Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабеков
Алқалы жиын облыс әкімдігі мен қытайлық компаниялар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімімен басталды.
Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің басты міндеттері турасында сөз бастаған сала басшысы Нұржан Нұржігітов Су кодексі жобасының Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылғанын, Үкіметтің Қазақстан Республикасындағы су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгенін баяндады. Сондай-ақ ол су үнемдеу технологиясын енгізген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайында да түсіндіріп өтті.
Өзара ынтымақтастық шеңберінде өткен жиында қытайлық компания өкілдері өңірден тамшылатып суару технологиясына қажетті құрал-жабдықтар өндіретін зауыт ашып, ауқымды жобаларға инвестиция салуға ниетті екендіктерін білдірді.
Сонымен бірге зауытта пластикалық су үнемдейтін құрылғылар шығарумен қатар ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуден өзге де салалар бойынша жоспарларын бейнебаян арқылы таныстырды.
Мұнан кейін қос министрлік басшылары бассейндік инспекция басшыларымен, шаруа қожалықтарының және су үнемдеу технологияларын өндіретін отандық кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті. Басқосуда Ауыл шаруашылығы саласының басшысы Айдарбек Сапаров Алматы облысында былтырғы жылы жиналған дәнді дақыл 2022 жылғы көрсеткіштен 5 млн тоннаға кемігенін тілге тиек етті.
Жалпы өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,7 пайызға төмендеп, 8,7 трлн теңгені құраған. Жыл қорытындысында өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 4,3 трлн теңгені құрап, 2022 жылғы деңгейден 15 пайызға төмендегенін айтқан министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зардап шеккен фермерлерді қолдау үшін Үкімет тарапынан бірқатар шаралар қабылданғанын атады.
«Саланы субсидиялауға шамамен 500 млрд теңге, Үкімет резервінен өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы бойынша қалыптасқан борыштарды өтеуге 64,3 млрд теңге бөлінді. «Бәйтерек» холдингінің қаржы институттары тауар өндірушілерге қатысты айыппұл санкцияларын қолданбай, несие мен қарыздарды ұзартуды жүзеге асырып жатыр», деген ол осы шараларды қабылдау фермерлердің қаржылық жағдайын жақсартуға және биылғы жылғы егіс науқанына дайындық жасауға мүмкіндік беретінін айтты.
Бүгінгі күні ауыл шаруашылығын сумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналып отырғанын, сол себепті фермерлердің заманауи суару жүйелерін сатып алуға жұмсалатын шығындарының 50 пайызын өтеу арқылы су үнемдеу технологиялары енгізілгені, өткен жылдың соңынан бастап инвестициялық субсидиялаудың жаңа қағидалары күшіне енгені турасында да түсіндірілді.
Елімізде өзекті болып отырған ирригация жүйесі мен гидротехникалық қалпына келтірудің маңыздылығы жайлы сөз қозғаған Су ресурстары және ирригация министрлігінің басшысы Нұржан Нұржігітов еліміздегі иесіз 9 су қоймасының 4-еуі Алматы облысында орналасқанын атай келе оның коммуналдық меншікке алынуы мен диқандар пайдаланатын суға міндетті түрде келісімшарт жасасу қажеттігінен құлағдар етті.
«Облыс аумағында 310 гидротехникалық нысан бар. Олардың 72-сі – су қоймасы, 112 тоған, 13 бөген және бөгет, 14 су торабы мен 99 магистралдық каналдар. Суармалы жерлердің ауданы 270,5 мың гектарды құрайды, оның ішінде суармалы егістік – 246,2 мың гектар. Барлық суару желілерінің ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайды. Суару желілері мен гидротехникалық нысандардың 60-70 пайызының тозуына байланысты су шығыны 40 пайызға артып, суармалы жерлер толық игерілмей жатыр. Бұл мәселені шешу үшін 2022 жылдан бастап айналымнан шығып қалған 54,1 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Облыстық бюджет есебінен 1,7 млрд теңгеге 9 жоба әзірленген болатын. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 124,5 млрд теңгені құрады. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде суару кезінде су шығынын азайтып, суармалы жерлерден алынатын өнім көлемін 23 пайызға арттыру және 2000-ға жуық жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған», – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.
Оның баяндауынша, 2022-2023 жылдары республикалық бюджеттен 7 ауданның және Қонаев қаласының суару желілерін қайта жаңғыртуға 7,9 млрд теңге бөлінген. Ағымдағы жылы басталған жұмыстарды жалғастыруға және Ұйғыр ауданының жобасына 6,4 млрд теңге қарастырылған. Бөлінген қаражаттың жетіспеушілігі және уақтылы бөлінбеуі жобаларды қайта түзетуге бағытталған шығындарға алып келеді.
Шаруа қожалықтарының суға кететін шығындарының өсуін, су үнемдеу технологияларын енгізу арқасында су тұтыну көлемін азайтып, өнімділікті ұлғайту арқылы табыстардың өсуімен теңестіруге болады. Қазіргі уақытта облыста су үнемдеу технологиялары 20,5 мың гектарда қолданылады, оның 9,6 мың гектары тамшылатып суару болса, 10,9 мың гектарында жаңбырлатып суару әдісімен жүзеге асырылады.
Алматы облысы – су ресурстарымен қамтылған өңірлердің бірі. Солай бола тұра су ресурстарының трансшекаралық өзендерден және климаттық өзгерістерге тікелей тәуелділігі кейінгі жылдары айқын көрініс тауып отыр. Суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру перспективалары суды үнемдейтін суару технологияларын кеңінен қолданумен тығыз байланысты. Бұл суды және қоректік заттарды нүктелік жеткізу арқылы суды тұтынуды азайтуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты тауар өндірушілерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында министрлік тарапынан инвестициялық субсидиялау, сондай-ақ фермерлерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
Шаруашылықтарды ынталандыру үшін инвестициялық субсидия мөлшерін ұлғайту жөніндегі ұсыныстың Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолдау тапқандығы айрықша аталды. Ағымдағы жылы инвестициялық салымдарды субсидиялауға бюджеттен 4,7 млрд теңге қарастырылған.
Тұрғындардың табыстылығын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында су үнемдеу технологияларының жабдықтарын сатып алуға төмен 2,5 пайызды несие беру арқылы қолжетімділігін арттыру жоспарланып отыр. Бұл ретте жобаларды 20 пайыздан алдын ала төлем арқылы іске асырып, қалған бөлігін субсидия алғаннан кейін өтеу тетігі пысықталып жатыр. Сонымен қатар бағасын одан әрі арзандату үшін облыс аумағында су үнемдеу жабдықтарын шығаратын зауыт салу жоспарланған.
«Судың да сұрауы бар» демекші, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге суды тиімді пайдалану қажеттігі турасында үнемі түсіндіріліп және аграрлы аймақта су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары бұдан әрі де жалғаса бермек.
Министрлер сапар соңында «Жібек жолы» ЖШС мен Шеңгелдідегі сорғы стансасының жұмысымен танысып, ондағы өзекті мәселелерге назар аударды.
Алматы облысы