Мәдениет • 06 Ақпан, 2024

Мәңгіліктің мәйегі

279 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ұлттың ұлы дүниесіне, рухани құндылығына, яғни жұртымыздың болаттай бұзылмаған болмысын тайға таңба басқандай танытатын, қанша шаң-тозаң бораса да тот баспаған, ниеті бұзық тобыр да сығырайып көрген жауһарларымызды өткен ғасырда, қызыл империяның сұм саясатының арасынан жол тауып, хатқа түсіріп, қорғасындай қорытып кеткен, Алаш идеясына адал арыстардың мұрасын қайта бір қарап отырғанда «ұлтшылдығына» ұйисың, атаққа жығылмайтын, ішкі есебіне үңілмейтін адал ісіне сүйсінесің. Бүгінгі таратып айтып жүрген барымыздың басында сол алыптар тұрғанына көз жеткізіп, екі дәуірдің зиялыларын салыстырмасқа шараң қалмайды. Желкесінде тұрған жендеттерге де қарамай, бас кетер қатерді де елемей, ұлт ісін шын ниетпен атқарғандар үлгісін жалтақтамай жаңғыртқанда бүгін ұлт тілі көкпарға түспей, көсегесі көгеріп шыға келер еді-ау, ә?!

Мәңгіліктің мәйегі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Біз бұл сорапты жолдарды сөз зергері Ғ.Мүсірепов: «...рес­публикамыздың мәдени өмі­рін жаңа жолға салысқан белді қай­раткер... Шын дарын... жас қай­рат даңғазасыз-шусыз, еді­рей­мей, елірмей, сыпайы да сал­мақ­ты келді... Ол жас жігіттің аты – Ахмет Жұбанов еді» деп ба­ға­лаған айтулымыздың ән мен күйімізді тұңғыш рет зерттеп, зердесінен өткізіп «Замана бұл­бұлдары», «Ғасырлар пернесі» атты екі кітабын қайта бір қарап шыққан соң, жазып отырмыз. Ән туралы ұлт ұлы, ардақты Ахаң: «Бәрі де жәй сөзбен айтқанда жет­пейтін сезім тасқынын ән арқылы шығарады» десе, күйге келгенде: «Қазақ халқы күйді де, күйшіні де құрметтеп төбесіне көтереді, тыңдаушылар күй тартылған кезде өзге дүниені ұмытып, күйшімен бірге тебіренеді, күймен бірге жы­лап, бірге күледі. Туғанда ән-күй­мен көзін ашқан жұрт, өлген­де де ән-күймен көзін жұмады», дейді.

Сол ұлы Ахаң – Ахмет Жұба­нов арқауын есіп, өрмегін тоқып кеткен ұлт жұмысының сеңі қоз­ғалды, тәубе! «Қазақтың ха­лық әндері», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «Қазақ күйлері» деген ір­гелі еңбектер үнтаспасымен жұрт қолына тиді.

Осыдан біраз уақыт бұрын «Қазақ күйлері антологиясы» ат­ты 500 күй топтастырылған кітап аудио­таспасымен жарық көр­ді. Кітап­ты парақтап, таспаны тың­дап отырып, ой кештік. Өнер құді­­ретіне, оның оқымаса да то­қы­­ғаны ұшан-теңіз жампоздары­на тамсанып қана қоймай, ой-байламдарымызды хатқа түсіруді жөн көрдік.

Құнды дүниедегі деректер­ді оқып отырғанда, таспадағы құді­ретті күй күмбірін тыңда­ған­да әл-Фарабидің оныншы ғасыр­да тап басып айтқан тағылы­мы еске түседі. Академик Ханкел­ді Әбжанов ғұламаның «Музыка туралы үлкен кітабында» музы­каның үш қасиетін былай тәп­сірлегенін алға тартады: бірін­ші – қасиетті музыка жаныңды ғана жайландырады, екінші – құлшыныс шақырады, үшінші – қиялыңды қияға шығарады. Шын музыканың осы үш құдіреті қай заманда да қалыбынан шыққан емес. Шуылдап келетін шалажансар­лар сәл дуылдатқанмен, уақыт өте келе қою шаңға көміліп қала береді.

Бұл антологияның басты ерек­шелігі неде дегенге келер болсақ, бұрын шыққан дүниелерге енбеген күйлердің алғаш рет жариялануы дер едік. Екінші, күйші­лер туралы мәліметтердің молынан берілуі, туындылардың тарихына кеңінен тоқталып, аңыз-әңгімелердің түп-тамырын тарата айтады. Сонымен қатар шетелдерде тұрып жатқан қан­дас­тардың күй мұраларын ата­жұртына жеткізіп, кітаптан көп орын берген. Әсіресе, танымал күйші, зерделі зерттеуші Ардаби Мәулетұлының жеке қорынан алынған Шыңжаңдағы Алтай- Тарбағатай, Іле қазақтарының саф алтындай сақтап келген домбы­ра және сыбызғы күйлері інжу-мар­жан деуге тұрарлық. Сыбызғы үні ерекше соны естіледі.

Осы арада мына бір игі­лік­­ті істі бөліп айтсақ, ке­ңес ке­зін­де көмескіленіп қал­ған сы­быз­ғы­ны сызылта тартқан шығыс­қа­зақ­стан­дық қарапайым қазақ бол­ғанмен, ұлт құндылығының шы­рақшысы, тума талант Шанақ Ауған­баевтың бай мұрасын, нақ­тылай түссек ол орындаған жиырма күйді, мем­лекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен та­уып беруі: жақсыны еске алудың, өнер туындысын қастерлеудің тағылымды үлгісі екені сөзсіз. Белгілі журналист Жаулыбай Иманалиевтің жеке қорынан алын­ған маңғыстаулық күйші Қ.Қонаршиевтің орындауында­ғы «Құлшар» мен бұрын еш жер­де жарияланбаған атақты қара­­таулық Сүгір Әлиұлының «Кауф­­ман», «Аманкелді батыр», «Базарбай Тәшен», Қожеке Назар­ұлының немересі шерткен түп­нұсқа күйлер, өзі тамылжыта орын­­даған Нұрғиса Тілендиевтің «Кө­ңілді бикеш», «Ата толғауы», бір сөзбен айтқанда антология­да ұлт өнерінің үлкен-кіші өкілдері, халық қазынасына айналған шы­ғар­малар шеп құрған.

Киелі күй тарихын қозғаған­да ежелгі заманды да естен шығар­май, Орхон-Енисей мәдениетіне мән беріліп, біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырда өмір сүр­ген грек тарихшысы Квинт Кур­ций Руфтың: «Скиф даласы­на жазғытұрым ұлыстың ұлы күні келгенде үстіне мауыты киген 365 бозбала қағанның ордасында күй тартты, ол жылдың әр күніне күймен мадақ айту салты екен», деген жазбасын дәйекке келтіре­ді. Содан бері дәстүр-салтымызға қылау түспей келе жатқанына осы естелік куәлік етеді. Иә, дәуірлер көшінде алтын арқауын бұзбай, сарын сағасы сәл өзгергенін жоқ­қа шығармаймыз. Онсыз өсіп, өр­кендеу бола ма?

Ел болған тұста әлемдік өрке­ниет деп жүріп, жаһандану­ға алда­нып қалмасақ болды. «Сақ­тық­та қорлық жоқ» деп кеткен бабаларымыз, зорлықшылдан тү­ңіл­генде.

Әр дәуір күйлеріне тақы­рып­тар қойып, соның аясында деректер беріп отырады. Ұлттық бояуы қанық кескіндеме суреттермен көмкеріп отыру да жақсы жарасымын тапқан.

Жалпы, бұл «Аманат» цик­лі аясында жарыққа шыққан ұжымдық еңбек екенін еске сала кете­лік. Идея авторы – және иесі Света­ Бабағұл болса, оның айна­ла­сына топ­тасқан қазақ өнері­нің саң­лақ­тары: А.Тоқтаған, С.Ақ­мол­­да, М.Әбуғазы, Т.Мұқышев, Ж.Жүз­бай, П.Шегебаев, тағы басқалар.

«Сыбызғы күйлері», «Қобыз күйлері», «Домбыра күйлері» деп келетін үш бөлімнің алдына алғы сөздер жазылған. Қысқа – бірақ нұсқалы. Мысалы, сыбызғыға сипаттама бере келіп, түрлеріне, неден жасалатынына тоқталып: «Сыбызғым бар, үш ойма, тырна жілік, Жігіт жолы болмайды саяқ жүріп. Екеу болса басымыз – мал да екеу, Қосылайық, ей қалқа, ойнап-күліп. Сыбызғым қыран жілік, күміс ернеу, Мықыннан сусып түсер шәйі белбеу. Сағынып сары жонға қарай-қарай, Ей қалқа, екі көзім болды төртеу. Сыбыз­ғым жілігінен күшігеннің, Қалқа­тай бүгін түнде түсіме ендің...» деген халық өлеңімен ой түйінін бекітеді. Байқайсыз ба, сыбызғы тырна, қыран, күшіген жілігінен жасалатынын меңзеп отыр ғой.

Қара қобыздың тарихын қоз­­ғағанда, Юлий Полидевктің: «...ішек­ті музыкалық аспапты ойлап тапқан скифтер, бұл аспапты сірі­мен қаптайтын болған» деген тұжырымын алға тартады. Бұл да ақиқат еді. Қорқыт, Ықылас, өзге де өрен жүйріктердің шы­ғар­­­малары талданады. Домбыра­­дай киелі аспаптың сыр-сипаты­на келгенде, ол кіндіктес жұрттар­­­ға ортақ келетінін тілге тиек етіп, қазақ халқының рухани қаруы болғанына дәйектер келтіреді.

Күй, күйші, орындаушылар туралы айтқанда, әрқайсысына тоқ­талып отырады. Топ жарған мық­­­тылардың тартқан сыбыз­­ғы, қобыз, домбыраларының ­су­рет­ін қатар жариялау да кітап құ­нын арттыра түседі. Оған ­Ма­хам­­беттің, Сүгірдің, Әбікен Ха­се­новтің домбыралары, ­Дәу­­­лет­ Мық­тыбаевтың, Жап­пас ­Қа­лам­баевтың қобыз­дары дә­лел. Алуан тақырыптағы күй­лерге қа­тысты аңыз-әңгімелер­дің түп-тамырына үңілсең, ел мен жер тарихы, онда күн кешкен адам­дар­дың тірлік-тынысын айқын аңғарылады.

Ұлттың мәңгілігі – күнімдік емес, рухани құндылығы, яғни өрі­сі кең өнері, салт-санасы, әдет-ғұрпы. Бұған мысал, алда кел­тірген скифтер туралы, тасқа басылған сөздер деп білеміз. Ас ішіп, аяқ босатуға жарайтын бай­лық пен ұшпа бақ уақытша. Ол күндер өтіп, жылдар жылжып, ғасыр алмасқанда сағымға айналып, жоғала береді.

Өзін сақтай алмай, тобыр болып тозып кеткендер аз ба?. Жер бетінен қанша ұлт пен ұлыс жо­йылды, қалтылдап жүргендер де аз емес. Сол сіңіп кеткендердің ру­хани дүниесі тарих бетінде сай­рап тұр. Міне, құндылықтың мәңгі болатыны осыдан. Ен­деше, бұл кітаптағы дүниелер жұр­тымыз­дың мәңгілігінің мә­йегі, алты­н қазығы екені шүбә келтірмей­ді. Барды місе тұтып оты­ра берсек, жоқ табылмайды. Зердесі мық­ты зерттеуші ға­лым­дардың байламына бақсақ, қазақ күйінің ұзын саны 7 мыңға тарта көрінеді. Қол­да бары екі мыңға таяу болар. Қо­йыртпағы көбейіп бара жат­қан мы­на заманда жіті қимылдама­­сақ, көп қазы­надан қағылып қалуы­мыз мүм­кін. Сондықтан әлемнің қы­рыққа жуық мемлекетінде күн кешіп жатқан қандастардың кө­не­көздері сарқылмай тұрғанда, ұр­пағы ала-құла жүргенде қылаң жәдігерлерімізді жинастыру жа­ғын бүгін қолға алмасақ, ертең сан соғып қалмасымызға кім кепіл? Бұл сөзді айтуға себеп, аталмыш еңбектегі тұңғыш жарияланымдар, Отанына оралған күйлер дер едік. «Өнеріңді құр шірітпе, орнына анық жұмсамай» десе Шәкәрім, «Ешбір өнерді құрғақ тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды» дейді М.Әуезов. «... Халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кете­ді» – бұл Сұлтанмахмұт Торай­ғы­ров­тан қалған ескерту, өсиет сөз.

Арыстар айтқан осы қағида­ларды көңіл көгінде ту етіп ұста­сақ – мәңгіліктің мәйегі толыға берер еді, бабалар аманатына адал болғанымызды көрсетіп, ұрпаққа қарыз болып қалмас едік.

 

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Egemen Qazaqstan» ардагері