Қоғам • 04 Ақпан, 2024

Мың үгіттен – бір үлгі

268 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы айтқандай, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру ел стратегиясының басым бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – ұлттық ұйысудың тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Керекулік түрлі этнос өкілдері қазақ тіліне сұраныстың артқанын шын мәнінде дәлелдеп отыр.

Мың үгіттен – бір үлгі

«Балаларым қазақ мектебінде оқиды»

Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениет­ті­лі­гінің белгісі. Тіл арқылы өзге елдің мәдениеті мен өркениеті сіңеді, мәдени алмасулар пайда болады.

Павлодар облысы «Келажак авлод» өзбек орталығы» қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Ұлық­бек Ахмедов үшін мемле­кет­тік тіл екінші ана тіліне айналған. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойын толық жеткізеді. Ұлықбек облыс орталығындағы 5512 әс­ке­ри бөлімінде концертмейс­тер қызметін атқарады. Әскери қыз­ме­тімен қоса өңірдегі ха­лықтар достығына қосып жүр­ген үлесі зор.

– Біздің бірлестіктің Пав­лодар, Екібастұз, Ақсу қала­ларында және Павлодар ауда­ны­ның Кемеңгер ауылында филиалдары бар. Жалпы 70-тей адам мүше. Өзім әс­кери бөлімдегі үрмелі оркестр­де біраз жылдан бері жұмыс істеймін. Бос уақытымды Ас­сам­­блея жұмысына, отбасыма арнай­мын. Отбасымда 3 балам өсіп келеді. Олар бүгінде қа­зақ­ша, өзбекше және орысша сөйлей алады. Балаларым қазақ мектебінде білім алып жүргенін зор мәртебе деп есептеймін. Бір қызық айтайын, Павлодар облысын кейбіреулер орыстанып кеткен өлке деп жатады. Бірақ мұнда жұрттың көбі мемлекеттік тілге аса құрметпен қарайтыны байқалады. Оңтүстіктегі Сай­рам ауданынан көшіп келген бір­қатар өзбек отбасылары Кере­ку­дегі Достық үйіне келіп, мем­лекеттік тілді меңгеріп жүр. Осының өзі қазақ тілінің бұл жақ­тағы биік абыройын білдірсе керек, – дейді ол.

Өзбек жастары жыл сайын қазақ тілінен өтетін диктанттарға үзбей қатысып, Ассамблея өткі­зе­тін мерекелік іс-шараларға атса­лы­сады. Әсіресе Наурыз – өзбек халқы үшін аса қастерлі мейрам. «Біздің халқымыз бидай өскінінен «сумәлак» деп аталатын тағам әзірлейміз. Бүкіл махалла, негізінен әйелдер қауы­мы үлкен қазанның қасына дөң­геленіп отырып, ән айтып, кө­ңіл көтереді. Сөйтіп, өз кезегін күтіп, сумәлакты араластырып оты­рады. Таңертеңгі уақытта әрі жылы, әрі дәмді тағам көрші-қолаңға, ағайын-туысқанға таратылады. Жергілікті тұрғындар: «Сумәлак жеп отырып тілек тілесеңіз, ол міндетті түрде орындалады», дейді. Бұл күні адамдар көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созып, мейірім танытады. Ақсақалдар мен апалар жасалған жақсылықтың бәрі шаңыраққа құт әкеледі деп ырым­­дайды. Үй шаруасындағы қыз-келін­шектер көк шөптермен ерекше бәліш пісіріп, қант пен жұмыртқадан «нишалды» деп аталатын тәтті тағам әзірлейді. Кең дастарқан жайылып, үл­кен қазанға палау пісіріледі. Қа­зақ­­тың ұлттың наурыз көжесі де дастарқанымыздан міндет­ті түрде орын алады», деп әңгі­ме­лей­ді Ұлықбек.

 

Қазақ тілі – ана тілім!

Жалпы, облыс орталығындағы Достық үйі Ертіс-Баян өңірін­де­гі қоғамдық келісім мен жал­пы­ұлттық бірлікті, этностық топ­тар­дың өзара іс-қи­мылы мен ұлтаралық келісімді нығайтуға, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дамыту, толерантты қоғамды қа­лыптастыруға орасан зор үле­сін қосып отыр. Бұл бағытта тек былтыр жүздеген іс-шара ұйым­дас­тырылды.

Мұндай іс-шараларға «Хал­қан Барт» шешен-ингуш этно­мәдени бірлестігінің мүшелері де ұдайы атсалысады. Бірлестіктің белсенді мүшесі Карина Фаргиева – қазақ тілінде сайрап тұрған жан. Фарина бүгінде Торайғыров уни­верситетінің магистрі, қазір Даржұман атындағы жаңғыру мектебінде шешен-ингуш бөлім­шесінің педагогі болып еңбек етеді.

– Успен ауданы орталығында өмірге келдім. Қазақ тілін сүюді анам үйретті. Ол маған үнемі «Қазақ тілі – сенің ана тілің, ал Қазақстан – сенің Отаның, тілді білуің керек» дейтін. Негізі орыс мектебінде оқыдым. Онда әртүрлі этнос өкілі болды. Сондықтан барлығымызға ортақ тіл орыс тілі еді. Қазақ тілі сабағы маған ерекше ұнайтын, бірақ орта болмаған соң еркін сөйлеп кете алмадым. Кейін университетке түсіп, жатақханада тұрғанда тілді тереңірек меңгере бастадым. Қазақтың салт-дәстүрін бойыма сіңіріп, қазақ тілінде таза сөйлеуіме мұрындық болған дос­тарыма көп рахмет. Қазақ тілі – шын мәнінде, мен үшін ана тілі. Өзін Қазақстанның лайықты аза­­ма­тымын деп санайтын әрбір адам жай ғана білім алуға емес, қо­ғамның бір бөлігі болуға тырысуы керек, – дейді ол.

Ол өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясымен 8 жылдан бері байланыста. Ансамбльдің орындаушысы болып бастап, қазір «Халқан Барт» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі. Мұнда түрлі ұлт балаларына ар­налған онлайн және офлайн қазақ тілі курстары тұрақты өте­­тінін атап өтті Карина. Тілді үй­­ре­нудегі бастамашылдығы үшін арнайы медальмен және түрлі ведомстволардың Алғыс­хат­тарымен марапат­тал­ған.

«Қоғамдық келісім» меке­ме­сі­нің басшысы Нүрия Көбено­ва­ның айтуынша, былтыр Дос­тық үйі 15 жылдығын атап өтіпті. Мерейтойлық жыл аясында «Наурыз аруы», «Жігіт сұл­таны» байқаулары, «Ұлттық киім – ұлттың көркі» акциясы, «Мұра мен дәстүрлер» атты ха­лық шебер­лерінің көрмесі өткі­зілген.

– Былтыр дәстүрге айналған «Қымызмұрындық» фестивалі де жал­ғасын тапты. Оған Қызыл­орда облысынан арнайы ша­қы­рылған қонақтар қолөнер бұйым­дары мен заманауи үлгіде ті­гіл­ген ұлттық киімдерін ала ке­ліп, сән үлгісін өткізсе, Аста­на және Семей қалаларының қолөнер шеберлері де арнайы алып келген бұйымдарынан көрме ұйымдастырды. Достық үйінің алаңында «Достық. Бірлік. Келісім» кешкі арбаты да өткізілді. Ал Павлодар қа­ла­­лық мәдениет және демалыс саяба­ғында «Бір шаңырақ астында» фестивалі аясында облы­с­тық ҚХА «Татар-башқұрт мә­дени орталығының» ұйым­дас­­­тыруымен «Сабантой» ме­ре­кесі өтті. Мерекелік іс-ша­раға Мәдениет және ақпа­рат министр­лігіне қарасты «Қоғам­дық келісім» мемлекеттік меке­ме­сінің төрағасы Элина Паули қатысты, – деп әңгімеледі Нүрия Қалымқызы.

Бұдан бөлек, Ұлттық домбыра күніне, Тілдер күніне, Рес­пуб­лика күніне арналған іс-ша­ра­лар да орнымен жүзеге асқан. «Жақсы келін – ырысың» атты облыстық келіндер сайы­сы­на аймағымыздың барлық ауданынан тәлімі мен тәрбиесі мол, ата-енесімен бірге тұратын инабатты келіндер қатысқан. Әні мен сәні жарасқан қазағымның әдемі келіндерінің арасында Светлана Падюкова мен Валерия Николаевна сияқты өзге этнос өкіл­дері де бой көрсеткен. Олар қазақ ұлтына өнерлі де, өне­гелі келін болып қана қоймай, ұр­па­ғын өсіріп, халқымыздың санын көбейтіп отыр.

Жалпы, өткен жылы Достық үйінің ұйытқы болуымен өңірде 573 іс-шара өткізіліп, барлығы 23 425 адам қамтылған.

 

Павлодар облысы