Қоғам • 06 Ақпан, 2024

Әлеуметтік әмиян

202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазақтелеком» мен «Қазпошта» бірлесіп «әлеуметтік әмиян» жобасын қолға алды.

Әлеуметтік әмиян

Әлеуметтің әлеуетін арттыратын жоба әлеуметтік төлем жасау­ды жеңілдетеді. Цифрлық төлем құралы Ұлттық банктің жедел төлем жү­йесімен іске асады. Отандық «BTS Digital» IT-компаниясы әзір­­леген әмиян «eGov» мобильді қо­сымшасына бірік­тірілді. Онда бар­лық әлеу­меттік төлемді алуға, қаражатты карталарға аударуға, сондай-ақ тегін дәрі-дәрмек пен мектепте түскі ас алуға мүмкіндік бар. Әлеу­меттік әмиян жобасының қа­­н­ат­қақты қадамы өткен жылдың қараша айында цифрлық әлемге аяқ басқан. Содан бері бірқатар сау­да және қызмет көрсету нысаны жобаға қосылып, оны іс жүзінде сынап көрді.

– Халық мемлекеттік төлем алушылармен бірге әлеуметтік әмияндарға есептелген әлеуметтік жәр­демақы есебінен азық-тү­лік пен шаруашылық тауарларын, дәріханадан тегін дәрі-дәр­мек сатып алып жүр. Өз бақы­лауымыздан өтті. Жоба – қауіп­сіз әрі ыңғайлы. Мысалы, дерек­терді жаңарту үшін мекеме­лер­ге, дәрі нұсқаулығын алу үшін әрдайым дәрігерлерге бару­дың қажеті жоқ. Тек телефонда жа­ңарту жұ­мыс­тарын жасау жет­­кілікті, – дейді «Қазақтеле­комның» стра­тегиялық басқару жө­ніндегі бас директоры Батыр Махан­бетажиев.

Расында да, қызмет мүм­кін­­дігінше қарапайым әрі қол­дануға ыңғайлы. «eGov-mobile» қосымшасының көмегімен кассада көрсетілген «QR» кодын сканерлеу жеткілікті. Ешқандай комиссия мен қосымша төлемдер де жоқ. Әлеуметтік әмиянды қол­данып жүрген Галина Вы­со­чанская «Мен қосымшаны үш айдан бері пайдаланамын. Әмиян – өте ыңғайлы. Өйткені үнемі бір жерге барудың, қолма-қол ақ­ша алудың қажеті жоқ. Бәрін телефонмен-ақ жасаймын», деп  тәжірибесімен бөлісті.

Әлеуметтік әмиянның тағы бір артықшылығы – оқушыға қажет қызмет көрсету түрін анық­тауға мүмкіндік береді. Яғни ата-аналар баланың тамағы мен қа­жеттеліктері үшін мектепке барып жүрмейді. Егер балаға ыстық тамақ қажет болса, олар мемлекеттен тиісті «SMS» алады. Қызметті алуға келісім беретіндерін жауап хабарламасымен жіберсе жеткілікті, қосымша құжаттар керек емес. Бұл сонымен қатар мек­теп қызметкерлеріне түсетін жүктемені де азайтады.

Ақкөл қаласы П.Исаков атын­дағы №1 мектептің директоры Әсел Садықова «Қанатқақты жо­баға біздің мектептің қатысқанына қуаныштымыз. Қағазбастылықтан құтылу және уақытты үнемдеу арқылы жұмысты жеңілдетті. Ата-аналар да балаларының қалай тамақтанатынын көріп, уайымсыз жүр», деді.

Қазір әлеуметтік әмиянда мем­лекеттік қолдаудың көптеген түрі бар. Болашақта жеңілдетілген бағамен өнімдерді сатып алу, ин­­ватакси қызметтері, ерекше қажет­тіліктері бар адамдарға оңал­ту құралдарын сатып алу сын­ды мүмкіндіктерді қосу жос­пар­ланып отыр.