Қоғам • 13 Ақпан, 2024

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға сотталды

178 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2024 жылдың 13 ақпанында астаналық сот экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына, оның жұбайы Налия Ысқақоваға және адвокат Мұстахим Төлеевке қатысты алаяқтық және сыбайлас жемқорлық ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға сотталды

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Тергеу нәтижесіне сәйкес, А.Мұхамедиұлына аса ірі көлемде пара алу бойынша (ҚК 24-бабының 3-бөлігі – 367-бабының 4-бөлігі), Н.Ысқақоваға пара алуда делдалдық жасауы бойынша (ҚК 368-бабының 1-бөлігі), М.Төлеевке аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін (190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ) айып тағылып отыр.

Айыптау қорытындысында Мұхамедиұлының 2022 жылдың желтоқсан айында Астанадағы тергеу изоляторында қамаудан босатылып, «Дипломат» қонақ үйінің меншігінде қалғысы келіп, адвокат Мұстахим Төлеев арқылы шенеуніктерге аса ірі көлемде пара беруге шешім қабылдағаны айтылған.

Келесі кезекте экс-министрдің әйелі Налия Ысқақова кафеде Төлеевке 140 мың долларды өзі тапсырған. 2023 жылдың қаңтарында Ысқақова бұлтартпау шарасын өзгерткені үшін Төлеевке тағы 120 мың долларды өзі тапсырған. Сәуір айында Ысқақова жүргізуші арқылы Төлеевке жазасын жеңілдеткені үшін тағы 100 мың доллар аударған.

«2023 жылдың маусым айында ол ұлы арқылы адвокатқа 27 миллион теңге және 40 мың доллар көлемінде ақша аударған. Мұстахим Төлеев бұл қаражатты иемденіп, өз қалауы бойынша иеліктен шығарған», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. 

Сотта прокурор айыптауды қолдап, Арыстанбек Мұхамедиұлын 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал Мұстахим Төлеевке 6 жыл 8 айға, Налия Ысқақоваға 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Соттың шешімімен бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу және осы баптың 3 және 6-бөліктері негізінде кінәлі деп танылды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 20 маусымдағы үкімі бойынша тағайындалған онша ауыр емес жазаны сіңіру жолымен жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы үшін Қылмыстық кодекстің 58-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, одан да қатаңырақ жаза тағайындалып, ақыры 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекеттік мекемеде қызмет етуге өмір бойына тыйым салынды.

Налия Ысқақова ҚК 368-бабының 1-бөлігі пара алу бойынша кінәлі деп танылды. Ол 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Мұстахим Төлеев алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-баптың 4-бөлігі бойынша 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.