Әлем • 05 Ақпан, 2024

Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы стратегиясы

253 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еуропалық парламент қабылдаған қарарда қарт құрлықтың Орталық Азияға қатысты дипломатиялық стратегиясын қайта жоспарлау жөнінде айтылған. Жаһандық ірі өзгерістер кезеңінде аталған аймақтағы елдермен қарым-қатынасты тереңдету үшін Еуропаның бетке ұстайтын демократия талаптарын өзгертуге тура келеді.

Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы стратегиясы

Орталық Азиямен қарым-қатынас бағыты

Тарқатып айтсақ, 17 қаңтарда Еуро­па­лық парламент Еуропалық одақтың Орталық Азияға қатысты стратегиясы жөніндегі қарарды жұмысқа алды. Ха­лықаралық істер жөніндегі комитет дайын­да­ған мәтінде ЕО-ның ай­мақ­қа міндеттемесін күшейту, өңірлік ынтымақтастықты ынталандыру, адам құқықтары секілді де­мо­кратиялық құн­ды­лықтарды қор­ғау және екіжақты сау­даны қолдаудың маңызы сөз болған.

Баяндаманы әзірлеушілер аталған өңірде еуропалық қарым-қатынастың күшеюі қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде күн тәртібінде тұрғанына тоқ­та­лады. Атап айтқанда, Ук­раи­надағы соғыс және Ауған­станда «Талибанның» билікке қайта оралуы, сондай-ақ 2022 жылы Орталық Азия елде­рін­де – Қазақ­станның ірі қала­ла­рындағы, Таулы Бадахшан және Қарақалпақстан секілді ав­то­­но­миялық аймақтарда орын алған на­ра­зылық шерулеріне мән беріледі.

Еуропалық комиссияның Сырт­­қы істер және қауіпсіздік жө­­ніндегі өкілі Питер Станоның па­йым­дауынша, 2019 жылы Стра­­тегия қабылданғаннан бері Орта­лық Азиямен қарым-қаты­нас­тар тереңдей түсті.

Ол Стратегия шеңберінде қол жет­­кізіл­ген нәтижелер шынымен де құ­жаттың негіздемесін және өркендеуге, тұрақтылыққа және аймақаралық ынты­мақтастыққа ұмтылу секілді үш басым­ды­ғын көр­сететінін алға тартады. Осын­дай жетістіктер 23 қазанда Люк­сембургте еуропалық көш­бас­­шылар мен Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министр­ле­рінің кездесуінен кейін Еу­ро­палық одақ пен Орталық Азия арасындағы байланысты нығайтуға арналған жаңа Жол кар­тасының қабылдануына ық­пал етті.

Бұл жаһандық стратегияда жаңа ке­лі­сімдер мен бастамалар қамтылған. «2024 жылдың 29 және 30 қаңтарда өткен Тұрақты көлік байланысы жөніндегі Global Gateway» инвесторларының форумы секілді іс-шаралар аймақ­ара­лық байланысты нығайтуға бағытталған», дейді Питер Стано.

 

Өңірлік ерекшелікті ескеру

Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі стратегиясы ай­мақ­тық ерек­ше­лікке мән бе­ре­ді. Дегенмен Жол картасын­да өңірдегі бес мемлекетпен екі­жақты қарым-қатынасты ны­ғай­ту да ескерілген. Әсіресе, Қытай­ға бәсе­ке­лес­тігіне қарсы тұру мәсе­лесі қоз­ғал­ған.

Украинадағы соғыс Орталық Азия мем­лекеттерін Ресейден алшақтауына итермеледі. Енді, босаған осы орынды Қытай алып, энергетика саласына ауқымды инвестиция құйып, көлік байланысын арттыруға мүдделі. Бірқатар келісімге қол қойылды. Мәселен, Қа­зақстан 2020 жылы Кеңейтілген әріп­тестік пен ын­­тымақтастық туралы ке­лісім қабылданды. Өзбекстан, Қыр­ғыз­­стан және Тәжікстанмен ынты­мақ­тастық бұрынғы Серік­тестік және ынтымақтастық туралы келісімдерге негіздел­ген. Дегенмен қазіргі таңда жаңа се­ріктестік және ынтымақ­тас­тық келісімі туралы келіссөздер жүр­гізіліп жатыр. Түрікмен­стан­мен қарым-қатынас 2010 жылы күшіне енді. Құжатты Еуро­па­лық пар­ламент ратификациялауы қажет.

Питер Станоның айтуынша, қазіргі жаһандық шектеулер мен Ресейдің Украинадағы заңсыз соғысы нәтижесінде туындаған гео­саяси жағдай Орталық Азия­мен қарым-қатынастың маңызын күшейтеді. Өңірде Еуропалық одақтың белсенді әрекет ете бастауы бұған дәлел.

 

Адам құқының маңызы

Еуропалық одақ Орталық Азия­мен қарым-қатынасы ны­ға­йып жатқанымен, аймақтағы адам құқықтарының жағ­дайы алаңдаушылық туғызып отыр. Стра­те­гиялық есепке дауыс бер­ген күннің ертеңіне Тәжік­с­тандағы бұқаралық ақ­парат құ­рал­­дарына жасалған мем­ле­кеттік репрессияны, журналистерді не­гіз­сіз түрмеге жабуды және цен­зу­раны айыптайтын мәтін жұ­мыс­қа алынды.

Бұған дейін Еуропалық парламент басқа да Орталық Азиядағы мемле­кеттерге қатысты осындай қарар қа­был­даған. Атап айтсақ, былтыр қазанда Өзбекстанға, шілдеде Қырғызстанға, 2021 және 2022 жылы Қазақстанға ес­кер­ту жасаған еді.

Бұған дейінгі декларация­лар­дағы секілді 17 қаңтардағы қарарда Орталық Азияда демо­кра­тиялық басқаруға, заң үс­тем­дігіне және адам құқық­та­рын қорғауға қатысты негізгі кем­ші­ліктері әлі де сақталып тұр­ға­ны­на, ке­йінгі кездері нашарлап кеткеніне назар аударылған.

Мұндай пікір Еуропалық одақтың дип­ломатиялық страте­гиясында кезде­се­тін қиын­дық­тар­ды анық көрсетеді. Еуропалық парламент депутаттары Еуро­­па­лық комиссияны Жалпы преференциялар жүйесі плюс (GSP+) өтінімін ба­ғалау кезінде және кеңейтілген әріп­тес­тік пен ынты­мақ­тастық туралы жаңа келісім бойынша келіссөздер ке­зін­де осы жағдайды ескеруге шақы­рады.

 

Сыртқы саясат ұстыны

Питер Станоның айтуынша, адам құқықтары мен негізгі бос­тандықтарын құрметтеу – еуро­палық сыртқы сая­сат­тың ұ­с­тыны ретіндегі негізгі қағи­да. Бұл серіктестік туралы қолда­ныс­тағы келісімдерде көрініс тап­қан. Осы құндылық­тар­ды құр­меттеуге назар аудара­тын­­дықтан, Еуропалық парламент Тәжікстанмен Серік­тес­тік және ынтымақтастық туралы келісімді қабылдаған жоқ.

Осы орайда, Еуропалық одақ өңірдегі әріптестерімен бірге адам құқығын ілгерілету жө­нін­­де келіссөздер өткі­зе­ті­нін айта кеткен жөн. Осыған байла­нысты Еуропалық парламент депутаттары Еуропалық комис­сияны визаны жеңілдету туралы келісімдер жасауға дайындық барысында Орталық Азия мем­ле­кеттеріне қатысты мақ­сат­ты және жан-жақты рефор­ма­лық бағдарламалар әзірлеу бо­­йынша кон­сультацияларды жан­дан­ды­ру­ға шақы­рады.