Сұхбат • 06 Ақпан, 2024

Сөренің сәні – отандық тауар

227 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанның Сүт одағы сауда сөрелерін жаулап алған импорт­тық тауарлар отандық өндірушілердің дамуына кедергі келтіруде деп мәселе көтеріп жүргені бүгін емес. Азық-түлік саласын алға бастырмай отырған да – реттеуге көнбей келе жатқан ішкі нарық. Егер ірі сауда желілері импорттық тауарларға басымдық беруді жалғастырып, Үкімет мұны үнсіз бақылап отыра беретін болса, онда алдағы жағдай қалай болмақ? Осыған ұқсас өзге сауалдарымызға жауап табу үшін Қазақстан Сүт одағының директоры Владимир Кожевниковпен аз-кем әңгіме-дүкен құрдық.

Сөренің сәні – отандық тауар

– Владимир Николаевич, әңгімені төтесінен бастасақ, қа­­зіргі жағдайда сүт өнер­кә­сі­бі мемлекет көздеп отыр­ған мін­деттерге дайын ба? Өйт­­кені Президент халыққа Жол­дауын­да елімізді ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін өнді­ру мен өңдеудің ірі өңірлік орта­лығына айналдыру міндетін қойып отырғаны белгілі.

– Бұл жерде бір-бірінсіз алға жылжымайтын құрамдас екі бөлік бар: біріншісі – өндіріс пен өңдеу болса, екіншісі – дайын өнім­ді сату. Біздің өндірушілер бүгінде ЕАЭО елдері нарығында да, алыс шетелдерде болсын бәсекеге қабілетті жоғары сапалы өнім дайындай отырып, сүт шикізатының кез келген көлемін өңдеуге әлеуетті. Мәселе мынада, Қазақстанда техникалық рег­ла­менттердің талаптарына сай келетін сүт шикізаты жеткіліксіз. Барлық талаптың үдесінен шы­ғатын шикізат – бағасы жағы­нан бәсекеге қабілетсіз. Өйт­кені көрші елдердің, мысалы, нарығымыздың жаулап алған Беларусь, Ресей өндірушілерінен сатып алу Қазақстанға қарағанда 10-30%-ға арзан және осы баға айырмашылығы жергілікті фермерлерге берілетін мемлекеттік субсидиялар есебінен қалыптас­қан. Өкінішке қарай, біздегі фер­мерлерді қолдау шаралары ауқымды әрі тиімді болмаған­дықтан, ішкі нарықта көршілермен бәсекелесе алмай отырмыз.

Сондықтан отандық сүт өңдеу­шілер шикізаттың едәуір бөлігін көрші елдерден алады. Біздіңше, бұл – түбегейлі дұрыс емес. ЕАЭО деңгейінде фермерлерді мемлекеттік қолдауды теңестіретін регламенттерді пысықтау қажет. Бір елдің өндірушілеріне ортақ нарықтағы басқаларына қарағанда ұтымды жағдайда бо­луына жол беруге болмайды. Оған қоса көр­шілердің ауыл шаруа­шылы­ғы ауқымы жағы­нан да көлемді, олар­дың айналымы бізге қарағанда 5-20 есе көп. Сондықтан біздің шаруа қожалықтары, шикізат өндірушілері – ақылға салынған әрі тиімді мемлекеттік қолдауға мұқтаж.

– Осы арада «Аmanat» пар­тия­сының агроөнеркәсіптік ке­ше­ні жөніндегі Республикалық кеңесі сауда туралы заңнамаға,  нақтырақ айтсақ, ҚР ішкі нары­ғында азық-түлікті өткізу бөлі­гіне түзетулер, өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу тура­лы заң жобасына бастамашы болға­ны­на тоқтала кеткен жөн болар.

– Бұл нарықтағы жағдайдың реттелмегенінен туындап отыр. Өкі­нішке қарай, сауда же­лілері отандық азық-түлік өндіруші­лерінің бәсекелестігіне тең жағдай жасамайды. Себебі бөлшек саудагерлер үшін импорттық өнімдерді сату коммерциялық тұрғыда тиімдірек, өйткені импорттағы желілердің маржасы көбірек. Ал отандық жеткізушілер оларды қызықтырмайтындықтан, сауда желілері толығымен кіріптарлық жағдай туындатып отыр. Мысалы, отандық өндірушілер сауда желілеріне үлкен ретробонустар төлеуге мәжбүр. Жеткізілген және сатылған өнім үшін төлемді айлап кешіктіреді. Жақында, тіпті бір сорақы жағдай болды: жергілікті сауда желісі Қазақстанның же­тек­ші сүт компанияларының бі­рі­не миллиард теңгеге жуық қа­рыз болған! Бір жылға жуық уа­қыт бойы сау­да желісі сатыл­ған тауар үшін жеткізушіге ақы­сын төлемеген. Нәтижесінде, жеткі­зуші наразылық ретінде өзінің барлық өнімін осы супермаркеттер желісінен әкетуге мәжбүр болды. Өкінішке қарай, мұндай өрескелдік өте көп. Көп жағдайда өз өндірушілеріміз сауда же­лілеріне шарттарын орын­да­туға ықпал ете алмайды. Өйткені олар наразы өндірушімен арадағы мәміледен жай ғана бас тарта салуы мүмкін. Егер сауда желілері шындығында монополистер еке­нін ескерсек, өндірушінің басқа амалы жоқ, өйткені оған тауарын қалайда сату керек.

– Осындай жағдайда мемлекет отандық өндірушілер мен сау­да желілерінің өзара қарым-қа­тынасын реттеуге араласа ала ма?

– Мемлекет отандық өндіруші­лер мен сауда желілерінің өзара қарым-қатынасын міндетті түрде реттеуге тиіс. Қазір сатушылар мен өн­­дірушілердің қарым-қа­ты­­­на­­­­сын жабайы нарық реттейді және сауда желілері күштілік та­ны­­­тып, «бізде сатқың келе ме, онда шарттарымызға бағын, бағынғың келмесе, кете бер», деп отыр. Егер әрбір қалада қай сауда желісінің сөзі жүріп тұрса, онда өндірушінің басқа баратын жері жоқ. Базарлар мен шағын дүкендер сатылымның тек 20-30%-ын қамтамасыз ете алады, ал негізгі азық-түлік сау­да­сы үлкен супермаркеттерде жүр­гізіледі.

Біз, өндірушілер, осы мәселе­лерді бұрыннан көтеріп жүр­міз және «Аmanat» партиясы­на сол үшін және «Сауда қызме­тін реттеу туралы» заң жобасын бірге әзірлеуге дайын болға­ны үшін алғыс айтамыз. Бұл өндірушілердің ритейлмен өзара қарым-қатынасын нақты реттеу­ге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті саудада отандық өнді­руші үшін басым жағдайлар жасайды деп үміттенеміз.

– «Сүт одағына» кіре­тін ком­паниялардың Қазақстан­дағы сауда желілерімен өзара қарым-қатынасы қалай?

– Қазір біздің өндірушілердің сауда компанияларымен қарым-қатынасы шиеленісіп тұр. Мил­лиард теңгеге жуық қарыздар туралы айтып өттік. Мәселе тек төлем­дерді кешіктіруден туындап отырған жоқ, келісімшарт жасасу барысында үнемі қысым­ға тап боламыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, ретробонус­тар, басқа да төлемдер мен қосым­ша қызметтер бойынша күрде­лі, экономикалық тұрғыдан тиім­сіз шарттар міндеттеледі. Нәти­же­сінде, бізге ресейлік және бела­русьтік өнімдермен баға жағынан бәсекелесу өте қиын, өйткені олар­дың импорттық көле­мі, әсіресе шека­ра маңындағы аудандарда орасан. Сауда компаниялары ұял­май, «импорттық тауармен жұмыс істеу бізге тиімдірек» деген­ді ашық айтады. Нәтижесінде, жыл­дан-жылға біздің өз нары­ғымыз­да саудамыз құлдырап барады, өн­діріс толық көлемде жұмыс істей ал­майтындықтан, азық-түлік қауіпсіздігімізге де қауіп төніп тұр.

– Расында, ірі сауда желіле­рінің бірінен импорттық өнім­дер­дің бүтін бір бөлімдері пайда болғанын көріп жүрміз, тіпті  дү­кен ішіндегі дүкен деуге болады.

– Өкінішке қарай, солай. Бұл үрдіс тек супермаркеттерде ғана байқалып жатқан жоқ. Мысалы, бізде тек Беларусь өнімдерін сататын дүкендер желісі бар. Сол сияқты әсіресе шекара маңында тек ресейлік азық-түлік сататын дүкендер табылады. Ол жерлерден сіз жергілікті ештеңе таппайсыз. Неліктен осыған жол берілді? Неліктен мемлекет отандастарымызды өз өнімдерімізді сатып алуға үгіттемейді? Жарайды, супермаркеттерге бұл керек емес делік, бірақ мемлекет экономиканың дамуына мүдделі болуы керек емес пе еді? Көршілердің нарығын мысал етіп қарасақ та, олардан тіпті шағын болса да, тек қазақстандық тауарлар сатылатын дүкенді таба алмайсыз.

Сауда компанияларының им­порт­тық азық-түлікпен белсенді сауда жасауға құлшындыратын өзіндік себептері бар. Бұл жоға­рыда айтылғандай, Ресей мен Бе­ларусьтегі аграрлық секторды субсидиялау, ЕАЭО шеңберіндегі бірыңғай реттеу мәселесімен байланысты. Оған қоса импорттық тауарларға отандық өнімдерге қарағанда бақылау аз. Мысалы, сүттің белгілі бір маркісіндегі бір партияны тексереді де сертификат береді. Сонымен бітті, үш жыл еркін сата бер. Ал отандық тауарлар қатаң бақылауға алынып, тексеріліп отырады. Сапасы, құрамы сияқты стандарттарға сәйкестігі бойынша қырғын есеп беруді талап етеді. Неліктен біздің мемлекет өзінің регламенттерімен жергілікті өндірушілерді әбден мезі қылады да, импорттық азық-түліктің үстемдігіне қарсы әрекет жасамайды? Мұндай жөнсіз реттеу тәжірибесі әлемнің басқа ешбір елінде жоқ сияқты.

Мәселен, сол Беларусьтің өзін алып қарасақ, сауда сөрелерінің көрнекі бөлігі 70-80%-ы отандық азық-түлікпен толуы керек деген қағида заңды түрде бекітілген. Иә, әзірге біз 80%-ды талап ете алмаймыз, өйткені біз барлық сегментте үлкен көлемде өнім шығармасақ та, сүт, қаймақ, сүзбе шығаруда жетіп қалуымыз мүмкін. Бірақ қалай болғанда да регламенттерде отандық өнімдер сөрелердегі ең жақсы орындарда тұруға тиіс екенін көздеу қажет. Қазірдің өзінде біз елдегі сауда сөрелерінің жартысын қамтамасыз ете аламыз.

– Сіздің ойыңызша, отандық өнімдер сатылатын сөрелерді тар­тымдырақ ету, танымал ету жұмыстары қалай жүргізілуі керек?

– Сауда сөрелеріндегі ең үз­дік орындар импортқа емес, отан­­дық өнімдерге берілуі керек. Қазақстанға дамыған елдер­де де, көрші елдерімізде де билік бел­сенді қолданатын қатаң протек­ционистік тәжірибелерді енгізетін уақыт келді. Бізде бүкіл елдегі сатылымдарды бақылайтын екі-үш басым сауда желілері бар. Егер олар бес, сегіз, он болса, онда өнді­рушіде таңдау пайда болады, ал желілер тек клиент үшін ғана емес, сонымен қатар өндіруші үшін де бір-бірімен бәсекелеседі.

Ең бастысы, сауда компания­лары өндірушілермен ынты­мақтастық шарттарына енгізіп отырған келісімшарттық міндет­темелерді жөнге келтіру қажет. Біз сауда желілеріне жеткізушілерден ретробонустар мен басқа да қо­сым­­ша сыйақылар алуға заңна­ма­­лық түрде тыйым салуды ұсы­на­мыз. Желілер мұны қазіргі келі­сімшарттар шеңберінде отан­дық жеткізушілерге жүктеп қойған.

Бөлшек сауда компаниясы тек сауда үстемесінен ақша табуы керек және алымдарды «қосымша қызметтер үшін» деп жасырмауы керек. Жеткізілген тауар үшін сауда компаниясының төлем мерзімін нақты реттеу қажет. Қазір жаңа заңға қатысты ұсыныстарымыз жұмыс тобы аясында пысықталып жатыр. Егер осы тармақтардың барлығы заңда бекітілсе, онда бұл, әрине, біз үшін үлкен қолдау болады. Біз де тұтынушымызды сапалы әрі алуан түрлі сүт өнімімен қуанта аламыз, өйткені өзімізде өндірілген өнім – мыңдаған шақырым жерден тасылған импортқа қарағанда әлдеқайда балғын әрі табиғи екені даусыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ