Үкімет • 06 Ақпан, 2024

Әлихан Смайылов үкіметтің отставкаға кетуіне байланысты түсініктеме берді

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың 11 ақпанында Үкімет басшысы болып тағайындалған Әлихан Смайылов аталған қызметті 2 жыл атқарды. Күні кеше Президент Әлихан Асханұлы бастаған Үкімет құрамының қызметін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Әлихан Смайылов үкіметтің отставкаға кетуіне байланысты түсініктеме берді

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр қызметтен кетуіне қатысты түсініктеме берді. Ол, ең алдымен, осы қызметті сеніп тапсырған Мемлекет басшысына алғыс айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сындарлы уақытта Қазақстан Республикасының Үкіметін басқаруға сенім білдіргені үшін зор алғысымды білдіремін. Өткен екі жыл қоғам үшін шешуші кезең болды. Мемлекет басшысы жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған аса маңызды саяси және экономикалық реформаларға бастамашылық жасады», деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов өзі Үкіметтің тізгінін ұстаған кейінгі екі жылда атқарылған шаруаларды қорытындылады.

«Үкімет осы реформаларды іске асыру және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қызмет етті. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында бірқатар нәтижеге қол жеткізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,1%-ті құрады. Барлық негізгі секторлар оң даму динамикасын көрсетті. Инфляция екі есеге төмендетілді. Елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі екі жыл қатарынан соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Оның жылдық көлемі 26-28 млрд долларды құрады. Ұлттық қордың активтері былтыр 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд доллардан асты. Рейтингтік агенттіктер ұлттық экономиканың тәуелсіз рейтингі мен инвестициялық сенімділігін растады», деді ол.

Әлихан Смайылов бірге қызмет атқарған әріптестеріне, депутаттарға, ел дамуына үлес қосып жүрген барлық азаматқа алғыс айтты.