Қоғам • 08 Ақпан, 2024

Жол жауапсыздықты кешірмейді

169 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қыстың екі айы да өтті. Осы уақыт аралығында ауа райының қолайсыз­дығына байла­нысты республикалық маңызы бар тасжолдың 13 учаскесінде – 76 рет, облыстық маңызы бар 8 учас­кеде 43 рет көліктің барлық түріне қозғалыс шектелді. Бірақ ортақ талапқа мойынсұн­­ғысы келмейтін жүргізушілер көп. Тәртіпке бағынбай жолға шығып кететіндерді жөнге салатын амал да жоқ. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деп жүрген полиция мен төтенше жағдай­лар департаментінің қызметкерлері уақытпен санаспайды. Сарыуайымдары – жазатайым жағдай­дың алдын алу...

Жол жауапсыздықты кешірмейді

Жолдар жабылғалы түрлі жол учас­ке­лерінде 5 мыңнан аса техниканың ­қо­зғалысы тоқтатылған. Одан бөлек, ба­қы­лау-өткізу пункттеріндегі техни­ка­ны азайту мақсатында Көлік министр­лігінің жол техникасы мен бөлімше­лердің күшімен 27 автоколонна ұйым­дастырылып, 4 мың­нан астам көлікті діттеген жеріне жол бас­тап, жеткізген.

Тіпті алдын ала телефонға ауа райы­ның күрт бұзылатынын, жолдар жабылатынын айтып, күніне бірнеше мәрте хабарлама жолдайды. Соның өзін көзіне ілмеген жүргізушілер көбеймесе, азаймай тұр.

– Тұрғындарды ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы және жол­дардағы көлік қозғалысының шекте­­луі туралы қыстың алғашқы екі айында 80 хабарлама миллионнан аса абонент­ке жетті. Ал «Darmen» мо­бильді қосым­шасы арқылы төтенше жағдайлардың ­алдын алу туралы 47 ақпарат жарияланды. Облыстағы 13 радиостансада халық­ты хабардар ету үшін 21 рет хабарландыру берілді, – дейді облыстың төтенше жағдайлар департаменті басшысы­ның орынбасары, полковник Ақылбек Ахметжанов.

Мұндай жағдайда жол учаскелеріне жұмылдырылатын арнайы техника да, күштік құрылым қызметкерлері де көп. Былтыр 29 желтоқсандағы ақтүтек боранда 908 адам мен 505 техника тартыл­ған. Төтенше жағдайлар күштері, жол полициясы және жол ұйымдарының күші­мен 66 авариялық-құтқару, 9 іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 259 адам құтқарылды. Құтқарылған 259 адамның 36-cы – бала.

«Үш мыңға тарта адам – қар құр­сауынан, 121 техника дрейфтен шыға­рылды. Жергілікті билікпен бірлесе отырып, 1 324 адам, оның ішінде, 150 бала жылыту орталықтарына орналастырылды», дейді Ақылбек Қосманұлы.

Жалпы, облыста республикалық ма­ңызы бар жол – 1 853,5 шақырым. Осының ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны мен қайта жаңғыртудан өтіп жатқанын қоспағанда 1 444 шақырым. Осы бір аралықтағы жолды қардан тазалайтын, күтіп-баптайтын компания – «КАЖсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұловтың айтуынша, компания биылдың өзінде жаңадан 29 қар жинау техникасын сатып алған.

– Жай күндері – 50-60 техника, ал төтенше жағдайларда, ауа райы нашар­­лағанда 100-ге тарта көлік жолға шыға­ды. Мұндай күндері қызметкерлер де­м­ал­мастан, екі ауысымда жұмыс істейді, – дейді Ерлан Жұмағұлов.

Жол жайлы сөз қозғала кетсе болды, жолаушылардың дені «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға деген наразылығы барын айтады. «Республикалық маңызы бар жол­дарға уақтылы құм немесе тұз се­білмейді» деген сын жиі алдан шы­ғады. Бұған филиал басшысы Ерлан Жұмағұлұлының айтар өз уәжі бар. Айтуынша, құм мен тұз қоспасын себудің де климаттық тәртібі бар. «Климат жағ­дайына келетін болса, осы қоспа тұ­рақты түрде себіледі», дейді ол.

Ауа райының қолайсыздығына бай­­ланысты жолдарды жабу бір ғана орган­­ның құзырында емес. Облыстың полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Хантеміров «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, төтенше жағ­дайлар қызметі және облыстың полиция департаментінің өзара келісімі арқылы жүргізіледі.

– Былтыр желтоқсанның соңы мен биыл қаңтар айының басында қар қалың жауды. Астана қаласына барар жолда қалған 4 мыңға тарта көлікті жеткіздік. Тұрғындар жолға шығар алдында өз қауіпсіздіктері үшін хабарламаларға мән беріп, көліктерін сайлап шыққаны дұрыс, – дейді Бауыржан Андақұлұлы.

Қала ішіндегі ауа райы жақсы екен деп, соңында жарты жолда қалатындар бар. Күн райының ахуалын аңдамай, жолға шығу өте қауіпті.

– Тұрғындар қала сыртындағы ауа райының қандай екенін білмейді. Жол жабу – кездейсоқ қабылдана салатын ше­шім емес. Жол бойында патрульде жүр­­­ген қызметкерлер жағдайды бізге бей­не және фотоматериалдар арқылы жібе­­реді. Соны басшылыққа ала отырып, жолды жабу шешімі қабылдана­ды. Ал тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ке­йінгі кезде радиохабарларды тоқ­та­тып қо­йып, жолдың жабылғаны туралы ха­­бар­ландыру береміз. Ал полиция қыз­­меткерлері өте күрделі жағдайда жан­­­дарын шүберекке түйіп, ақтүтек боран­­да ілесіп жүріп, көліктерді қауіп­сіз жер­­ге жеткізеді. Оны біреу білсе, біреу білмей жатады, – дейді Ақылбек Ахметжанов.

Түптеп келгенде, құзырлы орган өкіл­дері жол-көлік оқиғаларын азай­­ту мақсатында қажетті іс-шара­лар­ды ұйымдастырып отыр. «Жол қоз­ға­лы­сына келгенде әркімнің ішкі тәр­­тібі болуы қажет», дейді құқық қор­ғау ор­га­нының қызметкерлері. Сіз өзі­ңіз­бен қоса, жақындарыңыздың да, жолау­шы­ларыңыздың да амандығына тікелей жауаптысыз. Сондықтан тәртіпке бағыну – амандықтың алғашқы қадамы.

 

Қарағанды облысы