Халық • 08 Ақпан, 2024

Орманшының ойы

211 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әншейінде томаға-тұйық Күшпай Боқанов әңгіменің тақырыбы орманға ойысқанда, дүр сілкінеді. Орманшы әулетінен шыққан ол осы салада табаны күректей қырық жылдан аса уақыт еңбек етіп келеді.

Орманшының ойы

Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген қасиетті Көкше топырағына та­баның тиіп тұрып, тіліңе Зеренді оралса, көз алдыңа самсаған қара­ғай елестер еді. Зерлі Зерендінің төл табиғаты – құдды көркем сурет. Әлемдегі ең дарынды, ең шебер суретші кенепке салған, салтанаты асқан, сәні келіскен туынды іспетті. Күшпай Әбілқайырұлы осы тұмса табиғаттың ішінде бар ғұмырын адал еңбекпен өткеріп келеді. Жай ғұмыр емес, мағыналы, мазмұнды ғұмыр. Сол еңбегі кейінгі толқынға әдемі, өміршең өнеге боларлық.

– Әкем Әбілқайыр Боқан­ұлы – майдангер, – дейді Күшпай Әбіл­қайырұлы. – Майдан даласынан елге орал­ған­нан кейін Зеренді орман шаруа­шы­лығында орманшы болып іс­теген. Тұп-тура қырық жыл. Анам Күлшай Әбенқызы да орман тұ­қым­бағында бел жазбай еселі еңбек еткен. Ата-анамыз бізді, бауыр еті балаларын адал еңбекке тәрбиеледі, көркем табиғатты құр­меттей білу, сүйе білу – бала жастан сүйегімізге сіңген әке ама­на­ты. Олар да өз еңбектерінің нә­ти­же­сін көргісі келді. Қара жерге көшет егіп, оның жайқалып өске­нін көру, берген жемісін тату бір қуаныш дер еді. Оң-солымды таны­сымен осы орман алқабы мені өзіне шақырып, қойнауына сүң­гітіп жіберді. Қуанышы да аз емес, бейнеті де таразы басын тең басып жатады.

Орман туралы оралымды ойлары көп-ақ. Жалғыз орман ғана емес, туған жердің тарихы да. Мә­селен, зергер зерлегендей бе­дер­лі бейнесі жан-жүрегіңді елжі­ретіп, қойнауына сүңгітіп жібе­ретін ну орманның іші аңызға толы. Құлақ түріп тың­дасаң, кесте­леніп, елітіп, есіңді алып ертегі әлеміне тартатындай. Күшпай Әбілқайырұлының аузынан есті­ген ажарлы әңгіменің бір парасын оқырман назарына ұсынайық.

Осы Зерендіде Қошқарбай тауы бар. Асқары көк тіреген, жотасын мәңгі мұз жапқан асқақ тау емес, шағын тау. Асқақтықты, биіктікті аңсаған етегіндегі жұрт панасын көргеннен кейін даласын көтеріп, төбесін тау десе, оған та­ласымыз жоқ. Ал орманшы Күш­пай шерткен әңгіме тау бейне­сін биіктетіп, еңсесін көтере түскен­дей. Ілкі заманда жасыл таудың етегін қалың ел жайлаған. Сол елдің ішінде Қошқарбай есімді батыр жігіт болыпты. Бірде Сан­дықтаудың арғы жағындағы жал­пақ жұрт үлкен ас берсе керек. Әлгі асқа бірінен бірі өткен жолдастарын ертіп Қош­қарбай батыр да барады. Әуелі аламан бәйге. Жер танабын қуыр­ған тұлпарлардың жарысы. Жүй­рік­тер жарысқа аттанғанда көкорай шалғынның үстінде күрес өткізілген. Ел іші ерсіз болған ба, балтыры бесіктей, кеудесі есіктей кіл мықты кілем үстіне шығады. Бір сәт көкірегін намыс буған Қошқарбай батыр да кілемге шықса керек. Қарсы жақтың балуа­нын тепсе темір үзетін төрт жігіт мойнына шынжыр салып әкелді дейді. Балуанның мықтылығы сондай, мойнын оқыс қозғап қалғанда жуан шынжырдан мықтап ұстаған төрт жігіт жел шайқаған қамыстай ұйқы-тұйқы болып кетеді екен. Шамасы қарсыластың мысын басайын деген айбаты болар. Күресті басқарушы ақсақал белгі берген кезде оқтай атылған Қошқарбай батыр ежелгі әдісімен іштен шалған. Түйе балуан шаң қауып қалыпты. Осы астың үстінде Қошқарбай батыр сол елдің ай десе аузы, күн десе көзі бар Зерен сұлумен кездесіп, тілдесіпті. Екі жас тіл табысыпты. Көзсіз батыр емес пе, алып қашқан. Қыздың ағасы Айдабол батыр түре қуған. Дәл осы уақытта ежелгі жау құба қалмақ та тау етегіндегі қа­лың қарауылдың ауылдарын шап­пақ болып төніп келген. Ел ішін­дегі дау-шарға қарайтын уақыт жоқ. Қос батыр басқыншы жау­мен айқаса кетеді. Зерен сұлу Қошқарбайдың еліне бет алған. Көл шетіне жетіп, тізгін тартса керек. Қалмақтар да таяп қалады. Аман қалудан әбден күдерін үзген соң Зеренді сұлу ақбас толқындары аспанға атып жатқан көлге қойып кетеді. Қанша жерден бес қаруын асынып, қамсыз жатқан қазақты қырмақ болып келген қалмақ жағы ойсырай жеңіліс табады. Қошқарбай мен Айдабол батырлар алдағы уақытта берік бітімге келіп, елге қорған боламыз деп уағдаласады. Көнекөз қариялар бүгінгі Зеренді көлінің атауын Зерен сұлудың опат болуы­мен байланыс­тырады.

Міне, орман ішінде ой баққан Күшпай Әбілқайырұлының ел тарихы жайындағы бір шөкім әңгімесі. Әрине, орманды қорғау бағытында қисапсыз шаруа ат­қарылып жатыр. Табиғи апаттан қорғау, көшет егу, оны күтіп-баптау – міндет.

– Кейінгі жылдары туризм қар­қынды дамып келеді, – дейді «Көк­шетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Зеренді филиалының директоры Күшпай Боқанов. – Бүгінде Зеренді өңіріне алыс-жақын шет елдерден келетін меймандардың қатары көбейіп жатыр. Өз елі­міз­ден де көркем табиғаттың көрік­ті бір пұшпағында саф ауа­сын жұтып, құр атқа мінгендей сергіп қайтуды мақсат ететіндер аз емес. Негізінде біз сол қалың қауымды күтіп алуға дайын болуымыз керек. Бұл уақыт өрт қаупі еселей артатын маусыммен тұспа-тұс келеді. Ойланбай, жазатайым жерге тастай салған бір тал темекінің тұқымы баға жетпес байлығымыздың кенересін кемітіп, ойсыратып кетуі ғажап емес. Сондықтан жаз айларында орманшылар кірпік ілмей жұмыс істейді десем, артық емес. Бізге көгілдір Көкшенің көркем бір мүйісін сеніп тапсырғаннан кейін  сол жауапкершілікке әрдайым дайын болуымыз қажет.

Орманшының айтуынша, адамдарды туған жерді құрметтей білуге тәрбиелеу – міндет. Сонда ғана ортақ істің жүгі жеңілдейді. Оның барлығы адамдардың ішкі жан-дүниесіне, мәдениетіне байланысты. Орманшылар қазір ел ішінде түсіндіру, таным көкжиектерін кеңей­ту орайында жұмыс жүргізіп жатыр. Өйткені ел байлығы келешек ұрпаққа аманаттайтын сый.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы