Букингем сарайы таратқан мәліметте Чарльз патшаның қатерлі ісіктің қай түріне шалдыққаны айтылмаған. Ол өткен дүйсенбіден ем қабылдауды бастады. Осы кезеңдегі корольдің кей міндетті кейінге шегеріле тұрмақ. Әзірге дәрігерлер тыйым салмайынша премьер-министр Риши Сунакпен апта сайынғы кездесуі секілді қызметі жалғаса береді.
Осы жаңалықтан кейін үкімет басшысы Риши Сунак корольге тезірек және түбегейлі сауығып кетуін тіледі. Сондай-ақ лейбористтік партия басшысы сэр Кейр Стармер мен өкілдер палатасының спикері сэр Линдси Хойл патшаға саулық тіледі.
АҚШ президенті Джо Байден алаңдаушылық білдіріп, корольмен сөйлесетінін айтты. Туиттердегі парақшасында кейінірек «Қатерлі ісік диагностикасы, емдеу және аман қалу үміт пен түбегейлі батылдықты қажет етеді. Джил екеуміз Біріккен корольдік халқына Ұлы мәртебелінің жедел сауығып кетуін сұрап дұға етеміз», деп жазды Ақ үй басшысы.
Британ корольдігінің жазылмаған заңы бойынша монарх өз міндетін атқара алмаған жағдайда регенттік тәртібі жүзеге асырылады. Яғни мемлекеттің кеңесшісі ретінде патша тұқымының біреуі белгіленеді. Дегенмен бұл күрделі һәм оңай мәселе емес.
1937 жылы қабылданған Регенттік актінде төрт ықтимал жағдай қарастырылған. Монарх кәмелеттік жасқа, яғни 18-ге толмағанда не денсаулығы толықтай сыр бергенде, уақытша әрекетке қабілетсіз болғанда, шетелге кеткенде белгілі бір мерзімге басқарушы белгіленеді.
Алғашқы екі жағдайда регенттік билік іске қосылады. Бұл қызметке кіріскен тұлға монархтың бүкіл қызметін атқарады. Кейінгілерінде патшаның атынан әрекет ететін «мемлекеттік кеңесшілер» тағайындалады.
Қазіргі таңда Чарльз патша уақытша әрекетке қабілетсіз саналады. Яғни денсаулығында кінәрат бар. Бірақ кейінгі жағдайға қарағанда ол кеңесші тағайындауға асықпайтын секілді. Алда-жалда мұндай шешімге бара қалса, бұл қызмет үлкен ұлы Уильям ханзадаға, қарындасы Анна ханшайымға не інісі Эдвард ханзадаға бұйырады.
Негізі Чарльз патшаның өзі бір мәрте кеңесші рөлін атқарған. 2022 жылы Елизавета II денсаулығына байланысты оны осы лауазымға тағайындаған болатын. Бірақ шетелге сапары кезінде жиі-жиі кеңесші белгілеп отырғаны мәлім.
Негізі Ұлыбритания монархтарының саяси күші шектелген. Дегенмен атқаруға тиіс конституциялық міндеттері бар. Соның басым бөлігін мемлекеттік кеңесші орындауға құқылы. Тек Парламентті таратуға, Лордтар палатасының жаңа мүшелерін тағайындауға заңмен тыйым салынған. Алда-жалда ел патшасы қалам ұстауға, не анық сөйлеуге шамасы жетпесе, регенттік белгіленеді. Алайда монархтың өзі регенттікті мәлімдеуге құқылы емес. Мұндай құзырет Өкілдер палатасының спикері, монархтың жұбайы секілді бес адамнан тұратын топқа берілген.
Алда-жалда Чарльз патша билікті атқаруға жарамсыз саналса, оның орнына регенттік Уильям ханзадаға беріледі. Осылайша, монархтың орнына бүкіл міндетті атқарады. Әйтсе де мұрагерлікті өзгертуге ғана тыйым салынған.
Осы орайда айта кеткен жөн, Чарльз патша қатерлі ісікке шалдыққан алғашқы Британия монархы емес. Мәселен, 1951 жылы Георг VI жаман індеттің тырнағына ілінді. Бірақ дәрігерлер оған өкпесіндегі қатерлі ісік туралы айтпаған көрінеді. Халыққа күрделі операция жасалатыны жөнінде ғана мәлімет берген.
Айтпақшы, Ұлыбритания тәжіне қатысты тағы бір мынандай қызық жағдай бар. Алда-жалда Уильям ханзада патша атанып жатса, оның регенті ретінде ұлы Георг ханзада саналмайды. Әзірге ол кәмелеттік жасқа 2031 жылы толады. Оған дейін қажет кезде Гарри ханзада регент не мемлекеттік кеңесші міндетін атқаруға тиіс.