Қоғам • 09 Ақпан, 2024

Талап та, тәртіп те – ортақ

92 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, елімізде жатақхана мәселесі түбегейлі шешілмеді. Жеткіліксіздігі былай тұрсын, жатын орынның талапқа сай болмауы бұл мәселені одан әрі ушықтырып тұр. Осыған орай жақында «Jastar ruhy» белсенділері Алматыдағы жоғары оқу орындарына қарасты студенттер үйіне мониторинг жүргізуді бастады.

Талап та, тәртіп те – ортақ

Басқа аймақтан қалаға білім қуып келген студент үшін ең қажеттісі – жатақхана. Алайда орынның жетіспеушілігінен пәтер жалдап, туған-туыстың қабағын бағып, үйін паналап жүргендер де жетерлік. Өйткені студент көп, ал жатақханадағы орын әдеттегідей санаулы. Оның үстіне, елімізде мұқ­таж студентті баспанамен қам­та­масыз етуді міндеттейтін арнайы заң да қарастырылмаған. Осы­дан болар, бұл мәселе жыл сайын көтеріледі, жыл сайын тал­қыға түседі, бірақ шешімі жоқ.

Оған қоса әр университет, колледж болмасын, жатақхана үлестірудегі өзіндік ішкі ережеге бағынады. Ашып айтсақ, жатын орын, ең алдымен, мемлекеттік грант иеленген 1-курс студенттеріне, «Алтын белгі» иегерлеріне, ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы отбасынан шыққан, әке-шешесі немесе өзі мүгедек студенттерге беріледі. Екінші кезекте, университеттің қоғамдық жұмыстарында белсенділік танытқандар тұрады. Бірақ осы азаматтардың өзіне кейде толыққанды талапқа сай жағдай жасалмай жатады. Осы ретте «Jastar ruhy» белсенділері жатақханаларды жан-жақты тексеруге кірісті. Алматылық белсенділер алдымен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің жатақханаларын бақылады.

«Қазіргі уақытта Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 5 жатақханасында 2126 студент тұрады. Жатақханаға мұқтаждығы туралы өтініш білдіргендердің жалпы саны 3308 студентті құрайды, оның 1108-і жалға алынған жатақ­ханаларда орналасқан. Студенттерді орындармен қамтамасыз ету үшін 3 жатақ­хана­мен меморандум жасалған. Жалға берілетін жатақханалар бейнебақылау жүйелерімен жабдық­талған және қауіпсіздік норма­ларын қатаң сақтайды. Студент­тердің әл-ауқатын бақы­лау үшін университет қыз­меткерлері тарапынан үнемі мониторинг жүргізіледі. Студенттерге қолайлы болуы үшін жатақхана аумағы компьютер орталықтары, кіржуғыш машиналар, тұрмыстық электроникамен қамтамасыз етілген. Бірақ жатақхана кеңестік кезеңде салынғандықтан ғимараты ескі», дейді Алматы қалалық «Jastar ruhy» жастар қанаты филиалының төрағасы Әкежан Кеңесов.

Оқу орнының жатақханасы 2 қабаттан тұрады. Жоба бо­йынша ғимарат 257 орынға есептелген. Студенттер айына 12 мың теңге төлейді. Бір бөлмеде 4-6 жатын орын бар және әр қабатта ас бөлме орна­ласқан. Студенттердің қауіп­сіз­дігі үшін бейнебақылау камералары жұмыс істейді.

«Біздің мақсатымыз – біреудің мінін теру емес. Белсенді ретінде қоғамның әлеуетін жақсарту жолында бірлесе жұмыс істеу. Ал науқанның мақсаты – студенттер үйінің сапасын арттыру, санитарлық нормалар мен қауіпсіздік шараларын сақтау. Осы орайда жас­тар қанаты тарапынан кеңес беріліп, жатақхана алу барысында келеңсіз жағдайға тап болған студенттерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ал нақты жатақханадағы орын тап­шы­­лығын шешу үшін Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы аясында «Жастар, мәдениет және спортты дамытуды қолдаудың» Жол картасы бекітіліп, құжатта жаңа студенттер жатақханаларының құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Жол картасы аясында 2025 жылдың соңы­на дейін – 12 мың, 2030 жылдың соңына қарай тағы 20 мың төсектік орын құру жоспарланған. Жатақхана құрылысы бойынша жұмысты тиімді үйлестіруде 2023 жылдың наурыз айында әкімдік Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Жоба­лық кеңсені іске қосты. Іске қосылған сәттен бастап Жобалық кеңсеге 118 әлеуетті инвес­тор хабарлас­ты. Бұл қолдау тетігінің тартымдылығын көрсетеді. Қазір дайындық жұмыс­тары жүргізіліп жатыр», деді ­во­лонтер.

Айта кетейік, акция «Amanat» партиясының «Jastar ruhy» жастар қанатының ұйымдастыруымен тұрақты түрде жылына екі рет өткізіледі. Мониторинг аясында Алматы қалалық «Jastar ruhy» жастар қанаты филиалы ақпан айының соңына дейін 95 жатақхананы тексермекші.