Пікір • 06 Ақпан, 2024

Халыққа жаны ашитын команда жасақтаса жөн болар еді - Нұртөре Жүсіп

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп ел Үкіметінің жаңа басшысы Олжас Бектеновке тілек ретінде Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халыққа жаны ашитын команда жасақтаса жөн болар еді - Нұртөре Жүсіп

«Олжас Бектенов туралы айтар болсақ, біріншіден, қырықтың қырқасында қылшылдап тұрған жас адам. Бұған дейін Ақордада аппарат басшысы, оған дейін Антикорда қызмет атқарды. Өңірде де жұмыс істеді. Бір сөзбен айтқанда шаруаның жайын да, халықтың жағдайын да жақсы біледі. Екіншіден, қай жерде істесе де артынан жаман сөз ермеген кісі. Тазалық пен туралық жолында жаман аты шықпаған. Үшіншіден, Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан экономикасының табысын 2 есе арттыру міндетін қойды», деп жазды Нұртөре Жүсіп.

Сенатордың айтуынша, бұл оңай міндет емес. Бұған жігерлі, табанды, бір сөзді батыл адам қажет.

«Олжас Абайұлының бойында бұл қасиеттер бар. Президент те өз сөзінде осы қасиеттерін атап өтті. Бектенов  істің адамы секілді, көп сөйлемейді. Сөйлесе турасын айтады. «Адамдарға жақсы баспана мен жолдар керек. Қолжетімді жер мен ішетін су керек. Сапалы білім мен медицина қажет. Әділ сот пен өмір сүруге қауіпсіз орта керек. Ал біз ештеңе естімегендей сыңай танытамыз және «әдемі» статистикаға  құрылған жұмысты жалғастырамыз» деген сөзі бар. Маңыздысы - қоғамдағы тазалық!», деп пікір білдірді Нұртөре Жүсіп.

Сондай-ақ сенатор Президент ылғи айтып келе жатқан «Әділетті Қазақстан» қағидаты орнығуы үшін Үкімет басшысының жеке азаматтық ұстанымы да маңызды екенін тілге тиек етті.

«Салық Кодексі мен мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларды жедел ретке келтіру өте маңызды. Сосын Үкіметке аймақтарда әбден ысылған, тәжірибе жинақтаған, адал, арлы азаматтарды тарту арқылы халыққа жаны ашитын, елге жақын команда жасақтаса жөн болар еді!», деп ойын білдірді Нұртөре Жүсіп.