Ең алдымен, ауыл еңбеккерлері шығындарын субсидиялау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылу керек екенін жеткіздім. Агроөнеркәсіп кешендеріне тиісті назар аударылса, халықтың тұрмыс сапасы біршама жақсарып, жұмыссыздық азаяр еді.
Сонымен қатар халыққа ауыр соғып отырған тағы бір мәселе – өңірдегі қолдан жасалған тапшылық пен қымбатшылық. Науқан кезінде ауыл шаруашылығына ауадай қажет шикізат бағасының негізсіз артып кететіні халықтың шамына тиіп болды. Оған азық-түлік бағасы мен коммуналдық қызмет төлемінің қымбатшылығын қосыңыз. Депутаттардың осы маңызды мәселені шешуге белсене атсалысуын сұрадым.
Сондай-ақ қазыналы қарттарымызға да ерекше назар аудармаса, болмайды. Жоғарыда айтқан қымбатшылық бұл кісілерге екі есе ауыр тиетіні жасырын емес. Сондай қиындықтардың бірі – айыппұлдар. Көлік тізгіндеген ақсақалдар жол ережесін сақтағанымен, кейбір болмашы белгілерді аңғармай қалады да, үлкен көлемдегі айыппұлдарды төлеуге мәжбүр болады. Менің ұсынысым, қарттарға салынатын сол айыппұлды азайтсақ дер едім.
Ұлтты жаңа сапаға көтеретін – оның ішкі руханияты мен мәдениеті. Қоғамды алға жетелейтін дәл осы құндылықтарға айрықша мән беруіміз қажет. Қазақ халқы ежелден салт-дәстүрге ерекше қарап, әрбірін керек жерінде орындап, сақтап отырған. Бұл – ұлтқа рух беріп, оның ішкі-сыртқы келбетін өрнектеп көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Осы орайда жастар тәрбиесіндегі жүгенсіздік мені ерекше алаңдатады. Бізге ұлттық танымды қайта қалыптастыру керек. Мектептегі баладан мемлекеттік қызметшілерге дейін орысша ойланатын азаматтар ұлтына қызмет ете алмайды. Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады.
Бұған қоса қаракөз қыздарымыздың шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығуы жиілеп барады. Бұл да – ұлттық генофондымызға туатын қауіп. Сол себепті бұл мәселенің алдын алатын арнайы заң шығарылу керек деген ұсынысымды жеткіздім. Сөзден іске көшетін уақыт жетті. Сондықтан депутаттар уақытты халықпен кездесуге емес, халықтың мәселесін шешуге жұмсағаны жөн.
Оңдасын НАЗАРОВ,
«Ұлы дала ауылдары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Түркістан облысы