Жәдігер • 09 Ақпан, 2024

Британияға жеткен түркі жазуы

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Англиядан табылған алтын жалатылған күміс зат. Мерзімі VIII ғасырдың аяғы, IX ғасырдың басы деп көрсетілген. Ғалымдар мұның не үшін жасалғанын анықтай алмаған. Дегенмен жәдігердің бетіндегі таңбалар көне түркілік күлбізік (руна) әліпбиімен жазылған жазу екені мәлім болды.

Британияға жеткен түркі жазуы

Алтын жалатылған күміс жәдігердің диаметрі – 19,4 мм. Шамамен 1200 жылдық тарихы бар артефакт терең ізденіс нәтижесінде жасалған. Оған зер салып қарайтын болсақ, үсті тегіс, дөңгелек, екі ені цилиндр тәріздес қысқа. Нысан мұқият өңделген. Бұл бөлік алтын жалату деп аталатын күрделі техниканы қолдана отырып жасалған. Онда сынап алтын ұнтағымен араласып, сол кезеңдегі шеберліктің жоғары деңгейін көрсетеді.

Заттың бетіндегі ІРІ таңба үш әріпті білдіреді: біріншісі – жуан Б таңбасы, екіншісі – жіңішке Р таң­басы, үшіншісі – жіңішке Л таңбасы. Басқа таңбалар осының айна­ласында күрделі графемамен жазылған. Жазудың транскрип­ция­сы: «Боджман қаған бабам қамтамасыз ертіп, құрұп оғұр­нан­тмыш үч джүзлүк түрүк, алты арыс­лық қассақ бәңкүлүк ер елі». Аудар­масы: «Боджман қаған бабам қамтамасыз етіп, құрып орнат­қан үш жүздік түрік, алты арыс­тық қассақ (қазақ) мәңгілік ер елі».

Бұл – бізге белгілі Орұқұн жазбаларынан оқылған мәтін. Сондықтан тез әрі жеңіл оқылды. Зат тұмар секілді сардар не болмаса сарбаздың өзімен бірге алып жүретін қасиетті зат ретінде жасалған.

Оқырманға түсінікті болуы үшін Боджманның есімі Бумын деп қате оқылып келген қаған екенін жаза кетейік. Көне түркі жазба ескерткіштерінің сырын ашып оқи бастаған ғалымдар өз деңгейіндегі білімдерін сарп етіп, жазбалардың негізгі мағынасын ашып жариялады. Алайда олар­дың мүмкіндігі жетпейтін, ескерт­­кіштердің терең сырлы қатпарлары жеткілікті болатын. Ол сырлар өз құпияларын ішіне бүгіп, қазіргі кезге дейін, әлі де жабулы күйінде ішкі таңғажайып қазынасын жасырып келеді. Бумын есімі бір ғана дыбыс – ДЖ таңбасының оқылмауы себебінен жаңылыс оқылды. Тілдік түркітану ғылымының негізгі міндеттерінің бірі – тарихи кезеңдердегі түркі тілдерінің дыбыстық құрылымын анықтау. Оны анықтау оңай емес екені мәлім, өйткені көне замандардағы халықтардың дыбыстық сөйлеу мәнері біздің құлағымызға жеткен жоқ. Оны жазба мұралардағы әріптік-дыбыстық таңбалар арқылы ғана қалпына келтіруге болады. Бұрын белгісіз болып келген ДЖ дыбысы кірігіңкі дауыссыздардың еріндік нұсқасы болып саналады. Бұл нұсқа бүкіл­әлемдік түркологиялық әрі тарихи жаңалықтың ашылуына себепкер болатын әріп таңбасы болып отыр. Жәдігердің ғылыми негіздемесі мен әріптік таңбалануының жүйесін сала­лық журналдағы біздің зерт­­­теуі­­­мізден толық оқи аласыздар.

 

Орынбай БЕКЖАН,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты