12 Маусым, 2010

БЕСІК СЫЙЛАУ – БЕКЗАТ ЕЛДІҢ ДӘСТҮРІ

748 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бәрекелді! Кеше Тараз қаласындағы №1-ші перзентханада облыс іскер әйелдері қауымдастығының қоғамдық бірлестігі “Бірлігіміз жарасқан!” ұранымен өткізіліп жатқан акция шеңберінде “Ашық жүрек” атты қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Облыс орталығындағы бұл перзентханада еліміздің көптеген болашақ батырлары мен ақындары, ғалымдары мен дарындары дүниеге келіп жатыр деуге толық негіз бар. Өйткені, перзентхана бас дәрігері Қ.Сағынғалиеваның айтуынша, мұнда бір айда 600-ге жуық нәрес­те­нің кіндігі кесіледі екен. Ал үсті­міздегі жылдың өткен 5 айы ішінде іңгәлаған 3000 сәби дүние есігін ашыпты. Атам қазақ “адамды сана­май­ды” деп ырым етсе де, “балалы үй базар” дегендей, еліміздің өсіп-өркендеп жатқан қуанышын жүрек түкпірінде жасырып тұра алмадық. Сонымен... Перзентхана залына босанған­да­рына небары бір аптаның көлемі болған, бүгін-ертең отбасына сә­билі болып оралуға дайын отырған 20 ана шақырылыпты. Бәрі де өрімдей жас. Бәрінің қолында құн­дақтаулы сәбилер. Ал “қызыл ша­қа­лардың” өздеріне арналған сән-салтанатпен “шаруасы” жоқ, әр қай­сысы өз мінездерімен, өз үнде­рімен перзентхананы “бастарына кө­теріп” жатыр. Бейне бұл да “Ашық жүрек” акциясының “бас әні” сынды құлақққа оғаш естіл­мейді. Облыс әкімі жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық демо­гра­фиялық саясат жөніндегі комис­сия­ның хатшысы К.Тоғызбаева, облыс іскер әйелдері қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г.Нұрымова аналарды қуаныш­тары­мен құттықтады. Шынында, әйел мерейі – өмір­ге сәби әкелуімен асқақтай түседі. Нағыз бақыт деген де осы. Осыған орай, бүгінде еліміздегі халық са­нының өсіп-өнуіне қал-қадерінше үлес қосып отырған аналар үшін жасалып жатқан қам­­қорлық та аз емес. Соның арқа­сында “Алтын алқа” мен “Күміс алқаға” және көп­теген әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізген көп балалы аналар­дың қатары да жыл санап көбейе түсуде. Облыста өткізіліп отырған осы қайырымдылық іс-шара да сол қамқорлықтардың бірі болып табылады. Гүлдар Нұрымова алыс­тағы Мойынқұм ауданынан келген жас ана Айсұлу Әбдірахманова дү­ниеге әкелген Мирас атты ұлға “на­ғашы әже” атанып, бесік сый­ла­ды. Айсұлудың күйеуі Мэльс Әб­ді­рах­манов қарапайым жұмысшы. Өзі үй шаруасындағы әйел. Сон­дық­тан жаб­дықтары жалт-жұлт ет­кен бұл сыйлық, шынында облыста бұрын-соңды қолға алынбаған және алда­­ғы уақытта еліміз бойын­ша игі дәс­түрге айналдыруға бола­тын жақсы бастама екен деп түйдік. Сөйтіп, сал­­­­танатқа шақырылған басқа ана­ларға да барлығы 200 мың теңге кө­ле­­міндегі бағалы сый­лықтар табыс етілді. Халқымызда “Қуаныш бөліссе көбейеді, қайғы бөліссе азаяды” деген қанатты сөз бар. Елбасы да, ел де ата-бабалардың осы өсиетіне үнемі адалдық танытып келеді. Бұ­ған мысал ретінде, Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы топан су алған ауылдардың орнынан бой көтерген жаңа қо­нысты айтуға болады. Ал перзент­ханадан отбасына оралғалы отыр­ған отбасылардың қуа­нышына ортақта­сып, жағдайы төмен жас отбасы­ларға “нағашы­лық” жолмен бесік сыйлау – тек қа­на жаңа тұр­патты қазақстан­дық­тар­дың ғана қолынан келетін іс. Бед­ел­ді, берекелі елдің дәстүрі де бекзат! Елде “дос сүйініп, дұшпан күйі­нетін” осындай жаңа да, жақсы бас­тамалар көбейе берсін деп тілейік, ағайын! Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.