Шыңылтыр аяздың бар ашуы ширыға шапшып, шыныдай жылтыраған көк мұздың бетінде жиналып қалғандай. Оң жақ артқы аяғын сылти басқан, бар болғаны екі қар басқан елік көз ұшындағы ойпаңға өскен шілікке асығып келе жатқан. Бесінге дейін жылқы табыны тебіндеген қыратта нәр жоқ өліқауды талғажау етті. Әлден уақытта шіліктің қурап қалса да ащылайтын бұтақтарына аңсары ауғаны. Сүт пісірім уақыт жүргенімен, жүрісі өнетін емес. Нәзік тұяқтары пышақтай өткір мұздың қырына кесіліп, сыздап адымын аштырар болмады. Қамшылар жақ беткейден кезіккен адамдарға да назар аударған жоқ. Талай көрген, тіпті жылқышының қолынан нан үзімін жеген. Түнеугүні күре жолдың бойына шығып кеткенде де өкпек жолаушылар дәмі тіл үйіретін ырыздық ұсынып еді. Бірте-бірте адамдарға еті үйреніп келе жатқан. Дарылдақ шана мінген адамдар таяп келгенде әлдене жапан даланы жаңғыртып, дүңк ете түсті де, қос өкпеден қадалған қорғасын оқтан байғұс елік мұрттай ұшты. Басына ақ ұлпа жамылғы ілген шілік біткен қарлы даладағы қанды оқиғаға таңырқай қарайтындай. Күн батыстан соққан өткір жел қапияда оққа ұшқан иен даланың еркесі – елікті жоқтап, ішін күңірене бір тартып алып, аза күйіне көшкендей. Әлгінде ғана құлаққа ұрған танадай тып-тыныш жалпақ жонда Сәкен әні құйылып тұрғандай. Бірде өзекті өртер өкінішпен ішін тартып: «Атты екен қандай адам көзі қиып...» дейді ме, қалай?..
Өңірдегі аңшылық алқап қазақтың жалпақ тілімен айтқанда құстың қанатын, тұлпардың тұяғын тоздырардай кең. Жалпы ауданы 12 миллион 343 мың гектарды құрайды. Оның денінде 161 аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылған. Резервтік қор – 229,1 мың гектар. Осынау жалпақ жонда, орман-тоғайлы, күміс көлді, кенезесі кепкен даланың шөлін қандырар үлкен-кішілі өзенді алқаптың 10 миллион 242 мың гектарында 1 385 аңшылық шаруашылығы бар. Әртүрлі меншік нысандарына 80 заңды және жеке тұлғалар иелік етеді. Түйткілді тұсы 1 миллион 870 мың гектар алқаптағы бекітілмеген 23 аңшылық алқабы. Әдетте, иесіз жерге жат пиғылды жандардың үйір келетіні бар. Аң-құстың қанды ауыз қарауылға жиі ілінетін жері де осы. Әй дер әже, қой дер қожа болмаған соң, айдалада жатқан батпан құйрықты қанжығасына байлағысы келіп ындыны кеуіп тұратындардың да балға үймелеген арадай ұйлығатын тұсы иесіз жатқан жерлер. Иесіздік кие, обал, сауапты да ұмыттырып тұр.
– Өткен жылы барлығы 37 әкімшілік материал толтырылды. 733 125 теңге айыппұл салынып, түгел өндіріліп алынды. Жануарлар дүниесіне келтірілген залал 1 миллион 294 350 теңгені құрайды. Жыл ішінде жануарлар дүниесі саласындағы заңнаманы сақтау бойынша 288 рейд өткізілді. Нәтижесінде, 4 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды, 14 қылмыстық іс қозғалды, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.
Сандықтау ауданының Маралды аңшылық шаруашылығы аумағында браконьерлер қабан атып алған. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 337-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Табиғатқа келтірілген зиян көлемі – 1 миллион 293750 теңге. 2023 жылғы 27 сәуірде Сандықтау аудандық сотының үкімімен С.Гмыря бір жыл алты ай мерзімге сотталды. Осы ауданның Балқашин аңшылық шаруашылығы аумағында браконьерлер тағы бір қабанды қарауылға ілген. Сот үкімімен В.Мельников бір жарым жылға бас бостандығынан, үш жыл мерзімге аң аулау құқығынан айырылып, «ИЖ-27» маркалы қаруы тәркіленді. Жақсы ауданында браконьерлер екі елікті атып алған. Өкінішке қарай, иен даланың ерке аңы – елік аулағандардың анықталмауына байланысты іс тоқтатылды. Наурыз айында Щучье қаласындағы бейсауат жүрген автокөлік тоқтатылды. Көліктің жүк салғышынан екі еліктің еті табылды. Құқық қорғау қызметкерлері аң еті мен автокөлікті тәркіледі. Кінәлі адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бәрінің түйіні біреу, ол – оңай олжаға қызығу. Ашкөздер сайын даланың сәніне айналған түз тағысының тұқымын тұздай құртып жіберуге бар. Алаш баласы киеліге санайтын ақбөкен де мылтық қарауылына ілініп жатыр. Жақсы ауданының Жаңаесіл ауылындағы Медеу көшесінің бойындағы бір үйдің ауласынан екі ақбөкеннің басы табылды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұндай оқиғалар туралы дабыл қағылып, ел ішінде түсінік жұмыстары жүргізілгенімен, аң көрсе аңсары ауып тұратындардың қатары селдірейтін емес.
Биыл да бірқатар заң бұзушылық анықталды. Атап айтатын болсақ, 6 қаңтар күні жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің инспекторы Д.Ахметов пен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің инспекторы Т.Берманов Шортанды ауданының аумағында браконьерлік фактіні анықтады. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 26 қаңтар күні Ақкөл ауданының Урюпинка ауылында заңсыз елік аулаудың оқиғасы тіркелді.
Биыл өңірде елік көп. Білетіндердің айтуына қарағанда, Сібірдің ит тұмсығы өтпейтін қалың орманынан ауып келген. Соңғы уақытта үш еліктің өлексесі табылды. Біреуі қаңғыбас иттерге жем болған. Міне, осындай келеңсіз көрініс туралы айта отырып, төл табиғатымыздың қойнауындағы баға жетпес байлықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек екендігін тағы бір мәрте еске сала кеткенді жөн көрдік.
Ақмола облысы