Қоғам • 08 Ақпан, 2024

Қаржылық сауатты арттыру

154 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 9 мыңға жуық адам тегін қаржылық сауатын арттырмақ. Алты ауданда басталған оқытудың бірі Бәйтерек аулында өтті. Оған 40-қа жуық азамат қатысты.

Қаржылық сауатты арттыру

«Биыл өңірде «Қарызсыз қо­ғам» жобасының кезекті оқы­ту кезеңі басталды. Жыл соңы­­на дейін 8 500 азаматтың қар­­жылық сауатын арттыру жос­пар­ланған. Қазіргі уақытта Ең­бек­шіқазақ, Қарасай, Талғар, Жам­был, Іле және Ұйғыр ауданында оқу курстары басталып кетті. Бір ғана Еңбекшіқазақ ауданынан 1 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Өткен жылы осы жоба аясында 8 мыңнан астам өңір тұрғыны қаражатын тиімді басқаруды және шығындарды оңтайландыруды үйренді», дейді «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аслан Көбентаев.

Ал Алматы облысы бойын­ша «Қарызсыз қоғам» жо­басы­ның жетекшісі, ментор Айгүл Жайлыбаеваның айтуынша, ауыл азаматтары қаражатты үнем­­ді әрі тиімді жұмсауды бір­­те-бір­те үйреніп келеді. Курс­қа қа­ты­су­­шылардың кіріс-шы­ғысты есеп­­тей білуі, қар­жыны ұтымды жос­­парлауы, дұрыс мақсат қоюы жай­лы пай­далы мәліметтер алуы­на мүм­кіндік молаяды.

«Тұрғындар қаражатты тиім­ді жұмсауды үйреніп жатыр. Осы мақсатта қатысушыларға түр­лі дәріс өтіп, үй тапсырма­сын береміз. Сондай-ақ өз кәсі­бін бастағысы келетіндерге, табыс табудың түрлі жолын көрсететін пайдалы мәлімет­термен бөлісеміз. Сарапшы­лар кәсіпкерлерге сауатты есеп жүр­гі­зуді оқытады», дейді
ментор.

Оның айтуынша, үш сағат­тық оқыту бес күнге созылады. Курстарды қаржылық-эконо­микалық білімі бар және аудиториямен жұмыс істей алатын сарапшылар жүргізеді. Сондай-ақ жоба аясында борышкерлерге тегін заң көмегін көрсету жоспарланған.

«Жобаға барлық ниет біл­діру­ші қатыса алады. Ол үшін «Amanat» партиясының фи­­лиал­дарына немесе қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жү­­­гі­ну қажет. Біздің міндетіміз – мүм­кіндігінше несиесі көп, қомақты қарызы бар адам­дар­ды көбірек қамту. Олар несиелерді мерзімі­нен бұрын өтеуді, инвес­тиция­лауды, қар­жы пирамидаларын және интер­неттегі алаяқтықты ажырата білуді үйренеді», дейді Айгүл Жайлыбаева.

Айта кету керек, «Қарызсыз қоғам» − халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Amanat» партиясы мен «Halyk Bank»-тің бірлескен бастамасы. Аталған жобада несие берешегі бар және бо­рыш­керлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқи алады.

Бұған дейін жобаның алғашқы оқыту курсы 2 мамырда басталып, өңірдегі 9 аудан мен Қонаев қаласында жүзеге асырылған.

 

Алматы облысы