Волонтер • 09 Ақпан, 2024

Мейірім – жүректен

191 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елде түйіні тарқамаған түйткілдер күрделене түскенде, күйбең тірліктің қамы қажытқанда адам өзгелерден мейірім күтеді. Қоғамда осы ізгілікті ту етіп жүрген жандар – волонтерлер. Бүгінде елімізде еріктілікті игі ісіне айналдырып жүрген 200 мыңнан аса отандасымыз бар. Олардың басым бөлігі – жас­тар.

Мейірім – жүректен

Ажар Абитаева Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінде «Шығыстану» мамандығы бойынша 2-курста оқиды. Мектеп кезінен еріктілікті серік еткен бойжеткен студенттік шақта да жақсылық жасап жүр. Алғаш ауыл мектептеріндегі балаларға ағылшын тілін үйретуден бастаған ол қазір «Сөйле» тілдесу клубының үйлестірушісі.

– 2020 жылы пандемия уақытында «Bala Dausy» медиа жобасының негізін қаладым. Бастаманың мақсаты – бала құқығы туралы ақпаратты тарату, медиа еріктілерді дайындау. Бұл жоба бүгінде республика аумағындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде 300-ден аса медиа еріктінің басын біріктірді. Волонтерлік тәжірибемді одан әрі шыңдау мақсатында «Жас Отан» жастар қанатының қатарына кіріп, ұйымның бірқатар жобасына белсене қатыстым. Қазір еліміздің әр аймағында қазақ тілін меңгергісі келетін азаматтарға тегін сабақтар жүргізетін «Сөйле» тілдесу клубының мүшесімін. Клуб «Менің елім, менің тілім» жобасы аясында ашылды. Қазір қатысушылар саны 500-ден асты. Оған қоса қоғамымызда тілеулестік, мейірімділік және жанашырлық қасиеттерінің терең тамыр жаюына үлес қосу үшін «Ардагерлері ардақтайық», «Кел, шай ішейік», «Taza Like» сынды түрлі әлеуметтік жобада да белсендімін, – дейді волонтер.

Ізгілікті серік етіп, қоғамға пайдасын тигізуді мақсат тұтқан жанның бірі – Гауһар Жұмағазиева. Ол – «Д.А.Р» волонтерлік клубының үйлестірушісі. Ұйым мүмкіндігі шектеулі жандарға демеу болып, балалар мен жастардың қоғамға бейімделуіне жәрдем береді.

– 17 жасымнан волонтерлік істі қалдырмай келемін. Мұнда мен өзгелерді қайырымдылық жасауға, еріктіліктің қыр-сырын, мән-мағынасын түсі­нуіне көмектесемін. Өйткені қоғам­да волонтерлік қозғалыс жақсы дамы­ғанымен, оның қызметін тереңінен түсіне бермейтіндер көп. Яғни басым көпшілігі халықтан қаржы жинау, аз қамтылған отбасыларға азық-түлігін апарып тастаса болды деп есептейді. Әрине, ол тұсы да бар. Бірақ көмектескен отбасылардың жағдайын үнемі бақылап, бағдарлап отыру, олардың қалыпты өмір сүріп кетуіне жағдай жасау секілді қиындықтары да жеткілікті. Сондықтан көбіне қатарымызға қоғамдық көзқарасы қалыптасқан, кәмелет жасынан асқан азаматтарды қабылдаймыз. Бүгінде Ұлттық еріктілер желісінің бастауымен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеуімен республикалық «Жеңіс» жобасының Ақтөбе облысы бойынша үйлестірушісімін. Жалпы, бұл жобада соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек қолын созамыз, – деді жанашыр.

Назерке Ұзаққалиева 21 жаста. Волонтерлікке зейін қойғанына 4 жылдан асқан. Бүгінде «Birgemiz: Saulyq» жобасының шағын гранттары аясында жүзеге асырылып жатқан «Күтім – саулық кепілі» бастамасының жетекшісі.

– Жоба аясында волонтерлерді іріктеп, алдағы жоспарларды талқылау жұмыстары жүргізілді. Волонтерлер ауыр халдегі науқастардың күтімі бо­йынша дағдыларды үйренеді. Оның ішінде, жауыр жаралардың алдын алу, гигиеналық іс-шараларды жүргізу, психологиялық көмек көрсету, алғашқы көмек көрсету тақырыптарында білім алды. Нәтижесінде, волонтерлер қатерлі ісікпен ауыратындар мен хоспистердегі науқастарға көмек көрсете алатындай дәрежеге жетті. Семинар соңында барлық волонтер арнайы сертификатпен марапатталды. Волонтерлер онкодиспансерге бару арқылы меди­ци­налық тәжірибелік білімін арттырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың күтімімен айналысты. Сонымен қатар жоба кезінде науқастарға арналған гигиеналық күтімге арналған заттар таратылды. Қазір мен «Медицина жастары» бірлестігіндемін. Командада 250-ге жуық волонтер-медик бар. Ашылғалы бері шамамен 16 мың адамға көмек көрсеттік. 350-ден аса әлеуметтік маңызы бар іс-шара ұйымдастырылды. Біздің басты жетістігіміз – елдегі төтенше жағдайлар уақытында жақсылық жасау­дан таса қалмағанымыз. Мәселен, Арыс қаласындағы төтенше жағдай кезінде 110 ерікті-дәрігер халық жиналатын орындарда алғашқы медициналық көмек көрсетті. COVID-19 пандемия­сына байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде біздің еріктілер дәрігерлермен бірге уақытша ауруханаларда жұмыс істеді. Астана қаласындағы «Amara» жекеменшік хосписындағы 45 науқасқа тұрақты түрде 100-ге жуық волонтер медициналық көмек көрсетті. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектерін жеткізіп, жеке гигиеналық шараларға жәрдемдесті, психологиялық кеңес беріп, әлеуметтік көмек жасады. Бұдан бөлек, жөргектер, тонометрлер, төсек жамылғылары сыйға тартылды, бөлмелердегі тазалық шара­ларын жасауға, уақытылы төсектік орындарды ауыстыруға көмектерін тигізді. Негізі кез келген отандасымыз волонтер бола алады. Тек ниет керек. Мысалы, 2020 жылы еліміздің 14 аймағында медициналық еріктілер мектептерін ашып, бүкіл ел бойынша 2 мыңға жуық волонтер оқытылды. Бұл бағыттағы игі іс әлі де жалғасып жатыр, – дейді Назерке Ұзаққалиева.

Адам баласын игі істерге бастайтын ізгі жүректің қалауы – жақсылық. Сондықтан қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін волонтерлердің қатары жыл сайын артқаны қуантады.