Айбын • 07 Ақпан, 2024

Отандық өнім сынақтан сәтті өтті

455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде отандық кәсіпорындардың өкілдері Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін арнайы әзірленген ұшқышсыз аппараттардың алғашқы сынағын өткізді.

Отандық өнім сынақтан сәтті өтті

Бұл – Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономи­ка­лық бағыты» атты Жолдауында айтылған отандық қорғаныс-өнер­кәсіп кешенін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруға бағыт­тал­ған жұмыстың нәтижесі.

Бұл құрылғылардың ұшу-тех­ни­калық талаптарға сәйкестігін бағалау үшін комиссия тағайын­дал­ды. Оның құрамына Қарулы күш­тер Бас штабы мен Әуе қор­ғанысы күштерінің Ұшқышсыз бас­қарылатын авиация жүйелерін да­мыту және оларды қолдану де­пар­таментінің офицерлері кірді.

ап

Барлық ұшу техникасы зама­науи бейнебақылау құралдары­мен, датчиктермен, қашықтық өлше­гіш­термен және тепловизорлармен жаб­дықталған. Сарапшылардың назарына әртүрлі ұшу аппараты көрсетілді. Олар арнайы резеңке жолақтың керілуімен көкке катапульта арқылы ұшып, сонымен бірге орнынан тікұшақ сияқты ті­гінен көтеріліп, әуеде қалықтады. 

– Отандық өндірушілер ұш­қыш­­сыз басқарылатын құрыл­ғы­лар­ды қысқа мерзімде жасады. Олар­дың жұмысының нәтижесін кө­ріп, бағалай алдық. Әрине, әлі де пы­сықтайтын мәселелер бар. Де­сек те, бастамасы жақсы, – деп атап өтті Қарулы күштер Бас штабы Ұшқышсыз басқарылатын авиа­ция­лық жүйелерді дамыту және олар­ды қолдану департаментінің офи­цері, полковник Ержан Жақа­шев.

Отандық өндіруші компаниялар әскерилердің барлық талабы мен сұранысын ескеруге тырысты. Елімізде өндірілген ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды қару-жарақ құрамына қабылдау бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге, оларды кейіннен күтіп ұстау және жаңғырту мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді. 

– Аппараттардың күндізгі және түнгі камералары өте тиімді, координаттарды анықтау функция­сы, лазерлік қашықтық өлшегіш және оқ-дәрілерді тастау жүйесі де бар. Мұндай сипаттамалар артиллерияны нысанаға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұны Қарулы күштердің мамандары жақсы бағалайды деп ойлаймын, – деді өндіруші компания өкілі Айбек Ахыш.

Сынақ аяқталғаннан кейін комиссия мүшелері отандық ҰҰА әзірлеушілеріне ұсынылған құрылғылардың нұсқаларын пысықтау және толықтыруға қатысты ұсыныстар берді.