Жұмыс • 06 Ақпан, 2024

Ынталы жанға жұмыс бар

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Атырау облысында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту шараларына 35,7 мыңнан аса адамды тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде 9 348 адам тұрақты, 5 799 адам бюджет есебінен қаржыландырылатын уақытша жұмысқа орналасады.

Ынталы жанға жұмыс бар

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Азамат Мәмбе­товтің дерегіне сүйенсек, 16 мың адам­ның жалақысына ішінара субсидия беріледі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай көмекті әлеуметтік және қоғамдық жұ­мыстарға, жастар тәжірибесіне, «Ал­ғашқы жұмыс орны» мен «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары аясында жұмысқа орналасқандар алады. Бұған қоса қысқамерзімді оқу курстарында 585 адам біліктілік шыңдап, онлайн Skills арқылы 1 880 адам қамтылады. Ал 72 адам ваучерден өткізіледі. «Бастау-бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін меңгеру үшін 2 615 адам оқуға жіберіледі. Өз ісін ашу бағытында әлеуметтік осал санаттарындағы 291 адамға қайтарымсыз гранттар мен 2,5 пайыздық жеңілдік, 142 жасқа микрокредит беру көзделіп отыр. Кәсіптік бағдарлаудан 15 041 адамды өткізу көзделген.

Мұнайлы өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар мен пробация есебінде тұрған, жазасын өтеу орындарынан босап шыққан адамдар үшін жұмысқа орналастыру квотасы белгіленіп отыр. Оларды жұмысқа қабылдайтын мекемелер тізбесі бекітілген.

Қазір өңірде мүмкіндігі шектелген 24 534 адам бар. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедектер – 2 293, екінші топта­ғы­лар саны – 8 789, үшінші топта­ғылар – 9 254. Ал 4 198 балаға мүге­дектік санаты берілген. Мүмкіндігі шектелгенімен, табыс тапқысы келетіндер аз емес. Мәселен, былтыр жұмыспен қамту орталықтарына мүмкіндігі шектелген, бірақ жұмыс істеуге қабілетті 1 182 адам жүгінген. Оның ішінде 1 019 адамға әлеуметтік қолдау көрсетілген.

«Былтыр басқармаға жүгінген мүмкін­дігі шектеулі жандардың арасынан 273 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Оның 77-сі квотамен қамтылды. Ал ақылы қо­ғам­дық жұмысқа 328 адам тартылды. Әлеу­меттік жұмыс орнына 17 адам, жас­­­­тар тә­жірибесіне 35 түлек жіберілді. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы – 7, «Күміс жас» жобасы шеңберінде жасы 50-ден асқан 18 адам жұмыс тапты. «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздері курсынан мүгедектік санатындағы 289 адам өтті», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ «Теңізшевройл» компа­ния­сы­ның қолдауымен оқу курсына – 4, арнайы жұмыс орнына 7 адам жіберілген. Ал 41 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант берілген. Мүмкіндігі шектелген 7 адамның жұмыс орны арнайы құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етіліп отыр.

 

Атырау облысы