Аймақтар • 09 Ақпан, 2024

Дүниеге екінші рет үшем әкелді

1233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перзентханасында үшем дүниеге келді. Үш сәбиге толыққан отбасының аяулы келіншегі бұған дейін де үшем туып көпбалалы ана атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дүниеге екінші рет үшем әкелді

Фото: Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы

Перзентхана өкілдерінің айтуынша, әйел екінші рет дүниеге үшем әкелетіні белгілі болған сәттен бастап Жамбыл аудандық орталық ауруханасының білікті дәрігерлері оны ерекше бақылауға алды.

Kazinform тілшілерінің жазуынша, келіншек жүктіліктің 30-шы аптасында Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына ауыстырылды. Ал 32 аптасында үш бірдей сәби кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. 

«Нәрестелер 2 170, 1 490, 1 900 грамм салмақпен дүниеге келді. Алғашқы күндері сәбилердің жағдайы ауыр болып, инвазивті емес SIPAP аппаратында жатты. Тек жетінші күні көпбалалы ана сәбилерімен қайта қауышты. Дәрігерлер, акушер-гинекологтар, неонатолог-реаниматологтар мен медбикелердің көмегімен жаңа туған сәбилердің әрқайсысы үш аптаның ішінде 500-ден 1 келіге дейін салмақ жинай алды», деді жоғары санатты акушер-гинеколог Гүлжахан Жұмадулаева. 

Бір ұл, екі қызды дүниеге әкелген Шолпан Мамашева мен жұбайы Жарқын Бағлаев кішкентайларға Ділнәз, Гүлнәз,Темірлан есімдерін беріпті.

«Өмірге екінші рет үшем әкелдім. 2020 жылы табиғи жолмен сәбилерімді туамын дегенде жағдайым күрт нашарлап, нәрестелерім шала туған еді. Дәрігерлер бар күшін салса да, тек бір баламды құтқарып қалды. Бұл жолы мен жүктілікке мұқият дайындалдым, білікті дәрігерлерді таңдадым және барлық қажетті процедурадан алдын ала өттім. 30 аптада мен Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перзентханасына түсіп, жоспарлы кесарь тілігі арқылы босандым. Сәбилер мерзімінен бұрын дүниеге келді, сондықтан жағдайы ауыр болды. Бірақ мен дәрігерлерге сендім, білікті мамандардың арқасында үш кішкентай періштемді қолыма алдым. Енді мен сегіз баланың анасымын», деді бақытты ана Шолпан Мамашева. 

е