Қоғам • 12 Ақпан, 2024

Алименттен қашқан әке

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қоғамда ажырасу оқиғаларының көбеюімен алимент төлеушілер қатары да артып келеді. «Алимент төлеуге міндеттілер» деген дұрыс шығар. Өйткені міндетті болғанымен, олардың бәрі бірдей «төлеуші» емес. Сондықтан проку­ра­тура қызметкерлері алименттен қашқан­дарды анықтап, заң аясында күштеп төлеттіруге мәжбүр.

Алименттен қашқан әке

Жергілікті атқарушы орган­дармен және сот орындау­шы­ларының бірлескен жұмысы арқасында Алматы қалалық прокуратурасы былтыр мыңнан астам жұмыссыз алимент төлеушіні анықтап, есепке алды. Жұмыссыз болғандықтан, алиментті де төлемей жүргені бел­гілі. Олардың 657-сі жұмыс­қа­ тұрғызылды.

Дегенмен, шын мәнінде, бұлардың бәрін бір­дей жұ­мыс­­сыз деу қиын. Себебі көбі «Яндекс.GO» қосымшасы арқылы жолаушы тасымалдау қызметімен айналысып, жасырын табыс тауып жүр. Прокуратура органдары алименттен қашқан осындай 150-ден астам борышкерді анықтады.

2023 жылы 14 борышкерге қатысты қылмыстық істер тіркеліп, олардың іші­нен 5 борышкер қыл­мыс­­тық­ жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының өндірісінде 9 қыл­мыстық іс бар.

Сонымен қатар алимент өндіру бойынша сот шешімін орындамаған 112 борышкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, Алматы проку­ра­ту­расының мұрындық болуымен 2023 жылғы 16 мың бала тиесілі 2,5 млрд теңгеден астам алимент бойынша қарыздар төленді. Бұл бағытта жұмыстар жалғаса береді.