Оны шартараптың ғылыми ортасы таниды. Есімі тек елімізге ғана емес, әлемге де танылған. Өйткені жиырма жыл бұрын шұбат пен қызылша қосылған жаңа сусынды ойлап тапқан еді. Ол – алдымен шұбаттың құнарын қызылша шырынымен, кейін дала өсімдігі – құмаршықпен байыту жөніндегі ғылыми жаңалық ашқан микробиолог ғалым.
София Зұлқарнайқызының айтуынша, мектепте Хадиша апайының әр тақырыпты қызықты етіп өткізетіні биологияға қызығушылығын оятқан. «Ғылыммен айналысуды ойлап жүргенде Дина Абултаева апайым қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы микробиолог Майя Шығаевамен таныстырды. Танымал академик ғалым микробиология саласындағы ғылыми сүрлеуіме жол ашты. Ол ғылыми жобаларымның арасынан отандық ғылым үшін шұбаттың құнарлылығын қызылша шырынымен байыту жөніндегі жобама қолдау білдірді», дейді С.Сағындықова.
Оның пікірінше, шұбат пен қызылша қосылған шырынның адам денсаулығы үшін айрықша маңызы бар. Мәселен, шұбатты өздігінен ашытқанда, оның құрамына ауадан, түйе желінінен, ыдыстан түрлі микроорганизм түседі. Ал сүт микроорганизмдерді қоректік орта ретінде тез жетілдіреді.
«Кей адамдардың шұбат асқазанға жақпады, не ішегімізді қатырды дейтіні бар. Мұндай іш қату ішек таяқшаларының әсерінен туындайды. Демек, шұбат құрамындағы бөгде микроорганизмдер адам ағзасына кері әсер етеді. Шұбаттың тым майлылығы да адамның іш қатыруға себепші болады. Мұны болдырмаудың жолы бар ма? Майя апай екеуміз шұбатты тосын микроорганизмдерден тазалау үшін «Софмайя» деп аталатын шұбат пен қызылша шырынын араластырумен ашытылған сусынды дайындаған едік. Бұл сусынды дайындау үшін қазақтың ұлттық сусыны – шұбатқа қызылша шырынын қостық» деп әңгімеледі ғылыми жобасының маңызын София Сағындықова.
Әрине, жаңа жобаны жетілдіру үшін талай зерттеу жүргізді. Ал өндіру мәселесі кешеуілдей берді. Бірақ мақсатына жетуді көздеген атыраулық ғалым жобасын жолда қалдырмады. Тек мұнайлы өңірдегі шаруашылықтармен шектелген жоқ. Еліміздің әр өңірде, әсіресе, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында өндірілетін шұбат құрамын зерттеді. Шұбаттағы сүт қышқылы бактерияларын зерттеп, талай сынама алды.
«Зерттеу жүргізу – оңай атқарылатын, тіпті бір күндік жұмыс емес. Оның үстіне бұл жоба бабаларымыздан мирас болған ұлттық сусынның құнарын байытуға байланысты ғой. Сол себептен, шұбатты бүлдіріп алмауды көздедік. Шұбат ашытуға қолданылатын арнайы белгісі бар сүт қышқылы бактериясы мен ашытқы саңырауқұлағының штамдарын дайындадық. Штам – морфологиялық және биологиялық қасиеттері негізінде бірдей бір түрге жататын микроорганизмдер культурасы. Ұлттық сусын – шұбатты дәл осы тәсілмен ашыту асқазандағы тағамдарды қорытады. Адамның иммунитетін көтереді» дейді микробиолог ғалым.
Ғалымның пікірінше, қызылша шырынының адам ағзасын жақсартатын бірнеше себебі бар. Біріншіден, онда темір, флорий қышқылы бар. Екіншіден, бұлшық еттерге оттегінің тасымалдануын жақсартады. Үшіншіден, қызылша шырынын ұдайы қолдану нәтижесінде, атеросклероздың бастапқы сатысында есте сақтау қабілеті жақсарады. Төртіншіден, қызылша шырынында магнийдің көп мөлшерде болуынан жүйке ауруына, әсіресе, ұйқы бұзылғанда, тосыннан жүйке жүйесіне ауыртпалық түскенде пайдасы көбірек тиеді. Ең бастысы, бұл қан тамырларын кеңейтіп, гипертонияға тиімді әсерін тигізетін табиғи дәрумен ретінде есептеледі.
«Бұл шырынның қатерлі ісік ауруларына қарсы тұру қабілеті жөнінде зерттеулер жүргізіліп келеді. Әрине, бұдан аталған ауруды емдейді деген жансақ пікір туындамауы керек. Айтайын дегенім, қызылша шырынын тамақ рационына жиі қосатын болсақ, аурудан сақтандырумен қатар, ағзадағы холестерин мен улы заттарды азайтуға әбден болады. Бірақ қызылша шырынын табиғи күйінде ішу мүмкін емес. Өйткені бұл шырын дәмсіз. Сол себептен, оны шұбатқа қосудың тиімділігіне ғылыми тұрғыдан зерттеу жүргізіп, түйін жасадым. Шұбат пен қызылша шырыны бір-бірінің құнарлылығын толықтырып, адам ағзасына сіңімділігі артады. Мақсат – экологиялық таза шұбат сусынын шығару. Шұбатты ұзақ мерзімге сақтаудың жолдары жайында да зерттеулеріміз бар» дейді С.Сағындықова.
Профессордың «Софмайя» сусынына 2006 жылы ислам елдерінің ғылымы мен білімінің, мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне қолдау білдіретін ISESCO халықаралық ұйымының алтын медалі мен 5 мың АҚШ доллары мөлшеріндегі сыйақысы берілді. Микробиолог-ғалым ғылымдағы жетістігін мұнымен шектеген жоқ. Сүт қышқылы бактерияларын балықтың турамасында (фарш) қолдануды қолға алды. Енді «Түйе сүтінен ашытылған сусын жасау» тақырыбындағы жаңа патентіне ие болды.
«Жаңа ғылыми жобада түйе сүтіне құмаршық дәнін қосу арқылы құнарлы, шипалы сусын ұсынғымыз келеді. Үш жыл бұрын Нарын құмына барып, құмаршықтың дәнін жинап, зертханада өсіріп көрдік. Құмаршық – киелі өсімдік. Оның тамыры тереңге кететіндіктен, зертханада белгілі бір деңгейге дейін өсіп, тоқтап қалады екен» дейді София Сағындықова.
Ал жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, «Софмайя» сусынын шығару басталады. Осы мақсатта жоба авторы «Ғылым» қоры арқылы ғылыми зерттеу нәтижесін коммерцияландыру жобасы аясында гранттық қаржыландыруға ие болған.
«Бұл ғылыми жаңалық 20 жылға жуық зертханалық ізденістерде пысықталды. Халықаралық және қазақстандық конкурстарда талай рет жеңіске жеткен гранттық зерттеу жобасы екенін атап өткен жөн. Енді алғаш рет Маңғыстау облысында орналасқан «AGARGAN» ЖШС мен «Ғылым қорының» бірлесе қаржыландыруының нәтижесінде өндіріске шығару жоспарланып отыр. Өткен жылдың соңына қарай министрліктің Ғылым қоры, Х.Досмұхамедов атындағы университет және жеке серіктестік арасында келісімшарт жасалды. Жоба құны 403 миллион теңгеден астам қаржыны құрайды» дейді министр Саясат Нұрбек.
Министрдің пікіріне сүйенсек, түйе сүтіне қызылша шырыны қосылған «Софмайя» сусыны бизнес-серіктестіктің дистрибьюторлық желісі арқылы тұтынушыларға қолжетімді болады. Себебі аталған өнім адам ағзасына өте пайдалы, дәрумендері мол, сусамыр (қант диабеті) дертімен ауыратын науқастарға таптырмас өнім. Ана мен баланың өміріне қажетті тағамдық қоректерді беретін органикалық сусын ретінде ұсынылады. Еліміздің батыс аймағындағы түйе шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың сүт өнімдерін жаңа технологиямен өңдеп, сақталу мерзімін ұзарту көзделген. Бұл ішкі-сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті шырын болмақ.
Жаңашыл ғалымның бір арманы бар. Бұл – еліміздің ғылыми жетістіктерінің қатарынан орын алған авторлық сусынды ұнтақ немесе таблетка түрінде шығару. Бұл өнімнің сақтау мерзімі ұзарып, тиімділігі арта түсуіне ықпал етеді екен.
Атырау облысы