Экономика • 15 Ақпан, 2024

Алтын, күміс тас екен... Әлем экономикасын қай металл құтқарады?

288 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бағалы металдар ішінде алтын мен күміс айрықша бағаланады. Сонау көне заманнан бері халық алтын мен күмісті байлықтың көзі ретінде қараған. Бұл екі металл да тек әшекей бұйым емес, өзінше бағалы болғандықтан, ұзақмерзімді инвестицияда олардың алатын орны ерекше.

Алтын, күміс тас екен... Әлем экономикасын қай металл құтқарады?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Әдетте адамдар экономикалық дағдарыс, соғыс болмаса геосая­си шиеленіс кезде алтын мен күмісті сатып алып жанталасады. Сол секілді қымбатшылық жайлап, инфляция өскен уақытта да алтын мен күміс жинайды. Осы тұста инвестициялық перспективада немесе қорға сақтауға қай металл көбірек тиімді деген сауал туындайды. Оның сырын ашу үшін алдымен екі металдың экономикадағы салмағын, ақша-несие саясатындағы дәрежесін ажыратып алу керек. Сонда әр адам қазына жинағанда немесе бо­лашақ инвестиция үшін қай­сы­сын көбірек таңдау керек­тігін біліп жүреді.

 

Құны төмен болса да...

Рас, алтынға қарағанда күміс­тің құны төмендеу. Қара­пайым ха­лыққа да алтыннан асқан баға­лы бұйым жоқ. Дегенмен күміс бүгінде қолайлы инвестиция көзіне айналып отыр. Бір жағынан төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде күмістің өндіріс са­ла­сындағы маңызы артты. Мә­се­лен, электр, жылу өткізу тех­но­логиясында күміске тең келер металл жоқ. Осы күнде жер бетінде табылған күмістің 50 пайы­зы ауыр өнеркәсіп пен басқа да технологияларда қолданылып жа­тыр. Соның ішінде жартылай өткізгіштер, ұялы телефондар, панельдер, көліктің электр жүйелері, күн панельдерінің ұяшықтары, ядролық реакторлар мен батареялар, стоматологиялық жабдықтар, фотоаппарат, LED, RFID микросхемалары өндірісі мен технологияларында кеңінен пайдаланылады.

Вашингтон қаласында ор­налас­қан Күміс институтының мәлі­ме­тінше, бұл металды қажет етпей­тін өнеркәсіп саласы өте аз. Сон­дықтан күмістің эконо­ми­кадағы кез келген құбылысқа әсері күшті. Экономика өсіп, өн­діріс жанданса күміске деген сұ­раныс та артып, нәтижесінде бағасы қымбаттайды. Өсім бәсең­деп, өндіріс саябырситын болса, күмістің де бағасы түседі. Сон­дықтан экономикалық хал-ахуалмен тығыз байланысты бол­ған­дықтан, күмісті бағалы металл ретінде сақтау көбіне тиімсіз. Өйт­кені жоғарыда айтқаны­мыз­дай, дағдарыс кезінде өз құнын жоғалтып алуы мүмкін. Қалай болғанда да күміс өнеркәсіптің ажырамас бөлшегі болып қала береді.

Төртінші өнеркәсіптік революция енді басталып, соның аясында дамып жатқан технология­лар өндірісінде күміс аса қажет болғандықтан, бағасы жылдан-жылға өсіп келеді. Сол себепті ма­мандар экономикалық жақтан ұзақмерзімді инвестицияда на­ғыз табыс әкелетін құрал деген баға беріп отыр. Соған қарай адам­дардың да күміс бұйымға қызы­ғушылықтары күннен-күнге артып барады.

 

Инвесторлар алтынға құмар

Алтын жөнінде бұлай айта алмаймыз. Өйткені оның қолданыс аясы ауқымды емес. Көбінесе ол әшекей бұйымдар мен қорда сақ­талып тұратын бағалы металл ретінде ғана жүреді. Бұл ме­талл көп жағдайда өзара сауда-саттықта ақша есебінде қолда­ныста жүр. Инвесторлардың көбі оны байлықтың қайнар көзі деп біледі. Өйткені қандай жағдай болса да, қанша уақыт өтсе де, алтын өзінің құнын жоғалтпайды. Көне заманнан бері алтын түрлі соғыс пен қақтығыстарда немесе экономикалық қиын жағдайларда байлықты сақтайтын ең сенімді қазына, бағалы қор деп есептелді. Сондықтан қалталы азаматтар алтынды өндіріс, қызмет нары­ғын­дағы толқыныстарға төтеп беретін, тұрақсыздықты сабасына келтіретін құрал деп түсінеді. Алтынның құны экономикалық дағдарыс кезінде өсіп отырады. Мәселен, әлемді дүр сілкіндірген пандемиядан кейін алтынның бағасы күрт өсті. Алтын құнының одан әрі шарықтауына кейінгі жылдары әлемнің әр түкпірінде болып жатқан геосаяси түйткілдер де себеп болып жатыр.

Инвесторлардың біразы қазы­на­сын алтынмен толтырғанға құмар. Сөйтіп, алтынның көмегі­мен құны түсіп кеткен акцияларды арзан бағада сатып алуға асығады. Әрине, кейін экономика қалпына келгенде ол акциялардың бағасы көтеріледі. Тіпті жаңа акционерге қыруар табыс та әкелуі мүмкін. Мамандардың пікірінше, экономикалық дағдарыс тұсында акцияларды сатпай ұстай тұрған жөн екен, керісінше ондай кезде акцияларды сатып алу ұтымды бағыт саналады. Сол үшін дағда­рыс қыспаққа алып тұрса да, алтын қоры бар азаматтың асығы алшысынан түседі.

 

Күмістің бәсі жоғары

Ендеше алтын мен күмістің қайсысын көбірек сақтаған дұрыс деген бастапқы сауалымызға жауап іздеп, салыстырмалы түр­де өткен тарихқа шолу жасап көргіміз келеді. 1925 әлемдік на­рықта алтынның 1 унциясы 20 доллар болған. 2020 жылы ол 1893 долларға көтерілді. 95 жылда ба­ғалы металл жылдық 5 па­йыз шама­сындағы табыс­пен өсіп отыр­ған. Ал 2023 жылы алтынның 1 унциясы 2100 дол­лар­ға шыққан.

Күмісті алсақ, 1925 жылы оның 1 унциясы 0,68 доллар тұрған. 2020 жылы 17 долларға көтеріліп, 95 жылда жылдық 3 пайыздан аса табыспен өскен. Өткен жылдың соңында оның бағасы 24 долларға тұрақтады. Демек сарапшылардың есе­бін­ше ұзақмерзімді инвестиция, салым үшін күмістен гөрі алтын дұрыс.

Алтынның орнын ешқандай металл баса алмайды. Бірақ өнер­кәсіпте күмістің бәсі дәйім жо­ғары тұратынын да қаперде ұстау керек. Себебі индустрияландыру дәуірінде бұл металсыз технологияларды дамыту мүмкін емес. Сондықтан экономикалық тұрғыдан күміс әрқашан өзінің бағасын жоғалтпайды. Ал алтын, керісінше, өнеркәсіп саласында керекті шикізат металы ретінде көп қолданылмаса да, бағалы қасиеті үшін мейлі қанша дәуір өтсе де, экономикалық небір шырғалаңдар болса да, құнын сол күйінде сақтай бермек.

 

ШЫМКЕНТ