Аймақтар • 15 Ақпан, 2024

Боранды түнде босанды

123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қысы жайлы, қар ұзақ жатпайды дейтін Түркістан өңірі тұрғындары үшін биылғы қаңтар мен ақпан боранды күндерімен, сықырлаған аязымен де ерекшеленді. Әсіресе, таулы аудандарда ауа райы аяқ астынан құбылып, жапалақтап жауған қарды жел көтеріп, аяғы алай-дүлей боранға ұласқан күндер көбейді.

Боранды түнде босанды

Тау етегіндегі ауылдарға барар жолдар жабылып, электр жарығы өшкен, көгілдір отыннан ажыратылып, әп-сәтте әбі­герге түскен жұрттың үйден шықпай боранның басылуы­н күтуден басқа амалы болмас. Бірақ... Түнгі екіден кейін толғағы қатты қысқан Төлеби ауданы Алатау ауылының тұр­ғыны Жанна Сәрсенова жедел жәрдем шақырады. Же­дел жәрдем көлігі ауылға жа­ындағанда қалың қардан шыға алмай қалған. Жүргізушіні қалдырып, өздері қажетті жаб­дықтарымен жаяу кеткен жедел жәрдем қызметкерлері аяғы ауыр келіншекке тиісті кө­мек­ті көрсетіп үлгерген. Айы-күні жетіп отырған келін­шек­ті пер­зентханаға уақ­тылы жеткізе алмайтын болған­дық­тан, үй жағ­дайында телефон жа­рығымен босандырып алыпты. «Бес ұлым бар. Қызымның борандатып дүниеге келгені ұмытылмайтын болды. Жедел жәрдем келген соң, 5-10 минуттан кейін босандым. Бораннан шыға алмадық», дейді көпбалалы ана.

впр

«Үй тас қараңғы, газ жоқ болғандықтан суық еді. Пер­зентханаға қажетті уақытта жете алмайтынымызды білген­діктен, жолда нәрестені жау­ра­тып алмау үшін үйінде бо­сандыруға тура келді. 03:27-де үйінде бо­сандырдық, дүниеге қыз келді», дейді Төлеби аудан­дық №12 жедел жәрдем бе­кетінің фельдшері Ербол Сартаев сол түнді еске алып.

Жедел жәрдем мамандары қайта жолға шығу қауіпті болғандықтан, төтенше жағдай қызметкерлерін күтіп, тек 1 жарым сағаттан соң перзентханаға шыққан.

«Шақыру бойынша шығып бара жатқанымызда жолдарды қар басып қалған еді. Өзім жол салып бардым. Бірақ көр­сетілген мекенжайға жете алмай қалдық. Фельдшер жігіттер «керек затымызды алып кете берейік, сіз шығып артымыздан келіңіз» деді. Таулы аймақ болған соң ауа райының күрт өзгеретінін білеміз, күрек салып алғанбыз көлікке. Жолды тазалап, бұлардан соң 20 минуттан кейін бардым», дейді жүргізуші Асан Алтаев.

Бүгінде бес ұлдан кейін дүниеге келген Ақниет есімді сәбидің жағдайы жақсы. Дәрі­герлер денсаулығына тө­не­тін қауіптің болмағанын айтады.

«Нәресте салмағы 3,3 кило, бойы 54 см болып жарық дү­ние есігін ашты. Бұл кісі не­гізі перинаталды орталықта босануға тиіс. Бірақ толғағы тез арада үдеп, үлгермей қал­ды. Бораннан шыға алмай қалды. Нәрестесінің де, өзінің де жағ­дайы жақсы күйде жет­кізілді. Келгелі бері еш­қан­дай ауытқулары жоқ. Ба­ласын емізіп, өзін жайлы сезі­неді», дейді перзентхана бө­лімі­нің мең­герушісі Жанат Нұ­рым­бетова.

Осылайша, боранды түнде шақыртуға барған аудандық №12 жедел жәрдем бекетінің қызметкерлері Ербол Сартаев, Асан Алтаев, Пернебек Нұр­жан қолайсыз ауа райына қара­мастан, аяғы ауыр анаға шұғыл көмек көрсете білді.

Айта кетелік, жыл басынан бері Леңгір перзентханасында 78 бала дүние есігін ашқан. Ал боранды күні 4 әйел босанған. Оның үшеуі – қыз, біреуі – ұл.

 

Түркістан облысы