Қала әкімі Шәкір Кейкиннің дерегіне сүйенсек, «Нұрсая» шағын ауданындағы «Латифа» тұрғын үй кешенінен 38 пәтер берілді. Өзге отбасыларға басқа тұрғын үй кешендерінен пәтер ұсынылған.
«Қазір Атырау қаласында 21 мыңнан аса адам тұрғын үй алу кезегінде тұр. Оның бәріне бір күнде пәтер беру мүмкін емес. Жергілікті атқарушы орган мұқтаж жандарды баспанамен қамтуды қолға алып отыр. Жыл соңына дейін тағы 100 отбасы жаңа баспанаға ие болады», дейді Ш.Кейкин.
Жаңа баспанаға ие болғандардың қатарында Жансерік Дарғожиннің отбасы да бар. Ол Индерде ер жеткенімен, қазір Атырау қаласына көшіп келген. Бұл отбасыға үш бөлмелі пәтер берілді. «Пәтер кезегінде 2015 жылдан бері тұрмын. Осы кезге дейін пәтер жалдап жүр едік. Жаңа пәтер алдық, қуанышымызда шек жоқ», деді ол.
Осындай қуанышқа көпбалалы ана Әсемгүл Рысмағамбетова да кенелді. Осы кезге дейін отбасымен ағайын-туыстарының үйінде тұрған. «Өз баспанамыз болғанын армандап жүр едік. Балаларымыздың несібесі шығар, жаңа пәтерге ие болдық», дейді көз жасына ерік берген көпбалалы ана.
«Латифа» тұрғын үй кешенінің құрылысын «Нұр Атырау құрылыс» ЖШС жүргізген. Серіктестік директоры Нұрлан Нұрмұхановтың айтуынша, тұрғын үй кешеніне үлескерлерден қаржы алынбаған.
«Тұрғын үй кешенінің құрылысын өз қаржымызға жүргіздік. Өйткені бізге үлескерлердің қаржысын алуға рұқсат берілген жоқ. Қалалық әкімдіктің көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға пәтер сатып алу үшін жариялаған тендеріне қатыстық. Ашық тендерден 42 пәтерге тапсырысты ұтып алдық. Мұнда бір бөлмелі пәтердің аумағы – 40 шаршы метр, екі бөлмелі – 60 шаршы метр, үш бөлмелі – 80 шаршы метр. Әр пәтер автономды жылу жүйесімен жабдықталған. Әр отбасының пәтеріндегі жылуды қалаған уақытында қосып, ажыратуына мүмкіндік жасалған», деп мәлім етті Н.Нұрмұханов.
Атырау облысы