Дүниені билеп-төстеп алған дүлей күш тіршілікпен санаспайды. Бірақ тіршілік боран соқты екен деп тоқтап қалса, кәні. Бір жерде біреулер сапарлап жолда келе жатса, енді бір шалғай ауылда ай-күні толған жас келінді толғақ қысып, тар құрсақтағы нәресте кең дүниенің есігін қағып жатады. Өмір мен өлім арбасқан мұндай қысталаң сәттерде бораннан озып, ақтүтектен адаспай жол тауып көмекке келетін құтқару қызметтерінің ерлікке бергісіз еңбегі ересен-ақ.
Өңір тұтастай қар құрсауында қалғанда төтенше жағдай, жол тазарту, полиция, жедел жәрдем қызметтері үш күн бойы бел жазбай арпалысып жүріп өз міндеттерін абыроймен атқарып шықты. Ақтүтек астындағы арпалыста өрімдей жас фельдшер қыздар қарға батып қалған жедел-жәрдем көлігін итеріп шығарып, науқасқа дейін бірнеше шақырым омбылап қар кешіп жаяу жеткен жағдайлар болды. Мәселен, 8 ақпандағы қарлы боранда Северный ауылында тұратын толғағы жеткен жүкті әйелді Арқалық қаласына жедел жеткізген жедел жәрдем бригадасын алайық. Северный ауылының тұрғыны Гүлназ Рыскелдина: «Алай-түлей боранда Арқалық перзентханасына жетіп, аман-есен босанып, кішкентайлы болып отырғаным – Айдана Наурызбай, Мәдина Ахметжанова сынды фельдшерлер мен көлік жүргізуші Евгений Ходостың арқасы», дейді. Жас босанған ананың айтуынша, таяқ тастам жерді көру мұңға айналған ақтүтек боранда Арқалықтан шыққан жедел жәрдем көлігі Северныйдың іргесіне жетіп қарға батып қалған. Айдана мен Мәдина дереу көмекке кезекші көлікті шақыртқан соң, жүкті әйелге қоңырау шалып, жағдайды түсіндіріп, көп кешікпей жететіндерін хабарлаған. Одан кейін фельдшерлер екінші көліктің келуін күтіп тұрмастан, межелі мекенжайға қарай жаяу тартқан. Бұл кезде жүкті әйелдің жолдасы да көліктің ауыл ішіне кіре алмайтынын біліп, жұбайын киіндіріп фельдшерлерге қарай жолға шыққан еді.
«Боран түтеп тұр. Толғағым қысып, шыдатпай барады. Қарсы алдымыздан шыққан фельдшерлерді көргенде қуанып кеттік. Олар мені бірден екінші көлікке отырғызды. Жағдайымды сұрап, бірден денсаулығымды тексеріп шықты. Одан кейін кез келген жағдайға дайын болуымды түсіндіріп, қайрап, жолда босанып қалуға дайын болу керек екенін түсіндірді. Бірақ перзентханаға дер кезінде жеттік. Алланың қалауымен қызды болдым. Әуелі Аллаға, одан кейін Мәдина мен Айданаға алғысым шексіз», дейді Гүлназ Рыскелдина.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қарлы боранның құрсауындағы үш күн ішінде «103» қызметіне 3 819 қоңырау келіп түскен. Жедел жәрдемге 2 676 адам жүгінген. 678 науқас аман-есен ауруханаға жеткізілген.
Төтенше жағдай қызметі мен полиция күштері де бірнеше күнге созылған боранның астында жүрді. Боранның салдарынан облыс аумағында 300-ге жуық ауыр жүк көлігі қар құрсауында қалды. Мысалы, бір ғана «Қостанай – Қарабұтақ» автожолының бойында 300-ден аса жүк көлігі мен жолаушы тасымалдайтын бірнеше автобус екі-үш күн тұрды. Денисов, Бейімбет Майлин аудандары мен Лисаков қаласының жергілікті атқарушы органдары қар құрсауында қалғандарды жылы жайларға орналастырып, тегін ыстық тамақ, ауызсу жеткізіп тұрды.
Қостанай облысы