Үкімет • 12 Ақпан, 2024

Заңнамалық қолдау көрсетеді

119 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының депутаттары Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына жан-жақты заңнамалық қолдау көрсетіп келеді. Фракция жиналысында парламентшілер алдында тұрған жаңа міндеттерді талқыға салды.

Заңнамалық қолдау көрсетеді

Іс-шараны ашқан Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Президентіміздің жедел шешуді қажет ететін ең маңызды мәселелерді айқындап бергенін атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмаларды орындауға тиімсіз бюрократиялық тәсілдер кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. Бүгінде нақты нәтижеге бағытталған кәсіби тәсіл қажет. Бұл қағиданы біз заң шығару барысында да ұстануымыз керек. Мәжілісте әзірленген әрбір заң Президенттің мемлекетті дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін міндеттерін жүзеге асыру үшін жұмыс істеуі тиіс», деді ол.

Мәжіліс спикері Мемлекет басшысы «Amanat» ұсынған үміткерді Премьер-министр лауазымына таға­йындағанын және бұл шешім Пре­зиденттің партияға деген зор сенімін көрсеткенін атап өтті. «Мемлекет басшысы экономика өсімін жыл сайын кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап отыру және 2029 жылға қарай ІЖӨ көлемін 450 млрд долларға жеткізу жөнінде алдымызға нақты міндет қойды. Осыған байланысты, Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері бірлесіп, тығыз жұмыс істеуі керек. Алда тұрған барлық тапсырманы тек бір жұдырық болып жұмылсақ қана тиімді жүзеге асыра аламыз», деді Ерлан Қошанов.

Президент тапсырмаларын орын­дауға арналған жиын барысында пар­тия фракциясының мүшелері де сөз алды. Асхат Аймағамбетов халық­ты мемлекеттік әлеуметтік қол­дау тетіктерін қайта қарау, Нұр­тай Сабильянов Құрылыс кодексі­не және мемлекеттік сатып алу жөнін­дегі жаңа заң жобасына түзету енгізу­де депутаттар тарапынан атқа­рып жатқан жұмыстарды, Сергей Поно­марев су ресурстарын тиімді пайдалану және Су кодексін әзірлеу, Болатбек Нажметдинұлы көлік-логистикалық әлеуетті дамыту, Берік Бейсенғалиев бюджет және салық саясатының тиімділігін арттыруға қатысты өз ұсынысын айтты. Ал Нұржан Әшімбетов Президенттің ауыл шаруашылығы бағытына қатысты тапсырмаларын жүзеге асыру жоспарлары туралы мәлімет берді. Жиынды қорытындылай келе, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов «Amanat» фракциясы Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жұмысын күшейтуге тиіс екенін атап өтті.