Мереке • 04 Ақпан, 2024

Азаматтық авиация күні

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азаматтық авиация ардагерлері кеңе­сінің бастамасы бойынша, ақпан айы­ның алғашқы күні Қазақстанның аза­мат­тық авиация қызметкерлері күні болып белгіленіп, кәсіби мерекелердің тізбесі қайта жаңарды.

Азаматтық авиация күні

Фото: pixabay.com

Алғаш рет аталып жатқан азаматтық авиация қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Көлік министрлігінде сала ардагерлері мен қызметкерлерінің, авиациялық компаниялар мен кәсіпорындардың, сондай-ақ шетелдік серіктес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Ми­нистр Марат Қарабаев авиаторларды құттық­тап, салалық  наградаларды табыс етті.

«Азаматтық авиация саласы отандық көлік жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі іспеттес. Бұл игі бастама саланы дамыту мен одан әрі нығайту, еліміздегі авиа­ция мамандарының патриоттық рухын көтеру жолындағы маңызды қадам болып отыр. Бірлескен күш-жігердің арқасында аталған сала әлемдік қоғамдастықта өзінің лайықты орнын иеленді. Атап айтқанда, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоғары деңгейде, саладағы негізгі көрсеткіштер мен жерүсті инфрақұрылымы күннен күнге жақсарып келеді», деді сала басшысы салтанатты жиында.

Мерекелік іс-шарада «Құрметті авиатор» медалімен азаматтық авиация арда­гер­лері М.Коровкин және М.Аязбаева, «Қаз­аэро­навигация» РМК Ақтау филиа­лының диспетчері С.Мифтахова, Air Astana әуекомпаниясының Airbus трена­же­рінің нұсқаушысы А.Петин, SCAT әуекомпаниясының кадрлық және құқықтық жұмыс департаментінің директоры А.Ганеев, Qazaq Air диспетчері Д.Османов марапатталды.

Министрдің Құрмет грамотасымен әуе ке­месінің командирі, азаматтық авиа­ция ардагері Е.Оспанов, SCAT әуе компаниясының президенті В.Денисов, Air Astana вице-президенті Е.Шамшиев, «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Н.Ахметов, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры К.Раду, Qazaq Air директоры Е.Наурызбаев, Астана әуежайының бас директоры Ю.Джаудер, Алматы халықаралық әуежайының прези­денті А.Ерсой, Азаматтық авиация акаде­мия­сының ректоры, басқарма төрағасы Б.Сейдахметов наградталды.

Сондай-ақ азаматтық авиация қызмет­кер­лері күніне орай ұйымдастырылған үстел теннисі бойынша турнирдің жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен кубоктер табыс етілді.