Қылмыс • 09 Ақпан, 2024

Ұрылар әлеуметтік желіні бақылап отырады

143 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылы алматылық полиция қызметкерлері бө­тен­нің мүлкін ұрлаған 3 мың­нан астам адамды қолға түсірсе, олардың 150-і – шетел азаматы. Алдын алу шара­ларының нәтижесінде ұрлық саны 36 пайызға азайғанымен, қалада пәтер тонау әлі де өршіп тұр. Полицейлер былтыр 118 пәтер ұрлығын жасаған 24 қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкерелеген.

Ұрылар әлеуметтік желіні бақылап отырады

Мегаполисте кез келген құлыпты бұзып, ұрланған авто­көліктерді бөлшектеп сатумен айналысатын17 қылмыстық топ қолға түсті. Қылмыстың бұл түрінің ашылуы 13,9 пайызға арт­ты деген Полиция депар­таментінің ресми өкілі Сал­танат Әзірбек, жедел уәкілдер қоғамдық орын­дарда ұрлықпен ай­на­лыс­қан 119 қаскүнемдік топтың жолын кескенін мәлімдеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналис­термен жүздескен маман пәтер ұрлығы сақ­тыққа селқос қараған кез келген үйде болуы мүм­­кін екенін айтады. «1-2 қабаттағы пәтерлерде тұ­ра­тын адамдар терезені ашып кетеді. Терезе тормен жабдықталмаған болса, бұл қауіпті. Сон­дай-ақ ұрылар әлеуметтік желілерді ба­қы­лап отырады, иелері демалысқа кеткен үйлерді желі арқылы анықтайды. Адамдар өздері «біз 10 күн­нен кейін боламыз» деп демалысқа кеткендерін па­рақшаларына салып, хабарлап отырады. Төменгі қабаттардағы үйлер мен пәтерлерге терезелер ар­қылы кіру – пәтер ұрыла­рының сүйікті тәсілі. Құ­лып­тарды бұзу оларға таң емес», дейді ол.

Айталық, өткен жы­лы бір мезгілде 314 эпи­зод­тық ұры ұсталып, олар бөтеннің мүлкін ұр­лау­дың 488 фактісін жаса­ғаны анықталған. Қаскү­немдерден сақтану үшін бейнебақылау камераларын кеңінен орнату маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге арнайы дабылдарды іске қосып, кілтті бір қарағанда оқшау болып көрінетін орындар мен кілемшенің астына қалдырмаған жөн.

Полиция мамандары пәтері тоналған үй иесінің іс-қимыл алгоритмі туралы да айтты. «Егер үй иелері есіктің сәл ашылғанын, құлыптың бұзылғанын көрсе, ішке бірден кіруге болмайды. Біріншіден, бұл олар үшін қауіпті. Ешкім пәтерде бөгде адамның жоқ екеніне кепілдік бермейді. Өзіңізге қауіп төндірмеу үшін және жедел тергеу тобының жұмысына кедергі келтірмеу үшін 102 пультіне дереу қоңырау шалып, не болғанын хабарлаған дұрыс. Жергілікті жерде алғашқы тергеу шараларын жүргізетін жедел-тергеу тобының келуін күтіңіз. Саусақ іздерін анықтау үшін ұрылардан қалған белгілерді алуға болады», дейді С.Әзірбек.

Қылмыскерлерді қолға түсіру мақсатында полицейлер бағалы бұйымдарды қабылдаумен айналысатын орындармен де тығыз байланыс орнатқан. Екі жыл бұрын қаладағы лом­­бардтармен арнайы мемо­рандумға қол қойы­лыпты. Көбіне ұрланған мүліктер аталған орындардан табылатын болған.

«Қазір бұл үрдіс төмен­деуде, өйткені ломбард қыз­меткерлері күдікті мә­мі­лелер кезінде поли­ция қызметкерлеріне өз­де­рі хабарлайды немесе бұл мәмілені жасамайды. Ұрланған затты сатып алу Қылмыстық кодекстің 196-бабының талаптарына сәйкес қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып табылатынын ескерген жөн», деп нақтылады С.Әзірбек.

Ұрыларды әшкерелеу үшін полицейлер бейне­камера­лардың жазбаларын жиі пайдаланады. «Біз про­фи­лактикалық шараларды ұдайы өткіземіз. Мысалы, Медеу ауданында Пушкин мен Мақатаев көшелерінің қиылысында бірқатар қала тұрғыны ұсталған ұялы телефондарды сатады. Ұр­ланған телефонды әдейі сатып алуға тыйым салынады және ол үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айы­рылуы мүмкін. Егер адамның қолындағы байланыс құралының ұрланға­ны дәлелденсе, ол ұсталады. Ұялы телефондарды қа­был­дау кезінде ломбард қызметкері оның құқығын растайтын құжаттарды тексеруге тиіс. Мысалы, сатып алу кезінде берілетін арнайы кепілдік картасы бар. Егер біз жай ғана телефон әкелдік делік, құ­жат­тар мен қаптамалар жоқ, содан кейін ломбард қызметкері қабылдаудан бас тартуға толық құқылы. Егер көшеден телефон тауып алсаңыз, иесін өз бе­тіңізше іздеудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда 102 нөміріне қоңырау шалу керек, операторлар хабарламаны қабылдап, табылған затты беруге болатын жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жібереді», дейді С.Әзірбек.

 

АЛМАТЫ