Қоғам • 12 Ақпан, 2024

Жаңатаңға қаладан көшіп барды

123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында «Қаладан – ауылға!» атты бірегей жоба басталғанын хабарлаған едік. Міне, алғашқылардың бірі болып Аят Сисенов деген азамат Қазталов ауданы Болашақ ауылдық округі Жаңатаң елді мекеніне қоныс аударды.

Жаңатаңға қаладан көшіп барды

Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлының бастамасымен 2024-2026 жылдарға арналған жоба аясында Орал қаласынан бір көш ауылға бет түзеді. Отағасы Аят Сисенов отбасылы, 5 баласы бар. Бала­ларының екеуі – мектеп жасында болса, үшеуі – одан да кіші. Аят кейінгі 5 жыл бойы Орал қаласында пәтер жалдап тұрған екен. Көпбалалы отбасы Қазталов ауданы әкімінің шақыруын құп алған.

– Өңірімізде қолға алынған бағдарламаның мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көші-қонын азайту, ауылдық жерде жұмыс күші тапшылығын жою, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, шағын және орта бизнес нысандарының санын арттыру, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселесін шешуге қолдау көрсету. Біз Қазталов ауданының 8 елді мекеніне адам шақырып отырмыз. Яғни аудандағы Жаңатаң, Әбіш, Көпкүтір, Жас, Сарықұдық, Саралжын, Сатыбалды, Көмек­ші секілді шағын ауыл­дар­дың екінші тынысын ашу үшін жылдың басында арнайы жұмыс тобы құрылды. Көшіп келем деген азаматтарға аталған елді мекендерден жұмыс, тұрғын үймен қамту мәселесі қарастырылады. Жұмыс тобы Орал қаласында тұрып жатқан 13 отбасымен сөйлесті. Нәтижесінде, 4 отбасы ауылға көшіп келуге ниет білдіріп отыр. Айта кетейік, жоғарыдағы елді мекендерге жеке инвестор есебінен үй салу жоспарланған. Көшіп келуге ниетті азаматтарға жергілікті демеушілер есебінен ұсақ малын және ірі қара малын беру, 1 млн 476 мың теңгеге дейін қайтарымсыз грант алуға және «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алуға болатыны жөнінде түсіндіріп жатырмыз, – дейді Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.

Аят Болатұлының туған ауы­лына қайта көшуі аудандағы ерекше оқиғаға айналған. Аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың өзі Орал қаласына арнайы барып, Сисеновтер әулетімен жүз­дескен. Аяттың ауылға қоныс аударуға және ауыл эко­но­­микасының дамуына үлес қосу­ға деген ізгі ниеті үшін риза­шылық білдіріп, нақты көмек берілетінін айтып, уәде берген.

Сонымен Аят Сисеновтің от­басы Жаңатаң ауылында­ бірден баспаналы болады. Ота­ға­сы ауылдағы ауызсу стансасы­на оператор, ал әйелі мек­тепке жұмысқа орналасады. Бұған қоса жергілікті меце­нат­тар ерулік ретінде жаңа ауыл­да­сы­ның қорасына 2 ірі қара және 5 қой кіргізбек ниетте.

 

Батыс Қазақстан облысы