейпке тыйым салған бірінші ел» ету мақсатында #BanDisposableVapes науқанын әлеуметтік желілерде жүргізіп келеді.
Германия да осындай электронды темекіге қарсы шара қолдануды көздеп отыр. Кейбір экологтер оған бүкіл Еуропалық одақта тыйым салуды көздейді. Солардың қатарында Қоршаған ортаны қорғау министрі Стеффи Лемке де бар. «Бір рет қолданылатын электронды темекілер қоршаған ортаны ластайды. Электр құрылғы ретінде қайта өңдеуге жіберілудің орнына тұрмыстық қалдықтарға айналады», дейді С.Лемке.
Тіпті қарт құрлықтағы нағыз шылымқор ел саналатын Франция да вейптерге қарсылық білдірді. Бұдан бөлек, Уругвай, Аргентина, Бразилия секілді бірқатар мемлекетте вейптерді қолдануға ішінара тыйым салынған.