Өнер • 13 Ақпан, 2024

Сағымға сіңген суретші

217 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Алматының алагеуім кештерінің бірінде шеберханасынан шығып, алаңсыз күйде үйін бетке алған қалпы қайта оралмаған таланттың тылсымға толы тағдыры бүгінге дейін жұмбақ. 29 жылдан бері не тірі, не өлі екені белгісіз суретшіні отбасы, дос-жарандары әлі күтіп жүр…

Сағымға сіңген суретші

Сөз басы

Бейнелеу өнерінің теңдессіз талантты һәм тағдырлы тұлғасы марғасқа Мағауияның шығарма­шылығына бойлаған сайын көкіректі мұңға толы өкініш кернейтіні неге екен?!. Картиналары тұтас галереяға, бірегей экспозициялар жинағына сұранып тұрған, еңбегі әлемдік деңгейде мойындалуға лайық қылқалам шеберінің тылсым тағдыры әлі күнге дейін кім-кімді де толғантпай, ойлантпай қоймайды себебі...

Иә, белгілі суретші, терең ойлы, сұңғыла түйсікті сирек талант Мағауия Аманжолов – тағдыры жұмбаққа толы жандардың бірі. Өнерімен қалай өр көңілді өрекпітсе, өмірімен (бәлки өлімімен) дәл солай өзекті өртеп, өкінтеді. Шығармашылық қарымы бабына келіп, нағыз кемелденген шағында құпия жағдайда жоқ болған хас талант, әттең, тағдыры басқаша өрілгенде терең, тың тақырыптағы небір ойлы туындыларымен ұлттық сурет өнерімізді жаңа белеске көтерер ме еді?!.. Тағдырдың жазуы шығар, бабы келісіп, рухани толысқан, бойындағы барын еліне берер өмірінің ең бір жемісті кезінде жоғалып кетті. Бейне бір сағымға сіңгендей... Содан бері суретшіні көрген ешкім жоқ.

вар

«Жасыл тұма» 1994 жыл

 

Талант табиғаты

Мағауия Аманжолов есімі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап дүркіреп шықты. Жай шыққан жоқ, жай отындай жарқылдап, жанартаудай атқылап, адуындап, арқырап шықты. Тарихи һәм эпикалық суреттердің жүйрігі, қазақ сурет және кенеп бетіне түсірілген кескіндеме өнерінің барлық негізгі жанрының (пейзаж, портрет) хас шебері ретінде сол кездің өзінде сурет әлеміндегі құбылысқа айналды. Берісі қазақта, арысы алыс-жақын шетелде Мағауия Аманжолов есімін білмейтін жан кемде-кем еді. Әсіресе сурет сырын ұғатындар қылқалам шеберінің қайталанбас қолтаңбасына күні бүгінге дейін таңдай қаға тамсанады. Себебі саф таланттың қолынан шыққан тұма туындылар тазалығымен сүйсінтсе, өткірлігімен өзіне бас игізеді. Оның қиялына қанат байлаған «Жайлау», «Досымның портреті», «Ақшамдағы майшам», «Ақтабан шұбырынды», «Уақыт үстемдігі», «Ауылда», «Тауға тоймаймын», «Қарқаралы», «Құрылтай съезінің делегаттары Орынборға барар жол үстінде», «Құйынды» сынды сан сырлы сиқырға толы сұлу да өткір полотнолары мен ұлтымыздың аймаңдай тұлғалары – Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов, Бибігүл Төлегенова және тағы да басқа талантты портреттері, шын мәнінде, өнердің ұлы жаңалығы екені даусыз. Дара тұлға туралы көзкөргендер тебірене толғанады.

– Мағауия сирек талант еді. Ол туралы маған жазуға ықпал еткен – Ақселеу Сейдімбеков. Шеберханасына бардым, жазған шығармаларын көрдім. Туындыларын тамсана қарай жүріп өзімен тілдестім. Білімдар жігіт екеніне көзім жетті. Сөйтсем, ол әр шығармасының тақырыбына орай қатты ізденеді екен. Көркем дүниелерді де оқиды, тіпті архивке де баратынын білдім, – деп еске алады ақын Жүрсін Ерман.

 

Эрмитаждағы эйфория

Суретшіге бояу мен қылқаламды еркін игеру аз. Көрікті һәм кемел картинаға сонымен қатар сұңғыла сезім мен терең білім де қажет. Ізденіссіз істен бедерлі із тумайды. Бұл тұрғыдан Мағауия Аманжоловтың төрт құбыласы түгел десек, асыра айтқандығымыз емес. Тасын түртсең тарихы сөйлей жөнелетін киелі де көрікті мекен Қарқаралы топырағында 1949 жылдың 20 тамызында өмірге келген өнерлі жанның көзін ашқаннан көргені тұмса табиғаттың таңғажайыбы болған соң, оны әсемдіктен ада әлем қызықтырмады... Мағауияның әкесі малшы еді. Бәлкім, шетсіз-шексіз сағымға оранған далаға, көгілдір аспанға, көз ұшында бұлдыраған тауларға ғашық болу, оны ұғыну сол бала кезден, қой соңында жүрген тұста басталған шығар... Көргенінің барлығын көркем қабылдайтын өрелі жан осылайша бояу әлемінің бедерге бай сиқырын санасында сайраған сұлулықты сөйлетуге арнады. Тіпті ер жетіп, ес тоқтатып, Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербург) әскерге аттанғанда да суретке деген сезімін бір сәт суытпады. Қолы босай қалса, алып-ұшып Эрмитажға жететін. Өнер әлемінің шын мәніндегі терең де жұмбақ тылсымына дәл осы жерде жауап табардай сезімтал жаны ерекше өрекпіген. Сұлу сырлы сурет әлемінің қақпасы да болашақ суретші үшін Эрмитаждың етжеңді есіктеріндей айрықша әлемін айқара ашқан. Әсемдікке арбалған жас жігіт «Суретші боламын» деп нық бекінген сонда. Мақсатына жету үшін Мәскеуді бағындыруға бел байлады. Әскерде жүргеніне қарамастан, қолы қалт еткен уақытты бос жібермей, қылқаламды серік еткен жас талант бір топ суретін Мәскеудің суретшілер даярлайтын оқу орнына жібереді. Жауап жігітті көп күттірмеді. «Сені оқуға қабылдаймыз» деген ақжолтай хат аз уақытта-ақ Аманжоловтың қолына тиді. Бірақ дәм-тұз бұйырмады ма, бұл Мәскеуге емес, Алматыға аттанды. Осында жүріп оқыды, отбасылы болды. Сүйікті жары Гүлбайраш Молдабаеваны жолықтырып, Құралай, Еңлік, Әйгерім есімді сұлулардың әкесі атанды. Бүгінде әке жолын қуып, ата-ана аманатын абыроймен арқалап келе жатқан парасатты перзенттер әлдеқашан өнер әлемінің мойындалған өз өкіліне айналған.

авп

«Абай» 1994 жыл

 

Тауға тоймайтын талант

Алматыға келгенінен-ақ Алатаудың асқақтығы мен әсемдігінен шабыт алған Қарқаралының қырағы қиялды қыраны өнер әлеміне қарай қанатын құлаштай қақты. Осында жүріп республика тұрмақ, Одаққа танылды. Қарымды суретші екенін танытты. Мойындатты. КСРО суретшілер одағына жастай қабылданып, Мәскеу көрмелеріне бірнеше мәрте қатысты. Жүрек бояуын жұмсап, көз майын тауысқан туындыларының қай-қайсысы да жоғары бағаға лайық еді себебі.

«Ол тауға ғашық болды. «Тауға тоймаймын» деген керемет картинасы бар. Мені ертіп, қыздарын жетелеп, ертемен тауға шығып кететін. Күні бойы сурет салады. Ішіндегісін бүкпесіз ақтаратын. Иісі қазақтың данышпаны Абайды салды. Және қалай салды дейсіз ғой. Ешкімге ұқсамады. Шоқанға да жан бітірді. Көп ізденетін. Шоқанның суретін бір мұрағаттан тауып әкеліпті. Дәл сондай етіп салған ешкім жоқ. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманын» қайта-қайта оқып, теңселіп жүріп кететін. Соның нәтижесінде атақты «Ақтабан шұбырынды» картинасы дүниеге келді. Мағауияның қай картинасын айтайын? Көп қой.  Амал қанша, осындай асқан дарын иесі барында бағаланбады. Қазір де еске алып айтып жүргендер шамалы» деп күрсінген суретшінің жары Күлбайраш Молдабаеваның жан күңіренісін аһ ұрған демінен-ақ сезуге болатын еді.

Шынымен де шебердің шедеврлеріне қарап отырып, өзіндік бір тылсым әлемге енгендей боласың. Әсіресе «Тауға тоймаймын» картинасы суретшінің барлық ішкі әлемінің әуеніндей сезілетіні де рас. Себебі Қарқаралыдай табиғаты көркем қасиетті топырақта өмірге келген таланттың сұлулыққа құштарлығында шек жоқ-ты. Олай болса тұмса табиғаттан нәр алып, тауға қарап қол созған Мағауияның буырқанған бояу­лар бедеріндегі суреткерлік көзқарасының өзгеше өрнектелуі, керілген кенептегі картиналарының басқаша мінез көрсетуі мүмкін де емес еді.

Сол мінез суретшінің кейінгі кемелденген шағында туған туындыларында да айқын көрініс тапты. Ол елін де, жерін де, қазағын да шынайы көңілмен сүйе білді. Сол сезімін әсіре бояу, өтірік өрнексіз тап-таза, мөлдір қалпында асқан шеберлікпен бейнеледі. Мәселен, «Ауылда» деген жып-жылы картинасына көз, көз емес-ау ой жүгіртіп көрейікші. Онда қылқаламнан тамған қарапайым бояу арқылы ауыл деген тұтас ұғымның жекелей ерекшеліктеріне дәстүр мен діл, тыныштық пен қайшылық, қарапайымдылық пен ұлылық шарпысқан шұғылалы шуақ жаныңды жылытады, көңілге кеңдік, кемелдік ұялатады. Ал «Ақтабан шұбырынды» топтамасы халықтың жүрегінде мәңгі сақталған ащы зар мен ауыр мұңды тура жеткізе білді. Өнертанушылардың ай­туынша, суретшінің өз туындыларында қоңыр түсті көп пайдалануы оның шыдамды, байсалды жан екенін аң­ғар­тады. Бұл түс оның мінезіндегі тұрақтылықтың, ер­кіндік пен сабырлылықтың көрінісі іспеттес. Мағауия Аманжоловтың туындылары – тұнып тұрған философия.

плр

«Ауыл» 1976 жыл

 

Шеңберге сыймаған шебер

Ал публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы болса Мағауия мұрасының құндылығын құбылысқа балайды. Өйткені ол шеңберге сыймай тірлік кешіп, шеберлігі әбден шыңдалған, қай тақырыпқа да именбей бара алатын тәуелсіз шағында таңғажайып дүниелерін көрсете алмай арманда кеткен айбоз...

«Мағауияны ойлағанда сананы сілкінтетін даралық – ол әріптестерінің ешқайсысының дәті жетіп бара бермейтін тақырыпқа батыл барды. Тоталитарлық жүйенің дегені болып, халықтың кешегі бастан кешкен ауыр тағдырын айттырмай, ауыздықтап отырған жетпісінші жылдардың өзінде «Ақтабан шұбырынды» цикліне үндестіріп, қазағымның келешегі қалай болады деп асқан күйзеліспен ғұмыр кешкен аяулы арыстарымыз туралы «Құрылтай съезінің делегаттары Орынборға барар жол үстінде» деген полотно жазуы, оны 1986 жыл­дың Желтоқсан көтерілісі қасіретіне ұластырып «Құйынды» қиюластыруы, солардағы діттеген ойын асқан нәзіктікпен астарлай жеткізіп, көркемдік кеңес пен ті­міс­кілегіш түртпекшілердің ауыр тезінен орайын та­уып өткізе білуі ғажап емес пе?!» деп толғанады қаламгер.

Ал көзкөрген замандастарының сөзінше, Мағауия ақын жүректі азамат болыпты. «Керілген кенеп­тегі суреттері қалай сөйлесе, тілі де дәл солай күмбір­лейтін», дейді достары. Айналасына, жолдастары мен жақындарына ренжігенде:

«Шексіз кеңістік, шетсіз кеңістік,

 Біле тұра талай ұрысып, талай керістік.

Мен де сендердей ақымақ екем ғой,

Мұнымыз енді ұлы кемістік», деп жыр шумақ­тары­мен төгіп-төгіп жіберетін суретшінің ішкі темпера­менті де дәл қылқаламынан туған картиналарындай буырқанып, ернеуінен асқан асау толқындай атқақтап жататын. Енді бірде ол күнделікке айналған көк дәптеріне: «Көңілді шайтан қылды-ау, шайтан өмір...» деп түртсе, тағы бір жолы:

«Мысық қашса тырнағына сеніп,

Жоғары шығар ит жетпейді деп.

Мен неге жоғарыға секірмеймін,

Балағымнан тістер иттерді көріп...» деп күйініпті. Осы жолдар сезімтал суретші жанының шытынаған шақтары мен күңіренген көңіл күйзелістерінен хабар беретіндей. Өмірінің қилы кезеңін өткеріп жатқан таланттың аһ ұрған ішкі үні осылай суреттелген шығар бәлкім. Кім білсін...

 

Қиянат

Былай деп болжам жасауымызға себеп көп. Қанша жерден «Өлең, шіркін, өсекші...» деп өрекпігенімізбен, күнделікке түскен әр тармақ жан әлеміміздің хал-күйінен хабар беретіні хақ. Мағауияны мұңға батырған шумақтардың шиырланған штрихтарында да ноқтаға басы сыймай, шынжырға шырмалған шырмауық-тағдырдың шырқыраған шындығы жатқандай сезіледі. Себебі сурет әлеміндегі алғашқы адымдарынан-ақ айрықша қолтаңба, терең парасатымен дараланған суретшінің ерекше дарынына қарапайым халық қана емес, бейнелеу өнерінің жілігін шағып, майын ішкен шын шеберлердің өздері бас иді. Бейнелілік бедерінде баяндалған бояулар палитрасына, ондағы айтылар терең ойларға тамсанып, таңдай қақпаған жан сирек. Әйтсе де теңдессіз талантымен төрткүл дүниені мойындатқан Мағауияның ресми бағалануына келгенде қандай да бір тылсым күш кесе-көлденең шығып, таланттың жолын кесе берді. Суретші бір емес, бірнеше мәрте мемлекеттік деңгейдегі сыйлыққа ұсынылғанымен, озып тұрып, опат болған Құлагердің күйін кешті. Соның ішіндегі елеулісі һәм соңғысы – Мемлекеттік сыйлық. Дарынның «Дала дидары» атты ұштағаны аламан бәйгеде шаппай алатын даусыз дүние еді. Көпшілік талассыз туындыға таза жеңіс бұйырады деп кәміл сенгенімен, тоқетерінде Мағауияның меселі қайтып, рухы майырылды. Кезінде Құлагерге сілтенген айбалта бұл жолы айна-қатесіз қайталанып, ноқтаға басы сыймай көкжал мінез көрсеткен суретшінің де қақ маңдайын қансыратып тынды. Мәреге жетуге минуттар қалғанда Мағауияның рухын жыққан әділетсіздік нәзік жанын күйзелтпеді дейсіз бе?! Күйзелтпек былай тұрсын, дос көріп, жақын тартқан жандардың сатқындығы санасын сансыратты, жүрегіне өшпес жара салды. Қансыраған жанына дәру іздеп сенделген сәтте «Түркияға апарып көрме өткіземіз» дегендердің ұсынысы түнектен шыққан сәуледей көкірегіне нұр құйған, алдағы атар таңдарына айрықша үміт сыйлаған. Бірақ ол да алдамшы екен. Түркия асқан туындыларынан сол күйі хабар болмады. Осылайша, жиырмаға жуық картинасын жымқырып кеткен алаяқтардың аяр пиғылы Мағауияның онсыз да мұңлы күйін одан сайын күйретіп кетті. Қанша уақытын сарп етіп, жүйкесін жеп, ақ тер, көк тер боп салған бір топ туындысынан айдың-күннің аманында айырылып қалғаны суретшіге үлкен соққы болды. Тағы бірде салып қойған картиналарын қасақана тілгілеп кеткен қаскөйлікті көргенде Мағауия енді қайтып тұра алмастай морт сынды. Жүйкесі сыр беріп, жүрегі қан жылады. Іштегі запыранды сыртқа төгу үшін амалсыз ащы сумен дос болды. Сырын білмейтін көпшілік суретшіні «ішіп кетті» деп сөкті. Бірақ сең соққан балықтай сенделген таланттың тауқыметті тағдырына ешкім тереңнен үңіліп көруге талпынбады. Тоғышарлықтың түнегінде тұншыққан суретші тентіреп жүріп, бір күні ғайыпқа сіңіп жоқ болды. Тылсым жайды түсінбеген біреулер: «Ол – тірі», деді сеніммен. «Жоқ, ол көкке ұшып кеткен шығар», дейді екіншісі сенімсіздеу ғана. Өйткені арда азаматтың өлгенін көрген ешкім жоқ.

 

Тылсым

...1995 жылдың 15 тамызындағы тылсымға толы тосын жай талайды есеңгіретіп кетті... Пешенеге жазғаны сол болды ма, қайталанбайтын монументальды полотноларымен жарқ етіп, қазақ бейнелеу өнерінде жарылыс жасаған дарынды суретші айдың-күннің аманында, әдеттегідей үйінен шығып, шеберханасына кетеді... Кетеді, сол күйі оралмайды. Содан бері оны көрген жан баласы жоқ. Үлкен талант иесінің ойда-жоқта жоғалуына кім кінәлі, не әсер етті? Сол түні не болды? Қылқалам кемеңгеріне қиянат жасаған кім? Аттай 30 жылға созылған үнсіздік... Қалай десек те, суретші өзімен бірге талай сырды да қара түнге сіңіріп алып кеткені анық...

P.S: Мағауия Аманжоловтай қазақтың біртуар перзенті, талантты тұлғасының тағылымды да тауқыметті тағдырына үңілген сайын Құлагер ақын Ілияс Жансүгірұлының «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» деген әйгілі сөзі орала бергені рас. Қасиетті Қарқаралыдай киелі топырақта туып, қазақ атын әлемге танытқан сұңғыла суреткерді еске алып, есімін ұлықтау һәм қылқаламынан туған туындыларының тағдырын мәңгілік ету – ең әуелі өз туған жерінен басталса қандай жарасар еді! Бұл мақаламызға жергілікті билік бейжай қарамай, қылқалам шеберінің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында туған жері Қайнарбұлақтағы немесе аудан орталығындағы өнер нысандарының біріне талантты перзентінің атын беріп асқақтатса, өнерге өмірін арнаған тұлға тағылымының мәңгілікке бет бұрғаны емес пе?! Себебі сурет әлемінде ғана емес, санаға сілкініс жасаған марғасқа Мағауиясын қазақ әсте ұмытпауға тиіс!