Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Кедейлік құрсауы неден?
Кедейлік пен табыс теңсіздігі – тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемнің бас ауруы. Қаңтар айында өткен Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшылары 2023 жылы мұнай-газ компаниялары үшін рекордтық табыс болғанын, бұл жер үстіндегі теңсіздікті үдетіп жібергенін, тіпті енді 10 жылдан кейін алғашқы триллионер пайда болып, кедейлік мәселесі жалғаса беретінін мәлімдеді. Форум материалдары адамзат тарихында бұрын-соңды мұндай табыс теңсіздігі мен меншіктің шоғырлануы болмағанын алға тартып, саяси билікке ие миллиардердің қатары көбейіп кеткені айтылды. Қысқасы, 2023 жылы теңсіздік күшейіп, байлар бұрынғыдан бетер байып, ал кедей байғұстың күні сол шешілмеген қалпы қала берді. Мұның салқыны біздің елде де аздап байқалды.
Сонымен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша кедейшіліктің ең жоғары деңгейі Түркістан облысында, содан соң Жетісу облысында тіркеліпті. Ал Астана мен Қарағанды еліміздің кедейі аз өңірлерінің көшін бастап тұр. Ресми түрде Қазақстандағы кедейлер – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар. 2024 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге.
Біздің елде кедейді кедей деп тану біраз кедергілерден өтіп барып, бірсыпыра жылдар бойы заңдастырылды. Тек кейінгі бес-алты жылда ғана кедейді кедей деуге тіліміз барды.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, Үкіметтің ІЖӨ көрсеткіші мен әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтың жағдайы арасындағы айырмашылықтан біздің елдегі статистиканың өзі адасып қалады. 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында жан басына шаққанда ІЖӨ 14,3 мың долларға дейін ұлғаятыны айтылған. «Экономикалық форум материалдарындағы табыс теңсіздігі мен меншіктің шоғырлануы, бұрын-соңды саяси билікке ие миллиардердің қатарының көбейіп кеткені туралы деректердің біздің елге де қатысы бар. Басқаша айтқанда, ІЖӨ-дегі 14,3 мың доллар – олигархиялық топтардың меншігіндегі капиталдың 20 млн адамға бөліп тастағандағы көрсеткіші. Біз кедейлік деңгейін азаматтарымыздың дастарқанына қарап бағалайық», дейді Д.Сәтпаев.
Саясаттанушы айтып өткендей, елдегі кедейлік көрінісінің бетін тырнап жіберсек, бірнеше әлеуметтік санатты көреміз. Айлық табысы несиесінен артылмайтын, балаларын түрлі ақылы үйірмелерге қатысуға, отбасымен жылына бір рет өзіне демалыс ұйымдастыруға, ақылы емханаларда емделуге шамасы жетпейтін топтың бәрін осы санатқа жатқызуға болады. Бірақ олар – ресми түрде кедей деп таныған топқа қарағанда өте «мәдениетті және зиялы», кедейлігін білдірмей жалын күдірейтіп жүрген топ.
Саясаттанушы, экономист, Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов өткен аптада журналистермен кездескен кезде 2006 жылдары кедейлік деңгейі 31,6-дан 18,2 пайызға, ал 2010 жылы 6,5 пайызға дейін төмендепті. Экономист бұл көрсеткішке сол жылдары әр отбасының қорасындағы қойы мен тауығына дейін санап, оларды өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған деген санатқа іліндіріп жіберген саясат ықпал етуі әбден мүмкін екендігін айтады.
Адамдарды кедейлік құрсауынан қалай шығарамыз деген мәселе кеше де, бүгін де өзекті. Біздің елдегі кедейлік шегі халықаралық стандарттардан айтарлықтай төмен. Қазіргі уақытта ол өмір сүру минимумының 52 пайызын құрайды. Бұл ретте Дүниежүзілік банк табысы орташа елдердің жоғары сегменті, яғни Қазақстан үшін бір адамға күніне 6,85 доллар немесе айына 205,5 доллар (шамамен 93 000 теңге) кедейлік шегін белгіледі. Адам басына тәулігіне 6,85 АҚШ долларын құрайтын бұл көрсеткішке сүйене отырып, Дүниежүзілік банк 2022 жылы Қазақстандағы кедейшілік деңгейін 16% деңгейінде бағалайды, бұл ұлттық статистикадан үш есе жоғары болады. Үкімет берген статистика мен халықтың шынайы күнкөріс деңгейінің айырмашылықты сырт көздің байқамауы мүмкін емес.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, елдегі орташа жалақының үштен бір бөлігі ең төменгі жалақы ретінде белгіленуі керек. Біздегі орташа жалақы биылдан бастап 350 мыңнан асады. Демек ең төменгі жалақы 85 мың теңге емес, 100 мың, ал төменгі күнкөріс деңгейі 43 мың емес, 80 000 теңгенің айналасында болады.
Марат Шибұтовтың айтуынша, кедейшіліктің өсуі, ең алдымен, демографияға байланысты. Отбасындағы бала кемі 18 жасқа дейін отбасының қалған мүшелерінің табысына тәуелді. Мысалы, 4 баласы бар отбасында ата-анасы ғана жұмыс істесе, отбасылық табыс 6 адамға есептеледі. Экономикамыздың әртараптандырылмауы біраз мүмкіндіктеріміздің көзін бітеп тастаған. Марат Шибұтов айтып өткендей, уран немесе уран оксидін (VI), диуран (V) экспорттағандағы пайдамыз 2,5-3 млрд доллардан аспайды. Егер АЭС салып, электр қуатын өндіріп, соны жан-жағымыздағы елдерге сатсақ, бұл көрсеткіш қазіргі деңгейден үш-төрт есе жоғары болар еді.
Сарапшы айтып өткендей, табысты арттыру арқылы кедейлік деңгейін төмендетудің мың түрлі жолы бар. Бірақ пайдалы қазбаларымыздың дені шетелдіктердің қолында. Оларға уран экономикасын әртараптандыру емес, шикі өнімді шетелге экспорттау әлдеқайда тиімді. Мұндай жағдайда бизнесіміз өспейді, азаматтарымыздың жалақысы отбасының ең төменгі деңгейдегі қажеттілігін ғана өтеуге жетеді.
Келесі қаржыгер Расул Рысмамбетов кейінгі оншақты жылда халықтың номиналды кірісі өскенімен, нақты табыс айтарлықтай артта қалды деп есептейді. Халықтың табысы инфляцияға ілесе алмай жатыр. 2022 жылы инфляция – 20 пайызға, ал 2023 жылы 9,8 пайызға өсті. Кедейлік тұзағына шырмалып қалатындардың басым көпшілігі ең аз жалақы алатындар екенін сарапшылар да жиі айтады. Төмен еңбек өнімділігі мәселесі экономикалық өсімнің төмендеуіне, сонымен бір мезгілде халықтың тұрмыс деңгейінің құлдырауына алып келеді. Ең аз табыс мөлшері ең көп табыс мөлшерінен 13 есе аз.
Халықтың қарызы – кедейлік көрсеткіші
Р.Рысмамбетовтің айтуынша, кейінгі кезде екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) пайыздық мөлшерлемені төмендету керек деген пікірі басымдық алып бара жатыр. Несие пайызы, ең алдымен, экономикаға байланысты. Әлсіз экономика мықты банктің өзін тұншықтырып тастайды. ЕДБ жағдайын экономикалық жағдайдың көрсеткішінің айнасы деп қабылдау керек.
Р.Рысмамбетовтің айтуынша, елдегі кедейлер саны қағазға түсіп, қатталғаннан әлдеқайда көбірек болуы мүмкін. Мұнай, сауда, банк секторы, ақпаратты технология әлі де болса табысты салалардың санатында тұр. Сарапшы айтып өткендей, мемлекет тарапынан берілетін демеу қаржы азамат аштан өліп қалмау үшін беріледі. «Кейбір сарапшылардың «мемлекет жұмыс орындарын ашуға міндетті» деген пікірімен келіспеймін. Жұмыс орнын ашуды бизнестің жауапкершілігіне жүктеп, мемлекеттің оған кедергі келтірмеуін қадағалау, ертең осы мәселелерге нақты жауап беретін адамдарды бүгін анықтап алуымыз керек. Егер бизнеске бір жұмыс орнын алу үшін бар болғаны 10-15 мың АҚШ доллары қажет болса, мемлекетке одан 10 есе көп, 150 мың АҚШ доллары қажет. Кедейшілікпен күресудің құралы – макроэкономикалық тұрақтылық. Оны қалыпты деңгейде ұстап тұру халықтың табысын арттыруға жол ашады. Өндірістің өнімділігін арттыру экономикалық өсімге жол ашу керек. Мұндай жағдайда экономиканың өзі халықтың табысы мен өмір сүру деңгейін арттырады. Мемлекеттің кедейшілікті жоюдағы басты міндеті – макроэкономикалық тұрақтылық үшін жағдай жасау», дейді сарапшы.
Басты назар – балаларда емес...
Өткен жылы балаларға арналған жалпыға бірдей әлеуметтік көмек бағдарламасын Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) мен БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) енгізуді ұсынады. ХЕҰ мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен баяндамасында «Әлемдік ауқымда балалардың үштен бірі ғана әлеуметтік қорғау бағдарламаларымен қамтылған, олар жақсы тамақтануға және оқуға, сайып келгенде, кедейліктен шығуға мүмкіндік береді», деп атап көрсетілген. Сарапшылар «өте кедейшілік» дегенге балалардың күнкөрісі бір доллар құрайтын және күніне 90 центті (шамамен айына 21 мың теңге) жатқызған. «Барлық балалардың жартысы жоқшылықта болмаса да кедейлікте. Олар 3 доллар және күніне 10 цент (айына 35 мың теңге шамасында) өмір сүреді. Жалпы, әлемде балалар арасында кедейлік көп. Балалар арасында кедей адамдардың үлесі ересектерге қарағанда екі есе жоғары», делінген баяндамада. Әлемдік ақпарат көздеріндегі деректер дамыған елдерде де балалар арасындағы кедейліктің өзекті екенін дәлелдей түседі. Мәселен, Норвегияда көпбалалы отбасылар салықты аз төлейді, кейбір елдер білім алуды, медициналық көмекті тегін жасау арқылы бұл мәселені шешуге тырысады.
Балалар кедейлігі туралы дүниежүзілік анықтамада жақсы білім алуға, дұрыс медициналық көмек алуға, жақсы тамақтануға баланың қолы жетпесе, оған кедейлік деп баға берілетіні айтылған. Ал біздің қоғамда бұл мәселе жалпы кедейлік ұғымы деңгейінде қарастырылады. Елде ресми түрде кедей деп танылған отбасылардың 90 пайызы көпбалалы отбасылар екен. Ұлттық санақтың нәтижесі бойынша 17 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы басым. Ал «ЮНИСЕФ Қазақстан» мәліметінше, біздің елдегі балалардың 15 пайызы – 1 млн бала кедей отбасында екендігін айтады.
Қаржыгер Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, балалар арасындағы кедейлік жеке мәселе ретінде қарастырылмайды. Табысы аз отбасыларда балаларға берілетін жәрдемақыға бақылау жасайтын кез келді. Кейбір отбасыларда сол жәрдемақының өзін басқа мақсатқа, тіпті несиені жабуға жұмсап жатқанын есітіп жүрміз. «Асхат Аймағамбетов білім министрі болып тұрған шақта балаларға жәрдемақы берілгенде оның барлық қажеттіліктері ескерілуге тиіс екені, орталықтан шалғай аймақтарда балаларға арнап тегін тіл үйренетін үйірмелер, спорт үйірмелері ашылатыны айтылған еді. Сол мәселе өзге министрлік тарапынан қолдау таппағандықтан ұмыт қалды.Енді шетелден қайтарылған активтің тым болмаса 5 пайызын осы мақсатқа жұмсасақ, қала баласы мен дала баласы өміріндегі айырмашылықтар бір-біріне жақындайтын еді», дейді Б.Зиябеков.
Қаржыгер айтып өткен екінші мәселе – кедейлікті демографиямен салыстыруға болмайды. Бұл үдеріске ішкі көші-қон мәселесі де өз қолтаңбасын қалдырып жатыр. Ауылдан қалаға бет түзеген жас отбасылардың басым көпшілігі пәтер жалдап тұрғандықтан, табысының түгелге жуығы пәтер жалдау ақысына жұмсалады. Кей отбасының қандай қиын жағдайда тұрып келгенін 2019 жылы 4 ақпанда Астананың іргесіндегі Көктал-1 елді мекенінде көмірмен жылынатын жер үйде жанып кеткен 5 қыздың қасіретінен кейін біліп жатырмыз. Өзіне ғана емес, балаларына қол салған аналар өздерімен бірге шындықты алып кетті», дейді Б.Зиябеков.
Сарапшының сөзінше, балалар арасындағы кедейліктің салмағы мемлекет үшін маңдайға қадалған тікен, табанға батқан таспен бірдей деп бағалану керек. Себебі кәмелеттік жастан асқан азаматтарда өз өмірінің картинасын қалыптастыруға мүмкіндік бар. Ал балада ондай мүмкіндік жоқ, олардың бай немесе кедей отбасында дүниеге келуі пешенесіне жазылып қойған жазмышпен бірдей. Балаларымыздың «кедейлік тұзағына» шырмалып қалуына жол беруге болмайды...
АЛМАТЫ