Білім • 12 Ақпан, 2024

Білімдегі ынтымақтастық

124 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бішкекте отандық Педагогикалық ше­бер­­­лік орталығының филиалын ашу жос­пар­ланып отыр.

Білімдегі ынтымақтастық

Бішкекте «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының мұғалімдерді кәсіби дамыту бойынша халықаралық жобасын өткізді. Ауқымды ынтымақтастықтың басты қорытындысы Қырғызстанда отандық орталықтың бөлімшесін ашу туралы ұсынысы болды. Елімізден барған шеберлік орталығының партасына Жалал-Абад, Шу, Талас, Ош, Баткен, Ыстықкөл облыстарынан және ел астанасынан келген ұстаздар отырды. «Сапат» халықаралық желісінің, Шыңғыс Айтматов атындағы және «Айчүрөк» лицейлері, «United World» және басқа да танымал мектептердің өкілдері жаңа білімді меңгерді.

Қырғызстандағы мұғалімдерге арналған сабақ кестесінде бүгінгі таңдағы заманауи білім берудегі өзекті тақырыптар енгізілген. Олардың көпшілігі педагогикалық тәжірибеде сұранысқа ие зерттеу тақырыбы – «Lesson Study және Action Research».

– Қырғыз мұғалімдерінің үлкен тобы үшін осы жыл жаңа біліммен және жаңа достармен басталды, біз өзіміз үшін «Lesson Study және Action Research» әдісін жаңадан аштық. Оны енді Қырғызстанда міндетті түрде жүзеге асырамыз, – дейді «Сапат» халық­­аралық білім беру желісінің вице-президенті Раина Асакеева.

Педагогикалық шеберлік орта­лы­ғы­ның халық­аралық жобасы мұғалім­нің зерттеу қызметін кемел­ден­діруге бағытталған. Іс-шараға «WALS» пре­зиденті және құрметті бас хатшысы Кэтрин Льюис пен Питер Дадли АҚШ пен Ұлыбританиядан онлайн қосылды. Постер сессиясы табысты оқу және перс­пек­тивалар туралы шығармашылық есеп іспетті болды.

– Біздің сенімді досымыз саналатын Педаго­ги­калық шеберлік орталығының арқасында пост­ке­ңестік кеңістікте алғаш рет «WALS» конференциясы өтетіні – біз үшін үлкен мақтаныш, – деп мойындады Қырғызстандағы «Ақыл­ман» Президенттік лицейінің директоры Эмиль Рысқұлов.

Орталық тарихында алғаш рет мұғалімдерге арнал­ған сабақтар ағыл­шын, қазақ, қырғыз, орыс тілдерінде өтті. Оқудың алғашқы күнінен бас­тап тәжірибелі тәлімгерлер Раушан Әбішева, Эльвира Рахмаил, Қызжібек Абдраманова қыр­ғыз әріптестерінің кәсіби шыңдалуына жоғары талап­тар қойды. «Әр топта олар «WALS» қауым­дас­тығының стратегиялық басымдықтары мен 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін халық­­аралық конференцияның өту барысымен таныс­­тырды», деп атап өтті Педагогикалық шебер­­лік орталығының жоба жетекшісі Ардақ Закарья­нова. Халықаралық жобаның негізгі нәти­же­­лері қырғыз мұғалімдерінің жаһандық тенденциялар, әлемдік білім берудің құралдары мен тәжі­ри­бесін зерттеуге деген үлкен сұранысын рас­тады.

– Бүгінде қырғызстандық педагог­тер ғы­лыми-зерттеу қызметін кеңей­туге және кәсіби білік­тілігін жүйелі арт­ты­руға бағытталған ауқым­ды оқытуды жалғастыруға мүдделі, – деп атап өтті Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кабдыкаримова.

Педагогикалық шеберлік орталығы қырғыз­стан­дық әріптестермен бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Астанаға оқуға бірінші болып «Білімкана» халықаралық жүйе­сінің ең беделді мұғалімдері келді. Өткен жылдың желтоқсан айында Қырғызстанның үлкен делегациясы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жүйесімен егжей-тегжей танысу және бірінші халықаралық «Білім берудегі көшбасшы бағдары» басқару интенсивіне қатысуға Қазақстанға арнайы ұшып келген еді. Олардың қатарында атақты «Сапат», «Креатив – Таалим», «Global school» мектептерінің, «Айчүрөк» әйелдер лицейінің, сондай-ақ Сәлімбеков университетінің өкілдері бар. Екі ел бірлігі арқасында білім саласына үлкен серпіліс қосқалы отыр.